1 маусым – Балаларды қорғау күні. Бұл кішкентай тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын күн ғана емес, аға буынның бала алдындағы жауапкершілігіне есеп беретін күн десек артық айтқандық емес. Балаға жағдай жасау ең алдымен оның құқын қорғаудан, қауіпсіз орта қалыптастырудан басталатыны белгілі. Балаға көңіл бөлу, қамқорлық жасау бір күнмен бітетін шаруа емес екені де белгілі. Осы орайда, Қызылорда облысы бойынша бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғановамен
сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жақсыгүл Қоханқызы, кейінгі кезде бала құқығын қорғауға ерекше мән беріле бастағаны қуанатын жағдай. Бұл мақсатта әр аймақта бала құқығын қорғайтын уәкілдер жұмыс істеуде. Ең алдымен, бала құқығын қорғайтын уәкілдің міндеті туралы айтсаңыз…
– Бала құқығы – басты құндылық. Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан басталады. Бала қашанда ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж екенін ескерсек, бұл заң жүзінде реттеліп, бекітілуі тиіс. «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекен-жайына қарамастан барлық баланың құқығы тең.
Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен әр аймақта 2022 жылдың тамызынан бастап бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді.
Уәкілдің негізгі мақсаты – балалардың құқығын заң жүзінде қорғау, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл барысында балалардың бұзылған құқығы мен бостандығын қалпына келтiру. Балалардың мәселесі ата-аналармен, жеке тұлғалармен, мемлекеттік орган, мемлекеттік ұйымдармен бірлесе шешіледі.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын ілгерілетуге қатысады.
Бала – біздің үкілі үмітіміз, жарқын болашағымыз. «Барым балам үшін» деген ұстаныммен өмір сүрген халқымыз үшін, көзіміздің қарашығындай болған бүлдіршіндердің бейбіт күнде қауіпсіз өмір сүруі, әр күнін шаттыққа толы етіп өткізуі – бүгінгі аға буынның, қоғамның алдында тұрған басты міндеттің бірі. Сол себепті де біздер барынша балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта балаларға тиісті күтім мен қамқорлық жасалуына жұмыс жүргізудеміз. Бұл бағытта елімізде жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық мүмкіндік қарастырылып келеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өкілеттіктерді жүзеге асыру барысында облыстағы балалар құқықтарын, мүдделерін қорғау, ведомоствоаралық байланыс орнату, балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын-алу шараларын жүргізу, балаларды әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер көрсету мен әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру – басты мақсатымыз.
– Балаға қамқорлық жылы сөзбен бітпейтіні белгілі. Осы орайда өңірде балаға қамқорлық жасаудың үлгісі іс нәтижесімен байқалады. Бүгінгі ата-ана «балам бос уақытын қайда өткізеді, қайда барады?» деп бас қатырмайды десек артық айтқандық емес…
– Дұрыс айтасыз. Аймақта балаларға қамқорлық пен қолдау жасау бағытында нақты шаралар жүзеге асуда. Облыс орталығында жақында ғана балаларға арналған «Сыр жұлдыздары» жаңа шығармашылық инновациялық академиясы ашылды. Бұл академия бір мезгілде 5, ал тәулігіне 3 мың оқушыны қабылдай алады. Орталық ғимараты ғылыми-техникалық, спорттық-сауықтыру және жүзу бассейндеріне арналған блоктарға бөлінген. Мұнда ғылым, инженерия, шығармашылық, өнер, тарих, өлкетану, цифрлық технологиялар мен спорт бағыттары бойынша 40-қа жуық үйірмелер жұмыс істейді. Академия болашақ ғалымдарды, өнертапқыштарды, әдебиет пен өнердің жарық жұлдыздарын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады деп сенемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен білім беру саласында көптеген кешенді шара жүзеге асуда. Оның ішінде балалардың тұлғалық және зияткерлік дамуына бағытталған қосымша білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде.
Балалар игілігі үшін соңғы үш жылда Қызылорда облысында 3 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі пайдалануға берілген. Биыл өңірде тағы 200 орындық оқушылар сарайы мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыс орталығында 300 орындық жазғы демалыс лагері бой көтеруде.
Ел аумағында 1713 мектептен тыс ұйым жұмыс жасайды. Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде ауыл мектептерінде 1 мың комьюнити-орталық ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру ұйымын іске қосу жоспарланған. Осы аталған ауқымды жобалардың барлығы да – балаларымыздың жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан игіліктер.
Алдағы уақытта да балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында көптеген жоспарлы жұмыстар бар. Бұл игілікті істер болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына мол септігін тигізері сөзсіз.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халқымыз бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған зор міндет – білім беру сапасын арттыру, бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Осы бағытта өңірімізде жеткіншектердің сапалы білім алуына, шығармашылықтарының шыңдалуына барлық жағдай жасалуда.
– Бала құқығын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз?
– Адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасы оның алған тәлім-тәрбиесімен сипатталатынын ескерсек, әрбір баланың моральдық дамуы үшін қамқорлық жасау – бүгінгі күннің басты міндеті, сондай-ақ алдағы күннің талабы.
