Шынында, күнделікті өмірде адам кімнің кім екенін де ескере де бермейді. Қарбаласқан тіршілік оны ойлап ескеруге де, елеуге де мүмкіндік бермейді, көңіл бөлмейді.
Бүгінде қоғамда бір-біріне жылы сөз айтатындар азайды. Адамдардың бәрі ашуланшақ. Үнемі қабағы ашылмай, тұнжырап жүреді. Олардың көңілдеріне қаяу түсірмей, көңіліне қарағанды сезінбейтіндер бар. Тәкаппарлық, менмендік басым.
Өмірімізде қанша жамандық, қанша жақсылық болса, оның барлығы адамның ықпалымен болады. Еш нәрсе ешқашан өздігінен болмайды, бәрі-бәрі адамның қолында. Жүрегімізді жылататын, күлдіретін – адамның өзі, сөзі. Өмір сүріп жатқан ортамызға жағымды және жағымсыз өзгеріс енгізетін – адамның іс-әрекеті.
Шетел ғалымы Х.Марти: «Адам бола білу – ең қиын мамандық», – дейді. Өмірге адам болып келіп, адамдық қасиетімізді бойымыздан жоғалтпау әр адам үшін парыз. Жақсы адамдар азайып барады. Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі психологтардың да әңгімесі тек өзіңді ойла дегенге саяды. Иә, өзімізді ойлаған жөн-ақ, бірақ адамгершіліктен аттамай, басқа жанның жүрегіне қаяу түсірмеу керек. Біздің де ұстаным – адамдарды жақсы болуға шақыру, жақсы адам болып қалуға үндеу. Осы мақсатта газет бетінен «Жүрек кілті» айдарын ашып отырмыз. Жаңа жылды өзгерістен бастайық. Адамдарға жақсылық жасап, өзгенің алғысын алғанды жөн көрейік. Адамдардың жақсы жаққа қарай өзгеруіне сеп болсақ, біздің де титтей де үлес қосқанымыз. Алдағы уақытта жүрек түкпіріне жетер әдемі әңгімелер, психологиялық кеңестер жариялап тұрғанды жөн көрдік. Құрметті оқырман, сіздің де айтар ойыңыз болса, бізге хат жолдаңыз…
Біз жіберетін қателік: «Әр нәрсенің шегі бар» екенін білмеу…
Алтын жүректі, кең пейіл болған жақсы. Бірақ та адамның өмір жасы өлшеулі сияқты, әр нәрсенің өз шегі бар. Шектен асқан жамандық та, жақсылық та – зиян. Таразы басын тең ұстау керек. Мысал: Түбекке гүл отырғызыңыз да оған су құйып, күтім жасап баптаңыз. Баптау деген не? Су құю, күн көзіне шығару, шаңын сүрту, топырағын қопсыту… Егер сіз гүлге күнде су құясаңыз не болады? Гүл шіриді. Егер гүлдің топырағын күнде қопсытсаңыз не болады? Гүл тамырын зақымдап алуыңыз мүмкін. Егер гүлді күні бойы күн астында қалдырсаңыз не болады? Өледі!
Екінші қателік: Жан дүниенің «есігін» үнемі ашық қалдыру…
Жантану мамандары көбінесе адамды үйге теңейді. Иә, сіздің жан дүниеңіз – үйіңіз. Есігі ашық үйге кім болса сол кіріп ақтарып, шашып, ластап, тіпті тонап та кетеді!
Мысал: Бір әйел данышпан қарттың үйіне келеді. Жылап отырып, басындағы жағдайды баяндайды.
– Қалай өмір сүрерімді соңғы кезде білмей қиналып жүрмін. Барлық адамға шамам келгенше тек жақсылық жасап едім. Адал, шыншыл болдым. Қайтарымын күтпей-ақ танымайтын адамдарға да жақсылық істедім, қиналғанға көмектестім. Алайда олар жақсылығымды жамандықпен қайтарды. Өзімді кінәлады. Бұл әділетсіздік емес пе? Мен сонда не істеуім керек, маған ақыл айтыңызшы!
Данышпан қарт: – Киіміңізді түгел шешіп жалаңаштанып көшеге шығыңыз, – дейді.
– Не айтып отырсыз? Ұялмайсыз ба, әлде мені күлдіру үшін әзілдеп отырсыз ба? Киімсіз көшеге шықсам, бәрі күлмей ме?! – дейді әйел.
Данышпан қарт: – Жалаңаш көшеге шығудан қорқып отырсыз. Ал жаныңызды жалаңаштаудан ұялмадыңыз ғой, оның есігінен танитынды да, танымайтынды да кіргізуден қалайша қорықпадыңыз? – деп күрсінеді.
– Мен ешкімді үйге кіргізген жоқпын, – деген әйелге данышпан:
– Жаныңыз – үйіңіз. Жаныңыздың есігі айқара ашық жатыр. Кез келген адам кіріп-шығып жүр. Біреуі бұл «үйіңіздің» төріне аяқ киімін шешпей-ақ шықты, бірі жалғыз өзі кірмей басқаларды да ерте келді. Сөредегі кітабыңызды жыртты, ыдысыңызды сындырды. Бірақ оларға кіруге өзіңіз рұқсат бердіңіз ғой. Сондықтан өзіне айта алмай, іштей ренжіп ашуланасыз.
– Сонда мен не істеуім керек?
– Бері жүр, – деп данышпан әйелді бақшасына ертіп келеді.
– Мынау жайқалған гүлдерді көрдің бе? Гүл егіп жатқандар көп, бірақ барлығының еккені гүл ашып жайқала бермейді. Ерекше күтім жасап, су құйып, қамқор болғанда ғана өсімдік гүл ашады. Дәл сол сияқты сен де саған қамқор болған адамға ғана жан дүниеңнің есігін аш. Ал жапырақтарыңды жұлып, аяққа таптайтын, солдыратын адамдарға жан жүрегіңнің есігі жабық болсын. Қарашы, бақшадағы гүлдер кешқұрымда күлтешесін жинап жабылады, ертеңіне күн сәулесін төккенде қайта ашады. Үнемі жапырағы жайқалып тұрған гүлді көрдің бе? Жалпы, қандай да бір қиындыққа тап болып не істеріңді білмегенде табиғатқа қара. Табиғаттан қалай дұрыс өмір сүрудің де, басқа да сұрақтарыңның жауабын таба аласың, – дейді данышпан.
Есте сақта: Басынан сипаған адамыңыз басыңызға шығып алмас үшін, «жақсылығымды түсінбеді» деп өзгеге, ал «жақсылығым неге жамандық боп қайтты?» деп өмірге ренжігіңіз келмесе, екі-ақ ережені ұстаныңыз.
Бірінші ереже: Адам=Гүл. Шамадан артық су құймаңыз!
Екінші ереже: Адам=Үй: Үйіңізге кез келгенді кіргізе бермеңіз!
Дайындаған Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!