Сейсенбі, 10 ақпан, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11 (2223)
10.02.2026
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект дәуірінде адамзат қай бағытқа бет алды?

10.02.2026

41 0

Сурет: Ашық дереккөзден

Соңғы бірнеше жылда жасанды интеллект туралы әңгіме «жаңа технология» деңгейінен асып, түрлі саланың өзегіне айналды. Мұның бір себебі – ЖИ модельдердің күнделікті қызметке тым тез сіңуі. Ірі алпауыт компаниялар ғана емес, ұйымдар да, жеке мамандар да ЖИ-ді мәтін жазуға, дизайнға, жоспарлауға пайдалана бастады. Мәселе ЖИ-дің қолданылу аясында ғана емес, оның қоғамдағы рөлінде. Ол енді жол, электр желісі немесе байланыс сияқты базалық инфрақұрылымға ұқсап барады. Осы үрдісті сандар да растайды. «Stanford HAI» жариялаған 2025 жылғы «AI Index» есебінде 2024 жылы ұйымдардың 78%-ы ЖИ қолданатынын, бұл былтырға қарағанда 55%-дан айқын жоғары. АҚШ-тағы жеке ЖИ-инвестиция 2024 жылы 109,1 млрд долларға жетіп, ал генеративті ЖИ бағытына әлем бойынша жеке инвестиция 33,9 млрд долларға өскені көрсетіледі. Экономикаға қаржы құйылған жерде заң да, еңбек нарығы да, білім беру де өзгермей қалмайды.

ЖИ әлемді қалай өзгертуде?

ЖИ-дің әсері көбіне «робот келіп жұмысымды тартып алады» деген қарапайым қорқынышпен түсіндіріледі. Бірақ зерттеп қарасақ, өзгеріс әлдеқайда басқаша. Бұрын мәтін, сурет, аудио, видео жасауға уақыт көп кететін. Енді көп жағдайда «нөлден бастап жасау» емес, «түзету, стильдеу» тәрізді жұмыс көбейді. Бұл медиадан бастап, білім беру контентіне дейінгі нарықты өзгертіп отыр. ЖИ тек мәтін жазып бермейді, ол ұсыныс береді, тәуекелді бағалауға көмектеседі. Қаржы, логистика, медицина, құқық саласында «құжат көп – уақыт аз» деген жерде автоматтандырудың тиімділігі байқалады. Бірақ дәл осы жерде сұрақ туады. «ЖИ ұсынған шешімге кім жауап береді?». Генеративті жүйелер сенімді ақпаратты да, шындыққа ұқсас жалған ақпаратты да тез жасай алады. Сондықтан қоғамда «ақпаратқа сену» механизмі қайта құрылады. Цифрлық қолтаңба, контентті таңбалау, дереккөздің ашықтығы, модельдің қауіпсіздігі алдыңғы орынға шықты. Мұндай трендтер заңнамалық деңгейге де көтеріліп жатыр. Мысалы, Оңтүстік Кореяда қабылданған «AI Basic Act» жөніндегі талқылаулардың өзегінде ЖИ-контентті таңбалау мен жоғары жүйелерге тәуекел бағасын енгізу бар.

Жаңаға бейімделу керек

ЖИ-дің пайдасы көбіне өнімділікпен өлшенеді. Иә, өнімділік байқалады. Есеп-қисап жылдамдайды, құжат айналымы қысқарады, қызмет көрсету автоматты түрде жүзеге асады. «International Monetary Fund» басшысы Кристалина Георгиева ЖИ әлемдік жұмыспен қамтудың шамамен 40%-ына әсер етуі мүмкін, ал көптеген болжамда теңсіздікті күшейту қаупін арттыратынын айтады. 2026 жылғы «World Economic Forum» аясындағы Давостағы пікірлерде ЖИ еңбек нарығына «цунами» тәрізді соғуы мүмкін екенін айтып, әсіресе жас мамандардың  жұмысқа қабылдануы қиын болуы мүмкін екеніне назар аудартқан. Ал «World Economic Forum»-ның «Future of Jobs Report» 2025 есебі 2025-2030 аралығында құрылымдық трансформация салдарынан қазіргі жұмыс орындарының 22%-ы «өзгеру және жойылу» процесінен өтетінін болжайды. 170 млн жаңа жұмыс орны пайда болып, 92 млн жұмыс орны қысқаруы ықтимал, нәтижесінде таза өсім 78 млн жұмыс орнын құрауы мүмкін. Есеп тағы бір маңызды жайтты байқатады. Қызметкердің қазіргі дағдыларының орташа есеппен 39%-ы осы кезеңде өзгеріске ұшырап немесе ескіруі ықтимал. Бұл «жұмыс жоғалады» дегеннен гөрі «жұмыстың ішіндегі міндеттер өзгереді» деген шындыққа жақын. Бірақ күмән мен үрей де негізсіз емес. «Anthropic» басшысы Дарио Амодей ЖИ дұрыс басқарылмаса, жұмыссыз немесе өте төмен жалақыға байланған «тұрақты аутсайдерлер қабатын» қалыптастыруы мүмкін екенін ескертеді.

– Егер ЖИ адам еңбегін алмастыра бастаса, қоғамның бір бөлігі қайта бейімделуге үлгермей қалуы ықтимал, – дейді «Anthropic» бас директоры Дарио Амодей.

Бұл бір жағынан, ЖИ әсерінен жаңа мамандықтар пайда болады, екінші жағынан, өтпелі кезең ауыр болуы мүмкін екенін көрсетеді. Демек, саясаттың да, компаниялардың да, адамның да негізгі міндеті жаңашылдыққа бейімделу.

Түсінбеген адам тұтынушы болып қалады

ЖИ-ді үйрену бүгінде тек программист болу үшін емес. Бұл – жаңа білім. Бұрын компьютерлік сауаттылық мәтін теру мен кесте жасаудан басталса, енді ЖИ-мен сауатты жұмыс істеу, сұрақ қою мәдениеті, тәуекелді түсіну, нәтижені тексеру, этика мен құқықты білу қабілеттерін қамтиды. «OECD» 2026 жылдың қаңтарында жариялаған дерегінде 2025 жылы қолжетімді статистикасы бар елдерде ЖИ қолданатын фирмалар үлесі 20,2%-ға жеткені, 2024 жылы 14,2% болғаны айтылған; яғни екі жылда екі еседен артық өскен. Мұндай жылдам даму «ЖИ-ді білетіндер» мен «білмейтіндер» арасында өнімділік және табыс айырмасын ұлғайтуы мүмкін. Бірақ үйренудің себебі де бар. ЖИ мүмкіндігі артқан сайын қоғамға әсер ететін шешімдер көбейеді. Ал шешімге ықпал ету үшін түсіну керек. Түсінбеген адам тек тұтынушы болып қалады. Осы ретте «Google DeepMind» жетекшісі Демис Хассабис келесі ұрпақ үшін ең маңызды дағды «үйренуді үйрену» болатынын айтуда. «Жаңа технология қарқынды дамыған сайын заманға бейімделу – негізгі капитал болмақ», – дейді ол.

Яғни бүгін ЖИ-ді үйрену нақты бір құралды меңгеру ғана емес, үздіксіз оқу мәдениетін қалыптастыру.

Кейбір елдер ЖИ-ге неге қарсы?

Қарсы дегенде, көбіне толық тыйым емес, нақты қауіп аймақтарын шектеу, баяулату немесе қатаң бақылауға алу туралы сөз болады. Мұның бірнеше себебі бар. Бірінші­сі – дербес дерек және құпиялылық.  «Reuters» жариялаған ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы Италия деректерді қорғау органы ChatGPT-ке қатысты жеке деректерді өңдеу мәселелері бойынша уақытша шектеу енгізіген, бұл батыстағы алғашқы қатаң шектеу қадамдарының бірі болған. Мұндай әрекеттер «ЖИ құралының өзі қауіпті» дегеннен гөрі, «дерек қалай жиналады және қалай пайдаланылады?» деген сұраққа тіреледі. Екіншісі – ұлттық қауіпсіздік және тәуелділік. Мемлекеттік органдар көбіне сыртқы сервистерге тәуелді болғысы келмейді. Мысалы, «The Guardian» ақпаратына сүйенсек, Австралия үкіметі ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін алға тартып, қытайлық «DeepSeek» чат-ботын федералдық құрылғыларда қолдануға тыйым салған. Мұнда «ЖИ-ге қарсы» позициядан гөрі «тәуекелі жоғары құралды мемлекеттік органда қолданбау» логикасы басым. Үшіншісі – ақпараттық тәуелсіздік және идеологиялық бақылау. Қытай генеративті ЖИ қызметіне арналған ережелер енгізіп, қоғамдық кеңістіктегі контенттің қауіпсіздігі мен реттелуін алдыңғы орынға қойды. 2025 жылдың соңында Қытай реттеушісі адаммен эмоциялық байланыс орнататын ЖИ сервистеріне қатысты қосымша қатаңдатулар жобасын жариялап, қолданушының тәуелділігі мен психологиялық тәуекелдерін бақылауды талап ететін нормаларды ұсынған. Бұл – бір жағынан, қоғамды қорғау; екінші жағынан, цифрлық кеңістікті басқару құралын күшейту. ЖИ жедел енсе, бейімделмеген секторлар «әлеуметтік дағдарыс» сезілуі мүмкін. Сондықтан кей елдер кезең-кезеңімен енгізу, қорғау тетіктері, оқыту бағдарламалары сияқты тежегіштерді қояды.

Заң және жаһандық этика

Заңнамадағы ең үлкен жаңалық ЖИ-ге тәуекелге негізделген көзқарастың қалыптасуы. Мұнда ең ықпалды үлгінің бірі,  «European Union» қабылдаған «AI Act». «European Commission» дерегіне сүйенсек, «AI Act» 2024 жылғы 1 тамызда күшіне енді. Reuters «European Commission»  комиссиясы бұл кестені кейінге шегермейтінін, «no stop the clock» ұстанымын растағанын хабарлады. ЕО-ның тағы бір маңызды бағыты – жүйелік тәуекелі бар іргелі модельдерге қосымша міндет жүктеу. «Reuters» мәліметінше, мұндай модельдер қауіп-қатерді бағалау, тестілеу, киберқауіпсіздік, оқыс оқиғаларды хабарлау сияқты талаптарға жақынырақ келеді; сондай-ақ дерек пен авторлық құқық саясатына қатысты ашықтық күшейеді. Бұл – АҚШ-тағы негізгі дау нүктесін көрсетеді. Бір тарап қауіпсіздік пен жауапкершілікті күшейткісі келеді, екінші тарап шектен тыс реттеу бәсекеге қабілеттілікті әлсіретеді дейді. Қытай моделі контент, дерек, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп өлшемдерін тең ұстайды. Бұл модельдің күшті жағы – мемлекет енгізуді тез ұйымдастыра алады, әлсіз жағы ашық ғылыми экожүйе мен сөз еркіндігіне қысым тәуекелі. Ал жаһандық негізге келсек, «UNESCO AI» этикасы туралы ұсынысында адам құқықтары, қадір-қасиет, әділеттілік, ашықтық және адам бақылауы қағидаларын негізгі тірек ретінде қояды. Бұл құжат міндетті заң емес, бірақ көптеген елдердің ұлттық стратегиясына «моральдық компас» ретінде ықпал етеді. Осы тұста қауіп туралы айтатын ғалымдар да көбейді. Джеффри Хинтон ЖИ-дің адамдарды манипуляциялау қабілетіне алаңдайды. Ал Йошуа Бенжио қауіпті тәуекелдерді бақылауға алу үшін реттеу мен халықаралық келісімдер қажет екенін атап өтеді: «Жай ғана бәрі жақсы болады деп үміттену жеткіліксіз, қауіпсіздік үшін алдын ала қамданған дұрыс», – дейді Йошуа Бенжио.

Алдағы 10 жыл: не өзгереді, неге дайын болу керек?

Келесі онжылдықта ЖИ-дің өзгерісі үш бағытта болуы ықтимал. Автоматтандыру, құқықтық-этикалық қатаңдау және геосаяси фрагментация. Агенттікті автоматтандыру ЖИ тек жауап беріп қана қоймай, тапсырманы өзі жоспарлап, құралдарды пайдаланып, бірнеше қадамдық процесті орындайды. Бұл кеңседегі көптеген жұмысты қысқартады. Есеп дайындау, келісімшарт алғашқы нұсқасы, клиентке жауап, деректерді сақтау сияқты жұмыстар тездетіледі. Бірақ осының салдарынан жас маманның тәжірибе жинауы төмендейді. 2026-2027 жылдары негізгі талаптар толық іске қосыла бастайды. Демек, «ЖИ өнімін шығару» енді тек инженерлік емес, құқықтық-институционал міндет болады. ЖИ есептеу қуатына, чипке, дата-орталыққа тәуелді. Бұл ресурстардың экспорттық бақылауы, санкция, ұлттық платформаларға басымдық беру сияқты саясаттарды күшейтеді. Сондықтан әр аймақта өз экожүйесін құру, өз тілдік мәдени дерегін жинау, өз кадрын өсіру тренді өседі. Мұнда «технологиялық егемендік» ұғымы жиі айтылады.

Қазақстан және ЖИ

Қазақстан үшін ЖИ тақырыбы – күн тәртібінде. Экономиканы әртараптандыру мен өнімділікті арттыру қажеттілігі, тілдік, құқықтық, мәдени контекстке бейімделген цифрлық жүйелерді қалыптастыру басты міндет біріі. Соңғы жылдары Қазақстан бұл бағытта құқықтық негіз қалыптастыра бастады. 2025 жылғы 17 қарашада Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының ЖИ дәуіріне қатысты күн тәртібі ресми құжаттарда да көрініс тапқан. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауда мемлекеттік саясатта ЖИ механизмдерін күшейту, цифрлық экожүйені жаңарту секілді міндеттерді алға шығарады. Экожүйе тұрғысынан қарасақ, «Astana Hub» ұлттық ЖИ бастамаларын ілгерілету, ашық курстар, деректер жиын­тығына қолжетімділік және акселерация бағдарламаларын ұсынуда. Қазақстан үшін келесі 10 жылдағы ең маңызды сұрақтардың бірі – кадр мәселесі. ЖИ-ді енгізу тек деректер ғалымы немесе программистпен бітпейді. Өнім иесі, құқықтанушы, қауіпсіздік маманы, домен сарапшысы, оқытушы, мем­лекеттік қызметкер бәріне ЖИ-мен жұмыс мәдениеті керек. «World Economic Forum» есебіне сүйенсек, 2030 жылға дейін 100 адамның 59-ы ЖИ-ді оқытуды қажет етеді делінген. Демек, қайта даярлау жеткіліксіз болса, еңбек нарығындағы теңсіздік ұлғаяды. Сондықтан Қазақстандағы бөлек стратегиялық бағыт ретінде үш мәселе алдыңғы орынға шығады. Біріншіден, қазақ тіліндегі сапалы дерек пен тілдік технологиялар, екіншіден, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қауіпсіздік енгізу стандарттары, үшіншіден, ЖИ-ді өндіріс пен қызмет көрсетуге «механикалық түрде көшіру» емес, нақты экономикалық құндылыққа айналдыру.

ЖИ-ді таңдау емес, онымен өмір сүру

Жасанды интеллект туралы әңгіме бір сұраққа келіп тіреледі. Біз технологияны басқаруға дайынбыз ба, әлде технология бізді өз ырғағына көндіре ме? Әлем кезең-кезеңімен қатаңдайтын заң арқылы тәуекелді бақылауға тырысып жатыр. АҚШ инновацияны жылдамдатуға басымдық берген жаңа жарлықтар қабылдауда. Қытай қоғамдық кеңістік пен қауіпсіздікті реттеуді күшейтетін нормаларды ұсынып отыр. «UNESCO» адам құқықтары мен этиканы ортақ тілге айналдыруға тырысады.

Осы алуан бағыттың ішінде жеке адамға тиесілі ең маңызды шешім – үйрену. ЖИ-ді үйрену барлығын автоматтандыруға көмектесу ғана емес, өз кәсібіңді сақтап қалудың, жаңартудың, қоғамдағы өзгерістерге саналы қатысудың жолы. Ал мемлекет үшін шешім қауіпсіздік пен инновация, бақылау мен бәсеке, ұлттық мүдде мен жаһандық стандарт арасындағы тепе-теңдікті ұстау. Негізгі сұрақ: келесі он жылда ЖИ Қазақстанның еңбек өнімділігін өсіріп, адамзатқа қызмет сапасын арттыра ма, әлде ЖИ тұтынушы болып қала ма? Бұған жауап бір ғана технологиядан тұрмайды. Жауап – білімде, құқықта, институционал қабілетте және ең бастысы, адамдардың жаңа дәуірге бейімделе алуында.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: