Сенбі, 25 қаңтар, 05:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Жақсының жалғасы

25.01.2025

64 0

фото: Н.Нұржаубай

Сыр бойы – өнердің қарашаңырағы.  Киелі топырақтан түлеп ұшқан тарлан таланттардың есімі  бүгінде  ел тарихының көмбесінде алтын әріптермен көмкеріліп тұр.  Қазақ «алтынның сынығы» деп бекер айтпаған.  Кезінде Нартай Бекежанов атындағы театрда өнерімен елді тәнті еткен, театрдың құрылып қалыптасуына тер төккен актер Ораз Нәсімхановтың  перзенті Ләйла Оразқызы бүгінде Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінде  әдіскер болып қызмет атқарады. 

Өнерсүйер қауымға кеңінен танымал ҚР мәдениет саласының үздігі Ләйла Нәсімханова 2008 жылдан бері облыстық «QYZYLORDA» телеарнасы арқылы беріліп тұратын «Бал-бала» дәстүрлі телебайқауының жоба жетекшісі.  Бала жүрегін мейіріммен баурап алатын ұстаздың тәрбиесімен өнерде жарқыраған жұлдыздар әлем сахнасында да өнер көрсетіп, аймақтың даңқын шығарып жүр. Бұл жеңістің бәрі  өнер шамын жарқыратып жүрген ұстаз еңбегінің жемісі.  Шәкірттерінің халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болып оралғанына   тарлан талант иесі Ләйла Оразқызы да дән риза.

– Өнерлі отбасында дүниеге келдім. Анам да, әкем де театрда әртіс болды. Заманында Нартай Бекежанов атындағы академиялық драма театрының негізін қалауға тер төккен. Өнер жолына бет бұруына да осы себеп болса керек. Қызылорда музыкалық училищесін «Хор дирижерлеу» бөлімінде хордың дирижері және музыка пәнінің мұғалімі және Қорқыт ата  атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Музыка пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 1989 жылы Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылындағы №3 музыка мектебінде сольфеджио пәнінің мұғалімі болып бастадым.  №3 «Өнер» мектебінде оқытушы,  филармония әртісі, М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінің нұсқаушысы қызметін абыроймен атқардым. Мұнан соң «Қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар» мекемесінде көркемдік жетекші, М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінің директоры болдым. Еңбек жолым кәсіби біліктілігіімді шыңдап,  шығармашылығымды ширатты, – дейді өнер иесі.

Ерекше қоңыр дауысымен көрерменнің көзайымына айналған Ләйла талай талантты тәрбиелеп келеді. Бүгінде шәкірттері  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыса, енді бірі облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығында қызмет етіп жүр.

         Ұстаздың тәлімін алған шәкірті А.Құланбаева Астана қаласында өткен республикалық «Жас қанат» байқауының дипломанты, Э.Қанатбаева Шымкент қаласында өткен республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы әншілер байқауында І орын  иегері, Ғ.Сражадин халықаралық «Бозторғай» конкурсында жүлделі І орын иегері, Тәжікстанда өткен «Донак» фестивалінің дипломанты, Ақтау қаласындағы болған «Біз күн перзентіміз» фестивалінің ІІ орын иегері, республикалық «Айгөлек» балалар байқауының гран-при иегері.  «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей,  ұстаздан алған тәлім қашанда өнерпаздарды қанаттандырып келеді.

– Өнер жолы өте қиын жол. Таланттың көзін ашу инемен құдық қазғандай еңбек.  Алайда өнерлі баланың  сахнада жарқырап жұлдызы жанғанда,  мерейім көтеріліп, өзімді бақытты сезінемін.  Ұстаз үшін ең жоғары марапат  – үздіксіз еңбегіңнің жемісін көру, хас таланттың  алтын сандығын ашу, – дейді ұстаз.

                    Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: