Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект білім беру сапасын арттыра ма?

04.05.2024

8408 0

Бүгінде жасанды интеллект барлық салада қолданыла бастады. Дегенмен қоғамда сұрақ көп. Жалпы жасанды интеллект адамзат игілігіне қызмет ету үшін не істеу керек? Осы орайда жасанды интеллекттің білім саласына пайдасы туралы жазуды жөн көрдік. Оның ішінде білім беру саласының дамуына қалай әсер етеді? Пайдасы мен зияны қандай? Жасанды интеллект инновация құралының елімізде дамуы қарқынды жүріп жатыр ма? Білім сапасын арттыруға көмектеседі ме?

Әлемдік тәжірибеде жасанды ин­тел­лект адамдардың өмірін айтар­лықтай өзгерткенін көптеген табыс­ты IT-жобадан білеміз. Бір ғана мысал, Оңтүстік Кореяда роботтар оқу­шы­ларға ағылшын тілін үйрете бастады. Интеллектуалды чат-бот қосымша оқушылармен түрлі тақы­рыптар бойынша пікірталастар мен әңгімелерге қатысуға мүмкіндік бере­ді. Бұл олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыруға бағыт­талған. Жалпы білім саласында жа­санды интеллект мүмкіндіктерін пай­далануда АҚШ, Қытай, Сингапур жетекші елдер көш бастауда. Дегенмен басқа да көптеген ел бұл салада бел­сенділік танытып, білім беруді жақ­сартуға ұмтылуда. Қазақстандағы білім беру саласына жасанды интеллектіні ендіру қарқынды даму үстінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыр­күйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында цифрландырудың стра­те­гия­лық маңыздылығын атап өтіп, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы IT секторында жасанды интеллект (AI) технологиялары бойын­ша жетекші ел болу міндетін алға қойған еді.

Жасанды интеллект білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, білім мен оқытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгерте алатын перспективаларды ұсынуда. Қазіргі тенденцияларды талдай отырып, жа­санды интеллект әкімшілік тапсыр­маларды автоматтандырып ғана қой­май, сонымен қатар білім беру бағ­дарламаларын әрбір оқушының, сту­денттің қабілетіне сай бейімделуін қамтамасыз етіп, оқытудың жаңа мүмкіндіктерін жасайды деп айту­ға болады. Машиналық оқыту алго­ритмдерін пайдалану арқылы үлкен деректерді талдай отырып, білім дең­гейінің әлсіз жақтарын анықтап, оқытудың ең тиімді әдістерін ұсына алады.

Жаңашылдыққа жол ашады

Президент тапсырмасы аясында еліміз­де «2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту» тұжырымдамасында жасанды интелектіні енгізудің қазіргі жағдайы мен бағыттары егжей-тегжейлі сипатталған жоба бекітілмек. «Ашық НҚА» порталында жарияланған ғылым және жоғары білім министрлігінің дерек­тері бойынша еліміздегі 24 жоғары оқу орны мен ғылыми орталық жасанды интеллект саласындағы қандай да бір зерт­теулермен немесе әзірлемелермен айна­лысады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, машиналық оқыту және жасанды интеллект мамандарының қауымдастығы құрылады. Мектептер мен университеттер оқу бағ­дар­ламаларына жасанды интеллект модуль­дерін қосуда. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық зерттеу университеті, Nazarbayev University сияқты оқу орындарында дерек өң­деуге және терең зерттеу алгоритмдерін оқытуға арналған NVIDIA DGX-1 station сияқ­ты суперкомпьютерлер мен жабдық­тар бар.

 Өңірімізде білім беру жүйесінде жасан­ды интеллектіні дамытуға қадам жасалуда. Мәселен, биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы Жасанды интеллект институты ашылды.

Жасанды интеллект институт директоры Нұрлан Құлмырзаев аймақта білім саласында жасанды интеллектіні енгізуде жасап жатқан жұмыс аз емес екенін айтты.

– Қазақстанда жасанды интеллект білім беру саласына белсенді түрде енгізілуде. Студенттерге қолдау көрсету үшін чат-боттар, онлайн емтихандарға дайындалу және  тексеру жүйелерін, студенттердің қабілетіне сай бейімдейтін оқуды басқару платформаларын пайдаланатын жүйелер құрылуда.

Ал өңірімізде Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ара­сындағы ынтымақтастық аясында жасан­ды инттеллект институты ашылды. Бұл жас­тардың арасында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, компьютер ғылымы, бағ­дарламалау және жаңа технологияларды үйренуге қызығушылығы өте жоғары екенін көрсетті. Біз студенттерге тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан салада жұмыс істеуге қажетті практикалық дағдыларды да ұсы­намыз. Бұл қадам облыстың және жалпы еліміздің тех­нологиялық әлеуетін дамытуға үлес қоса отырып, жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Алдағы уақытта да Сеултех университетінің ең үздік про­фессорлары осында келіп, дәріс бермек. Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік сала­сын оқу мен игеруге деген ұмтылыс болашақ үшін маңызды, – дейді ол.

Қазіргі таңда жасанды интеллект негіз­дері Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарына енді. Бір айта кетерлігі, мектепте информатика пәнінде жасанды интеллект негіздерін түрлі мазмұндағы оқулықпен оқы­тып жатқандықтан тестілеу кезінде оқу­шыларға қиындық туғызып жүргені белгілі. Бұл Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу біршама перс­пекиваларымен қатар қиындықтары да бар екенін байқатады. Бұл ретте тағы да маман пікіріне сүйендік.

– Жасанды интеллект оқушының қабі­летіне қарай бағдарламаны бейім­деуге, әкім­шілік тапсырмаларды автомат­тандыруға, баға­лауды жақсартуға және академиялық өнімділікті болжауға көмек­теседі. Дегенмен білім беру жүйесіне жасанды интелектті енгізу белгілі бір қиындықтарды да туды­рады. Олардың бірі – деректердің құпия­лылығын қамта­масыз ету және жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану бары­сында эти­калық дилеммаларды шешу қажет­тілігі. Негізгі мәселенің бірі – цифрлық теңсіздік. Бұл – өңірлер мен оқу орындары арасындағы ресурстардың айырмашылығы яғни жаңа технологиялармен қамтыл­мауы. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі ескіріп, жаңа технологиялармен жұмыс істеу үшін қайта даярлау қажеттігі туындап отыр. Бұл де­ректермен және алгоритмдермен жұмыс істеу негіздерін білуді ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект технологияларына байланысты ықтимал тәуекелдер мен шек­теулерді түсінуді де қамтиды, –  дейді IT маман Нұрлан Серікұлы.

Жаһандық статистика жасанды интел­лекттің білімге оң әсерін тигізгенін  байқа­тады. Мысалы, McKinsey консалтингтік компа­ниясының бағалауы бойынша, жасан­ды интеллект технологияларын енгізу есебіне сүйенсек, әлемдік білім беру индустрия­сының кірісінің өсуі алдағы үш жылда 4%-ға дейін жетуі мүмкін. Зерттеу сонымен қатар генеративті жасанды интеллект оқу­шылардың оқу процесіне белсенді қатысуын арттыра алатынын көрсетті.

– Жалпы, жасанды интеллект Қазақстан­ның білім беру жүйесіндегі сапалы өзге­ріс­тердің катализаторы болу әлеуеті бар, бұл оқушылардың сыни ойлау дағдыларын, бейімділік пен шығармашылықты дамыту­ға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде XXI ғасыр сын-қатерлеріне дайын анағұрлым инновациялық экономика мен қоғамды құруға көмектесе­ді. Дегенмен бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін технологиялық инновациялардың, білікті мамандардың және оқу процесінде жасан­ды интеллектті пайдалануды реттейтін нақты этикалық негіздің үйлесімі қажет, – дейді Нұрлан Серікұлы.

Мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді

Соңғы уақытта жасанды интеллект оқытудың инновациялық әдістерін енгізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі факторына айналды. Қалаға қарасты Қызылжарма ауылындағы С.Әлжіков атын­дағы №144 мектепте информатика пәнін оқытуда жаңа технологиялар қолда­нылуда. Информатика пәнінің мұғалімі Айбек Оразбахов осы салада облысымызда алғашқылардың бірі болып жасанды интел­лектіні сабақта сәтті пайдалануда. Оның инновациялық бастамасы 2024 жылы республикалық «Педагогикалық идеялар» фестиваліндешеберлік палитрасы физика-математика информатика бағытындағы пән­дер бойынша жүлделі 1 орын иеленген еді. Жасанды интеллектіні алғашқылардың бірі болып білім беру процесіне қолданған жаңашыл ұстаздың пікірін білдік.

– Менің жобам TechAI деп аталады. TechAI – бұл білім беру саласындағы оқыту мен бағалау процесінде төңкеріс жасай­тын жасанды интеллектке негізделген қуатты құрал. Бұл құрал мектептерде әртүрлі таң­дау сұрақтарын, бос орындарды толтыру тапсырмаларын, жоғары деңгейлі сұрақтарды және «Блум таксономиясы» сынақтарын қоса алғанда, әртүрлі бағалау түрлерін жылдам және оңай жасауға мүмкіндік береді. TechAi көмегімен мұғалімдер кез келген мәтінді бір рет басу арқылы викторинаға айналдыра алады, сонымен бірге оларды экспорттамас бұрын жасалған материалдарды өңдеуге және өзгертуге мүмкіндік алады. TechAI интеграцияланған әзірлеу құралы, бұл бағдарлама қайталаудан және монотонды­лықтан аулақ бола отырып, бірнеше секунд ішінде жұмыс парақтарын жасауға мүмкіндік береді, – дейді информатика пәні мұғалімі Айбек Оразбахов.

IT маман бұл платформа мұғалім мен оқу­шының уақытын айтарлықтай үнемдейді дейді.  Сонда қалай дерсіз?

– Ең бірінші артықшылығы, бұл – мұға­лімдердің уақыт үнемдеуі. TechAI мұға­лімдерге сабақ жоспарын құруға, жобаларды табуға және басқа да көптеген тапсырманы санаулы секундтарда орындауға мүмкіндік беру арқылы оқу тапсырмаларын айтарлықтай жеңілдетеді, бұл күніне орта есеппен 2,5 сағатты үнемдейді. Екіншісі, платформа проблемалық мінез-құлықты басқарудың тиім­ді стратегияларын ұсынады, сонымен қатар сынып пен үйде оқытуды жақсартуға арналған кеңестер мен амалдарды ұсынады. TechAI оқушылармен кері байланыс беру процесін жеңілдетеді, оқу­шылардың моти­вациясы мен жетістігін ынталандыру әдістерін ұсынады. Сонымен қатар оқы­тушылар бірден сабақ жоспарларын, мақа­лаларды, ақпараттық бюллетеньдерді және олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келе­­тін басқа оқу мазмұнын жасай алады, – деп түсіндірді Айбек Қалданұлы.

Жалпы педагогтардың инновацияға қөз­­қарасы, сонымен қатар инновациялық тех­нологиялардың қанша­лықты қажет екенін білдік.

– Жалпы, жасанды интеллект білім беруде өте пайдалы, өйткені жасанды ин­теллект әрбір оқушының қабілеті мен стиліне сай оқуға көмектесе отырып, қол­дау көрсетеді. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайту арқылы күнделікті тап­сырмаларды автоматтандыруға және оқушылардың үлгерімі туралы нақты мәлімет беруге қабілетті. Жасанды интеллект оқушылардың түрлі қажеттіліктеріне сай оқу материалдарын бейімдей алады, бұл білім беруді одан сайын қолжетімді және тиімді етеді. Менің жұмысым басқа мұға­лім­дерді оқу үдерісіне инновациялық әдіс­терді енгізуге шабыттандырып, жақын болашақта мұндай тәсілдер бүкіл облыс пен республика мектептері үшін қалыпты жағдайға айналады деп сенемін. Менің платформам мен жасанды интеллект жүйе­лерін пайдалана отырып оқыту әдістері басқа аймақтардағы оқу орындарының назарын аударып үлгерді, оқытуда жасанды интеллект енгізудегі платформаның мүм­кіндік­терін кеңейту арқылы зерттеу жұ­мысымды жалғастырамын, –  дейді Айбек Қалданұлы.

Демек, жасанды интеллект Қазақстан­ның білім беру жүйесін түбегейлі өз­герте алатын, оны икемді, тиімді және қолжетімді ете алатын қуатты құрал. Дегенмен бұл әлеуетті жүзеге асыру үшін жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізудің технологиялық және әлеуметтік аспектілерін де ескеретін кешенді стра­тегияларды әзірлеу қажет.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: