Еңбек адамының қоғамдағы орны орасан. Бүгінде маңдай терін ел дамуына төгіп жүрген жұмысшы мамандықтарды насихаттау қарқын алды. Осы мақсатта Қызылорда қаласында өткен «Жас дәнекерлеушілер» байқауы жас буынның кәсібилігін шыңдап қана қоймай, олардың еңбегіне жаңа серпін, жаңа мәртебе сыйлады.
М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық – IT жоғарғы колледжінде өткен сайысқа 15 жас дәнекерлеуші қатысты. Олар өздерінің білімін теориялық және тәжірибелік кезеңдерде сынап, мамандықтың қыр-сырын меңгерудегі ізденістерін көрсетті.
Осы салада 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан, колледждің аға шебері, өзі де осы білім ордасының түлегі Марат Дурманов дәнекерлеу мамандығының маңыздылығы туралы ойымен бөлісті.
– Бүгінгі таңда дәнекерлеуші – ең қажет мамандықтардың бірі. Қазіргі құрылыс, өндіріс, тіпті халықаралық нарықта да бұл кәсіпке сұраныс жоғары. Біздің түлектеріміздің біразы шетелде де еңбек етіп жүр. Әрине нағыз маман болу үшін тек қол шеберлігі ғана емес, шыдамдылық, жауапкершілік және ұқыптылық қажет. Дәнекерлеуші от пен темірдің ортасында еңбек ететін, соған қарамастан жүрегінде жігері мықты болуы тиіс, – дейді аға шебер Марат Дурманов.
Байқау жас дәнекерлеушілерге өзін-өзі дәлелдеуге, тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік берді. Теориялық бөлімде білімін көрсетіп, келесі кезеңге өткен 7 жас маман тәжірибелік кезеңде нақты өндірістік жағдайда жұмыс істеді. Бұл олардың кәсіби деңгейін айқындап қана қоймай, болашақ еңбек жолына жігер берді.
Жарыстың қорытындысы бойынша М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық – IT жоғарғы колледжінің студенті Бақдәулет Арғынбекұлы жеңімпаз атанып, 150 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!