Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Сыр елінің ардақты ұлы, жазушы-журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, мәдениет қайраткері Жақсылық Рахматулланың 80 жылдығына арналған «Қиясы биік қаламгер» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 1996-2008 жылдар аралығында «Сыр бойы» газетінің бас редакторы қызметін Жақсылық Рахматулла атқарды. Қазақ әдебиеті және журналистика тарихында Жақсылық Шайманұлының есімі құрметпен аталады. Қаламгердің артында «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Ғұмырдария»,«Жібек жолындағы жұлдыздар», «Сағым жылдар», «Кие», «Хикаяттар», «Дала толғауы», «Меңсұлу» (роман), «Қызғалдақ қалың шыққан жыл» шығармалары бар.
Бүгінгі басқосу өткенге тағзым, бүгінге бағдар, келер ұрпаққа өнеге болар тағылымды шараның бірі болды. Конференцияны «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов жүргізді.
– Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына және ұлтымызға «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл. Бұл ғасырлық белес Сыр өңірінің рухани әлеміне серпіліс тудырып, небір тарихи деректер жарыққа шығып жатыр. Егер осы жүзжылдық тарихынан бері қарай тін тарқатсақ, өлкенің өшпес шежіресін жасап, ұлт рухын көтеруде қажырлы қызмет еткен, талай құнды деректер қаттап, еңбек адамының мерейін өсірген баспасөз қатарында «Сыр бойы» газетінің орны бөлек. 1929 жылы бірінші нөмірі жарыққа шыққан басылым енді төрт жылдан кейін өзінің жүз жылдық белесін бағындырады. 1979 жылы басылым өзінің 50 жылдығына орай мемлекеттік награда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ал 10 мыңыншы саны жарыққа шыққанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы газетті республика жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады, – деді Қуат Әбішұлы.

Жиынға мемлекет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, қаламгердің туған-туыстары қатысты.
Конференцияда сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров ғасырға жуық тарихы бар «Сыр бойы» газетінің қоғам өмірінде орны ерекше екендігін айта келіп, қарымды қаламгер Жақсылық Рахматулланың еңбек жолына тоқталды. Баспасөз саласында 40 жылға жуық жемісті еңбек етіп, «Сыр бойы» газетін 12 жыл басқарып, журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосқан қаламы қарымды журналист, ұлт руханиятының жанашыры Жақсылық Рахматулланың рухына тағзым етіп, қалдырған мұрасын ұрпаққа өнеге ету кейінгі ұрпақтың парызы екендігін жеткізді.
– Бүгін біз Сыр өңірінің баспасөз саласында қырық жылға жуық жемісті еңбек етіп, журналистика мен қоғамдық ойдың өркендеуіне айрықша үлес қосқан қаламы қарымды журналист, ұлт руханиятының жанашыры Жақсылық Шайманұлы Рахматулланың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қиясы биік қаламгер» атты ғылыми-танымдық конференцияда бас қосып отырмыз.
Жақсылық Шайманұлы өз дәуірінің шежіресін жазған қаламгер. Сыр елінің тыныс-тіршілігін, халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін газет жазбаларына арқау етіп, журналистиканы халыққа қызмет етудің шынайы құралына айналдырды. Оның шығармаларында өмірдің өзекті мәселелері, қоғамды алға бастайтын ой-пікірлер өрбіді. Қызмет жолында баспасөздің түрлі салаларында еңбек етіп, жас журналистердің өсіп жетілуіне ықпал етті, – деді Артур Раушанбекұлы.
Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова қаламгердің «Дала толғауы» атты туындысының мазмұнын тарқатып түсіндірді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова қарымды қаламгердің шығармаларының құнды еңбек екендігін айта келіп, әдеби ерекшеліктеріне тоқталды.
– Жақсылық Рахматулла шығармашылығын зерттеу – тек бір қаламгердің еңбегіне баға беру емес, сонымен қатар бүгінгі және болашақ журналистер үшін өнеге аларлық, кәсіби бағыт-бағдар табарлық мектеп екенін таныту. Оның публицистикасындағы ұлттық рух, көркемдік өрнек, ой тереңдігі – жас тілшілерге үлгі болатын кәсіби біліктіліктің жарқын көрінісі, –деді ол.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Дүйсенбек Аяшұлы Жақсылық Рахматулланың облыстық газетті он жылдан астам басқарған уақытындағы адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етіп, жүрекжарды жырын арнады.
Мұнан соң қоғам қайраткері, саясаткер, қарымды қалам иесі Рысбек Сәрсенбайұлы Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда, арқалағаны – алтын, жегені – жантақ болса да ауыр жүкті арқалаған қаламгердің парызы тынымсыз жазу болғандығын жеткізді.
Қоғам қайраткері, елдің тұлғалы азаматтары Нәжмадин Мұсабаев, Ибрагим Абибуллаев және Дайрабай Ысқақов шығармашылық иесінің тұлғалық болмысының, рухани бейнесінің айшықты тұстарын айтып, естеліктерімен бөлісті.
Жиын соңында Жақсылық Рахматулланың 80 жылдығына орай қаламгерлер арасында өткізілген «Қызылорда – құндылықтар қаласы» атты шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!