Сейсенбі, 02 желтоқсан, 00:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
92, (2204)
02.12.2025
PDF мұрағаты

Жас аспаздар сайысы

02.12.2025

27 0

Жыл басынан бері жұмысшы мамандарға көңіл бөліп, олардың абырой беделін көтеру мақсатында газет бетінде біраз сала мамандарының еңбегі насихатталды.

Олардың арасында көлік жүргізуші, жиһаз құрастырушы тағы да басқа түрлі сала майталмандары бар. Орайы келіп, қаладағы үздік аспаздардың асханадағы өнеріне куә болдық. Қала әкімінің қолдауымен «Qosyl» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған аспаздар жарысы

«Қыз Жібек» мейрамханасында өтті.

Байқауға 6 аспаз қатысып бақ сынады. Оларға қойылған талап – ыстық тағам мен салат дайындау. Тағамның ғана емес көңіл күйдің шебері саналатын аспаздар тамақтың дәміне де әсемдігіне де назар аударды. Бұл жай жарыс емес дәмдердің поэзиясы, ингредиенттердің биіндей әсер қалдырды. Қазылар алқасы жарысқа қатысушылардың тағамды қалай ұсынғаны, жаңаша идеясын бағалады. Жарыста Әли-Азат Әділбекұлы «Su-vide» тағамын дайындап үздік деп танылды. 26 жастағы аспаз қазіргі таңда «Карамель» мейрамханасының аспазы. Жарысқа қатысып үздік танылғанан кейін көпшіліктің қошеметіне ие болғанын айтады.

– Су-вид әдісімен пісірілген күріш төсеміндегі тауық еті еуропада кең таралған. Қызылордада көп сұраныста болмаса да, қазылардың көңілінен шықты. Тауықтың төс етіне тұз, бұрыш, басқа да ингредиенттер қосып маринадтап ортасына моцарелла сырын араластырады. Қазір мейрамханаға келген қонақтар арасында көбінесе теңіз өнімдеріне тапсырыс береді. Алайда біз етке үйренген халық болған соң, тағамдарды етсіз елестету қиын, әр қонақтың талғамы басқа. Бұл тағам тойымды, сондықтан қасына жеңіл салат қоса жасадым. Оған тәбет ашатын қышқыл соус араластырдым. Қазыларға бірінші салаттан дәм татуын сұрадым,– дейді аспаз.

Кейіпкеріміз бала кезінде журналист болуды армандағанын жасырмады. Уақыт өте келе әр елдің асханасына қызығып, тағам дайындауды кәсібіне айналдырған. Еуропалық, азиялық тағамдардың дәмін тіл үйіре дайындайтын аспаз болашақта батыстың тағам дайындау өнерін дамытқысы келеді.

– Алдағы уақытта жоспарым аспаздық бойынша курстардан өтіп, өнерімді ұштағым келеді. Мен үшін қонақтардың ризашылығы маңызды. Мүмкіндік боп жатса, өз мейрамханамды да ашу ойымда бар, – дейді «Карамель» мейрамханасының аспазы Әли-Азат Қарекеев.

Айтулы шара қалада төртінші мәрте ұйымдастырылды. Келесіде аспаздар арасында күріш дайындау сайысы жоспарланды. Жарысқа қатысқан аспаздарға «Қыз Жібек» мейрамханасының бас аспазы Закир Тохиров төрелік етті. Бас аспаз жігіттерге ризашылық білдіріп, қолдау болатынын айтты. 

– Жасыратыны жоқ, қазір кейбір қыздардың қолынан жұмырт­қа қуыру келмейді. Жігіттер болып жарысқа белсенді қаты­сып, осындай тамақ әзірлегендерің мақтауға тұрарлық. Бастысы, тоқ­тап қалмай, жұмыстарыңды жақсы көріп, әрдайым дамудан талмаң­дар, – деді бас аспаз Захир Тохиров.

Думан КЕҢШІЛІК      

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: