Сейсенбі, 13 қаңтар, 04:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Жаппай мал ауруы тарады ма?

13.01.2026

50 0

Соңғы күндері Жалағаш ауданы тұрғындарын төрт түліктен жұқпалы ауру тарады деген ақпарат дүрліктірді. Мал шаруашылығы тіршіліктің өзегіне айналған халық үшін бұл елең еткізер жағдай екені белгілі. «Мал саулығы – ел саулығы» деп санаған жұрттың алаңдауы да орынды. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтті. Брифингке облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Сұлтанбекұлы қатысты.

Қаңтардың 5-і республикалық 31 телеарна­сында «Жалағашта жаппай мал қырылып жатыр» деген ақпарат тарады. Аудандағы мал ауруы туралы оқиғаға Жалағаш аудандық аумақтық инспекциясы, ветеринариялық станция мамандарынан құралған арнайы топ өкілдері жеке тұлғаға тиесілі аумаққа барып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген. Малдың жай-күйін анықтау мақсатындағы зерттеу барысында ауырды деген малдардан қан сынамалары алынған. Ауа райының күрт суытқанынан төрт түліктің жай-күйі төмендеді деген күдікпен олардың жем шөп, суынан да сынамалар алынып зертханаға өткізілді. «Жаппай мал ауруы болып жатыр» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» – деген Шахмардан Қойшыбаев қазіргі таңда эпизоотиялық ахуал тұрақты екендігін жеткізді.

– Жалағаш кентінің тұрғындары Ф.Бей­сено­ва­ның 8 бас мүйізді ірі қарасы мен Қ.Жолдыбаев­тың 7 бас мүйізді ірі қара малдары арнайы базаға тіркеліп, аса қауіпті ауруларға қарсы алдын ала екпе егілген. Бұл ретте бейнекөрсетілімде айтылғандай, мал жаппай қырылып, шығын орын алмаған. Қазіргі таңда күлдірік стоматит, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, аусылдың құрылымсыз ақуызы ауруына сынама алынып ветеринариялық зертханаға өткізілді. Аталған аурулардың клиникалық белгілері бір-біріне ұқсас. Ветеринар мамандар шұғыл әре­кет жасап, мал иелерінің қора жайларына залал­сыздандыру жұмыстарын жүргізді, – деді ол.

Осы мәселеге байланысты қаладағы төрт түліктің жай-күйі туралы қалалық ветеринария станциясынан сұрап білдік. Қызылорда қала­сында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақ­сатында 10 түрлі жұқпалы ауруларға рес­публикалық бюджет есебінен өткен жылы 266,9 мың доза ветеринариялық препараттар ауылдық округтер мен кенттер бойынша егу жұмыстары жүргізілген. Малға уақытылы егу, ветеринарлық паспорт беруді, тағы да басқа жұмыстарды оңтайландыру үшін «Tort Tulik» мобильді қосымша іске қосылған.

– Осының арқасында ветеринарлық профи­лактикалық іс-шараларды толық көлемде жүргізуге мүмкіндік алып отырмыз. Қала бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты. Алдағы уақытта ветеринариялық бақылаудан өткен етті сату және сатып алу үшін «Tort Tulik» қосымшасына «sogym.kz» бөлімі ашы­лады. Сондай-ақ «vet.market» бөлімі арқылы ветеринариялық қызметтерді алу және жария­лау мүмкіндігі туады. Бұл қосымша мал шаруа­шылығымен айналысатындар үшін ақпараттық жаңашылдық десем артық айтқаным емес. Қосымшада ветеринария саласының соңғы жаңа­лықтары мен алдағы егу жұмыстары тағы да басқа ақпараттар жарияланады, – дейді қалалық ветеринария станциясының басшысы Бауыржан Жәдігеров.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: