Сынаптай сырғыған уақыт тағы бір жылдың аяқталып, жаңа жыл келіп қалғанын көрсетіп тұр. Күнтізбенің жаңа парағы. Жаңа жыл. Жаңа ай. Жаңа күн. Біз де газетіміздің жылжабар нөмірін №103 санмен аяқтағалы отырмыз. Көзі қарақты оқырманға белгілі, биыл «Ақмешіт апталығы» газеті үшін мерейлі жыл болды. Қазақ «орда бұзар» жас деп теңеген отызды еңсерген басылым қамал алар жасқа қадам басты.
Бүгін мына бір ақпаратты көзім шалып қалды. Исмаилия қаласының тұрғыны Эдвард Гендидің газет-журнал сататын дүкені бар екен. Бұл әкеден балаға мұра болып қалған. Өткен ғасырдың 50-жылдарында ашылған бұл дүкен қазір де жұмыс істеп тұр. Сол қаладағы ең көне саналатын бұл дүкеннің өз тұтынушылары бар екен. Осы ақпаратты оқи отырып қаламыздағы облыстық музей жанындағы газет-журнал сататын дүкен есіме түсті. Газет-журналдың иісімен өзіне баурап алатын шағын дүкенге аптасына бір мәрте соқпасақ бірнәрсе ұмытқандай күй кешетін едік. Өкінішке қарай, ол дүкен жабылып қалды, газет-журнал сататын дүңгіршектер де келмеске кетті. Эдвардтың дүкеніндей газет-журнал дүкені қалада сақталмаса да, газет өз оқырманын жоғалтқан жоқ. Әлемнің бар жаңалығы алақандағы смартфонда десек те, жалт-жұлт еткен нәрсенің ғұмыры қысқа екенін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Бір сәт толассыз ақпараттан демалып, жаныңа жылулық сыйлайтын, рухани байытатын дүниелерді оқып демалғанға не жетсін! Оқырман ретінде өзім де газет-журнал оқысам, бір сергіп қаламын. Бұл орайда оқырманға қандай жақсы дүние берсек екен деген ой бір сәтке миымыздан шыққан емес. Жыл аяқталар тұста жыл бойы газетте қандай дүние бергенімізді қайталап айтып жату артық болар. Ниетіміз – оқырман көңілінен шығу. Ең бастысы, 2024 жыл «Ақмешіт апталығы» газеті үшін олжалы жыл болды десем артық айтқандық емес, себебі газеттің оқырманы көбейді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Келер жылы да оқырман саны көбейе түседі деген үлкен үмітіміз бар. Үміт ақталсын!
Айтпақшы, жақында «Facebook» парақшасы арқылы газет оқуды насихаттау мақсатында бастама көтерген едік. Бастамамызды іліп әкетіп, газет оқитындар туралы әдемі пост, пікір жазғандар аз болған жоқ. Бір қызығы, оқырман хатынан байқағанымыздай, баланы жастайынан оқуға құштар ететін, білімді болуға ынталандыратын әке тәрбиесі екенін байқадық. Өзі үлгі болып газет-журнал, кітап оқитын әкенің балалары да оқуға құштар болатыны көп нәрсені айтқызбай-ақ аңғартқандай. Уәде бергеніміздей, газет оқу туралы мазмұнды пост, пікір жазған 5 адамға «Ақмешіт апталығы» газетін тегін жазып бердік. Жаңа жылдан жақсылық, үлкен үміт күтетініміз белгілі. Жаңа жыл әр отбасына құт боп енсін!
Жаңа жылда қайта жолыққанша, құрметті оқырман! Жаңа жылда сүйікті басылымыңызбен қайта қауышып, хат жазып тұрыңыз!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!