Соңғы он жылда балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыс атқарылды және жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне байланысты туғанға дейін де, туғаннан кейін де қашанда арнайы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж. Біз оларды құқықтық тұрғыда әрдайым қорғауымыз қажет.
Облыс әкімінің 2024 жылғы 30 шілдедегі №174 өкімімен Қызылорда облысы бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі лауазымына тағайындалдым. Уәкіл ретінде менің негізгі міндетім – қоғамда орын алған келеңсіз оқиғалар кезінде зардап шеккен тарап пен мүдделі мемлекеттік органдар арасына дәнекер болып, бала құқығының қорғалуына жағдай жасау.
Бұл лауазым – мен үшін үлкен жауапкершілік пен сенім. Осы орайда, ең алдымен әлеуметтік әріптес, серіктес мекемелерге тоқталып өткенді жөн көрдім. «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ашылған уақыттан бастап М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжімен сенімді әріптестік, серіктестігіміз жыл өткен сайын нығая түсуде. Сонымен қатар «Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен, «Қамқорлық» дағдарыс орталығымен бірлескен көптеген шаралар атқарылды. Түрлі тақырыптарда семинар-тренингтер, танымдық-тәрбиелік шаралар жүргізілді, ата-аналармен ашық алаң өткізілді.
Екінші бір жұмыс бағытым – Қызылорда облысы бойынша «Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері» жөніндегі білім беру ұйымдарында асхана және тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топ құрамында зерделеу жұмыстарына қатысуым. «Жекеменшік орта білім беру ұйымдарының көрсетілетін қызметтердің сапасына зерделеу жұмыстарын жүргізу» тобының құрамында бірнеше мектептерге жүргізілген зерделеу жұмыстарына қатыстым. Қызылорда облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде, арнайы мектеп-интернаттары қызметіне зерделеу жүргізу үшін ведомствоаралық жұмысшы топ құрамында жұмыс істедім.
Балалардың құқығын қорғау үшін «111 жедел қызмет» байланыс орталығы іске қосылғанын білесіздер. Осы байланыс орталығына қоңырау шалу бойынша түскен арыз-шағымдар дер кезінде қаралып, фактілерін нақтылау бойынша тиісті қолдау жұмыстары жүргізілді, оң шешім табуына жағдай жасалды.
Соңғы ұйымдастырылған шаралардың бірі балалар күні мерекесі қарсаңында өткен болатын. Білімнің қарашаңырағы саналатын М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған «Балалар үні» атты тақырыптық шаралардың бірі – «Баланың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» атты мерекелік жиын ұйымдастырылды. Салтанатты жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Есенбаев Бекжан Шәкизатұлы мерекеге орай балаларды құттықтап, білім басқармасы басшысының арнайы құттықтауын табыстады.
Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде өзім және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Байхожаев Берікбол Ұзақұлы, «Жастар рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы төраға орынбасары Серікбай Нұрбол Нұрланұлы дөңгелек үстел қатысушыларына, нақты айтқанда мерекелік шараға қатысушы Қызылорда облысы бойынша балалар омбудсмендеріне игі тілектерімізді арнап, елдік мүдде жолында жасалып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледік.
– «Балалар үні» деген сөздің өзі ой салады екен. Демек, біздің қоғам баланың үнін естиді және онымен санасады дейсіз ғой…
– Біздің міндетіміз – балаға жағдай жасаумен қатар, оның құқығының қорғалуы, қауіпсіз, жайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау. Әрине, баланың үнін естиміз де, тыңдаймыз да. «Балалар үні» іс-шарасы аясында өткен дөңгелек үстел барысында балалар құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдары талқыланды. Жаңаша тың ұсыныстар мен құнды пікірлер айтылып, қызу талқыға түскен жиын болды. Осындай еркін пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру – үлкендер мен балалар арасындағы алтын көпір болады, саналы ұрпақ қалыптастыруда өзіндік орны бар, әрі жастардың азаматттық белсенділігін арттыруда, өзара тәжірибе алмасуларына пайдасын тигізеді деп ойлаймын.
Бір жылға жуық уақытта атқарылған жұмысты бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамда атқарылып жатқан кешенді жобалар, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру мәселелері ешқашанда күн тәртібінен түспек емес. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың алдымызда тұрған мәртебесі биік, маңызы зор ұлттық міндет.
Балаларымыздың жетістігі, олардың жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүргені – біз үшін үлкен мақтаныш.
Біз үшін, яғни әрбір ата-ана үшін бұл өмірдің бақыты – сәбилерінің мейірімге бөленіп, риясыз күлгенін, олардың бақытты жүздерін көру. Өмірімізге әр беріп, мәнін кіргізген, көңілімізге қуаныш сыйлаған балғындарға айтар тілегім, дендеріңіз сау болсын! Әрбір баланың отбасынан басталған бақытты балалық шағы Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Балаларымыздың болашағы жарқын, аспаны ашық, елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болсын деп тілеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!