Сенбі, 02 тамыз, 16:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№57,2170
02.08.2025
PDF мұрағаты

Жаныңда жүр жақсы адам

02.08.2025

42 0

«Жақсының жақ­сы­лығын айт, нұры тасысын» дейді хал­қымыз. Қайным Айдар­хан Алтын­бек­ұлын жақ­сы кісі­лердің қа­тарына қосар едім. Ол кісі сырт көзге біртоға, тұйықтау көрін­генмен жақын келіп әңгімелессең  жүрегі таза, сөзге шебер, тарихты да, ше­жірені де әріден қоз­ғайтын білім­ді азамат. Тек­тілігі арғы бабаларына тартқаны сезіледі. Меңдіқұл бабасы атақты би болған. Сол себепті әулетіміз «Биатаның балалары, ұрпақтары» деп  аталыпты.

Биатам ел билігін ұстап еді,

Адамдықтың ақ туын жықпап еді,

Тектіліктің тектісі бабаларым,

Ұрпағына түзу жол нұсқап еді.

Ал Құдайберген атамыздың бес ұлы бір шаңырақта өмір сүрген. Олар бір қазаннан ас ішіп, іргесі бұзылмай, жапсарлас салынған үйлерде тұрған. Олар киіз үй жабдығын жасайтын, егін егіп, мал бағып, балық, аң аулап, тіпті мылтық жасайтын шебер-ұсталар болыпты. Тіршіліктің арқасында ауқатты болғандықтан туған-туыс, жақын-жуық ағайынның  жанашыры болған. Сейдахмет атамыз бен Қапша әжеміз басшылық жасап, қамқор болуының нәтижесі екенін көнекөз кісілер айтады.

Соғыс  басталысымен 23 маусым 1941 жылы қайнағам Алтынбек, кейін 1942 жылға дейін Сейдалы, Асан, Әліқұл майданға аттанады. Бала шағалары Сейдахмет атамыздың қамқорлығында қалады. Әйелдері, балалары колхозда еңбек етеді.

Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай Алтынбек қайнағамның Отан соғысында көрсеткен  жауынгерлік ерлігін  ұлықтап, қаламыздан бір көшенің атын беруге  шешім шыққаны бізді қуантып отыр.

Білімге жастай құмар болған Алтынбекұлы Айдархан  жастайынан эпос, лиро-эпос жырларын өз бетінше оқып үйренген зерек, кітапқұмар бала болып өсті. Сол кездің классик жазушылары Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» кітабын басына жастап оқып, жаттап алуға әзір оқушы болды.

Айдархан өмірінің әр күніне үлкен мақсат қойған, болашақты ойлай білетін, жақсылыққа сеніммен қарайтын, адамгершілік пен ақыл-парасатты бойына сіңіре білген азамат болып өсті. Ешкімнің ала жібін аттамай, туған-туыс, ағайынға көмек қолын ұсынатын әділ, ақ жүректілігімен ерекшеленді. Жұмыста абыройлы да  білгір маман болып қалыптасты.

Еңбек жолында 1971-1975 жылдары №11 авто­базада механик болып бастап, автоколонна бастығы лауазымына көтерілді. 1973 жылы партия қатарына қабылданып, 1975-2003 жылдары «Риссовхозстрой» тресіне қарасты №2 автобазада 28 жыл абыройлы еңбек етті. Механик, шеберхана жетекшісі, гараж меңгерушісі, автоколонна басшысы, бас инженер, 14 жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы (парторг) болып қоғамдық жұмысын қоса атқарды. 1972-1975 жыл­дары Қызылорда қалалық коммунистік партия комитетінің жанындағы үш жылдық марксизм-ленинизм университетін бітіріп, 1989-1994 жылдары қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. 2003-2013 жылдары «Достық ойл» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінде өндірістік цех басшысы қызметінде болып, 2013 жылы құрметті зейнет демалысына шықты.

Еңбек жолындағы ең жоғары баға – халықтың құрметіне, елдің ыстық ықыласына, ағайын-туыс­тың алғаусыз алғысына бөленді. Ұзақ жылғы авто­көлік саласында атқарған адал еңбегі жоғары баға­ланып, «Қазақстанның құрметті автокөлікшісі» төсбел­­гісімен, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері», «Автокөлік саласына – 80 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Қаламыздың өсіп-өркен­деуіне үлес қосқан Айдархан Алтын­бек­ұлына «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы  берілсе екен.

Құдай қосқан зайыбы Сара келінімізбен отасып, 50 жылдық алтын тойдың куәсі болып отырмыз.  Бүгінде қазыналы қарт, әулетіміздің басшысы болып, өмірге әкелген үш перзентінен немере сүйіп отырған берекелі шаңырақ. Айналасы толған ағайын тума-туыс, құда-жекжаттар ұлттық дәстүрді, ата-баба жолын құрметтеп, өмірдің тәттілігін, қызықшылығын көру үшін адал еңбекпен өмір сүру қағидасын ұран етіп келеді. Тамырын тереңге жайған Биатаның ақ туын жайқалтып отырған әулеттің данагөй жанашыры Айдархан қайнымды қосағымен жүзге келіп, шөбере, шөпшек сүйсін деген тілек айтқым келеді.

Алтын Қалиәкбарова,

зейнеткер

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: