Жасанды интеллект пен адамның «Digital Almaty 2025» форумында басты тақырыпқа айналды. Форумда технологиялар, қауіпсіздік және этика саласындағы жетекші сарапшылар ЖИ-дің салаларға әсерін талқылады. Деректерді қорғау, қауіпсіздік мәселелеріне және ЖИ-ді пайдалану кезінде этикалық стандарттарды сақтауға ерекше назар аударды. Форумға қатысушылар ЖИ-дің артықшылығын жеке деректердің құпиялығын бұзу және киберқылмыс қаупінің артатынын атап өтті. Сонымен қатар сарапшылар ЖИ-ді дамытуда жауапкершілік қажет екенін, тәсілді ұстану, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әділдік пен ашықтыққа негізделген реттеу қағидаттарын енгізу қажеттігін білдірді.
Ел экономикасы мен мемлекеттік басқаруға қалай ықпал етеді?
Digital Almaty 2025 форумының басты тақырыптарының бірі – жасанды интеллекттің өнеркәсіпке, экономикаға және мемлекеттік басқаруға әсері болды. ЖИ-дің қаржы, медицина, білім беру, ESG және киберқауіпсіздік салаларына интеграциясы талқыланды. Форум Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдету, инновациялық экожүйені дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астанада «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылатынын жариялады. Бұл орталық стартаптар мен IT-компанияларды біріктіруге және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар «Digital Awards» сыйлығы аясында үздік IT-шешімдер мен инновациялық жобалар марапатталды. Форум аясында 37 панельдік сессия өтіп, 200-ден астам спикер, оның ішінде 60 шетелдік сарапшы қатысты. «AI-driven: Government, business, society» панельдік сессиясында мемлекет пен бизнестің ЖИ саласындағы ынтымақтастығы, инфрақұрылымдық жобалар мен кадр даярлау мәселелері талқыланды.
Еңбек нарығы: қауіп пе, мүмкіндік пе?
ЖИ-дің қарқынды дамуы еңбек нарығына ықпал етеді. «Oxford Insights» компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Ричард Стирлингтің пікірінше, жасанды интеллект бұрын адамдар атқарған міндеттерді өзіне ала бастағанымен, ең тиімді модель – адамның ЖИ-мен бірлесіп жұмыс істеуі.
– Қазірдің өзінде еңбек нарығы өзгеруде. Мен жұмыссыздық туралы айтып жатқан жоқпын, бірақ әр адам жаңа жағдайға бейімделіп, жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренуі керек. Бұл оған құнды тәжірибе береді, – деді Ричард Стирлинг.
Лондонның «Арсенал» клубының және Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Сол Кэмпбелл роботтармен бәсекелесуден қорқудың қажеті жоқ екенін алға тартуда. Оның пікірінше, жасанды интеллект жаңа жұмыс орындарын құруға көмектесіп, экономиканың дамуына серпін бермек.
«Gagarin Capital» және «Davidovs VC» негізін қалаушы Ник Давыдов Қазақстанның IT-индустриясына арналған инвестициялық мүмкіндіктерді жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан Кремний алқабына ұқсас жұмыс мәдениетіне ие, онда адамдар технологиялық жетістіктерге ұмтылып, инновацияларды дамытуға дайын. Ал «Freedom Holding Corp.» бас директоры Тимур Турловтың пікірінше, жасанды интеллектті дамытуға салған инвестицияның болашақта қайтарымы мол.
– Жасанды интеллектіні енгізу оны жасаумен салыстырғанда әлдеқайда көп пайда әкеледі. Тіпті ондаған және жүздеген миллион доллар жұмсалғанның өзінде, соңында нәтижесін көреміз, – деді Тимур Турлов.
Киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау
Форум барысында киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Цифрлық даму министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов дербес деректерді қорғау жүйесі мен кибершабуылдардың алдын алу шаралары туралы баяндады. Елімізде деректерге қол жеткізуді бақылау сервисін, «Bug bounty» платформасын және ақпаратты қорғау жүйелерін енгізген.
– Жасанды интеллект осал тұстарды анықтауда, кибершабуылдардың алдын алуда және азаматтарды қорғауда маңызды рөл атқарады, – деді Руслан Әбдіқалықов.
Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық электр байланысы одағының (БҰҰ ХЭБО) Tier 2 рейтингінде 3-орында тұр. Ендігі мақсат – Tier 1 (Role-modeling) санатына өту, яғни цифрлық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылар қатарына қосылу.
Пайдасы мен зияны
Digital Almaty 2025 аясында өткен панельдік сессияда ЖИ-ді реттеу, этика және қауіпсіздік мәселелері де қызу талқыға салынды. Спикерлердің айтуынша, ЖИ дамыған сайын дербес деректердің құпиялылығын сақтау мәселесі өзекті бола түсуде.
ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, 2024 жылы қазақстандықтар интернеттегі алаяқтық салдарынан 45 млрд теңге қаржы жоғалтқан. Бұл жағдайлардың 98%-ында олар деректерін алаяқтарға өз еркімен берген. Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, дипфейк технологиялары мен интернеттегі деанонимизация мәселелері ақпараттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді.
Форумға қатысқан британдық «Bedrock AI» және «Diverse AI» компанияларының негізін қалаушы Тодзю Дюк ЖИ алгоритмдерінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Жасанды интеллект қарқынды дамып келеді және артықшылығы да айтарлықтай көп. Алайда оны дұрыс пайдалану үшін ашықтық, есеп беру және этикалық нормаларды сақтау маңызды, – деді ол.
ЖИ және телекоммуникация саласының болашағы
Digital Almaty-2025 халықаралық форумында «Байланыстан интеллектке: телекоммуникация ЖИ индустриясының негізі» тақырыбында панельдік сессия өтіп, жасанды интеллекттің (ЖИ) телекоммуникация саласын дамытудағы маңызды рөлі зерттелді. Бұл алаңда еліміздің телекоммуникация инфрақұрылымының жаңартылуы, 5G технологиясына қосылу және инновациялық шешімдер көрмесі таныстырылды.
Қазақстан осы саладағы қызметтер мен байланыс сапасын жақсарту мақсатында бірқатар бастамаларды іске асыруда. Олардың ішінде ең ірісі – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы. Бұл жоба елді мекендерді, автожолдарды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуге, инфрақұрылымның сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамыту, өңірлік дата-хаб құру, сондай-ақ спутниктік технологияларды пайдалана отырып, шалғай ауылдарға интернет қызметін жеткізу көзделген.
Елдегі тағы бір маңызды жоба – 5G желісінің дамуы. «Кселл» компаниясы 5G технологиясын еліміздің бірнеше аймақтарында енгізіп, осы арқылы қала инфрақұрылымында да, өнеркәсіп саласында да байланыс пен деректерді жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда. Компанияның Басқарма төрағасы Асқар Жамбақиннің айтуынша, 2024 жыл «белсенді құрылыс жылы» болып, 5G желісін кеңейту жұмыстары жалғасады. Бұл технология жаңа өндірістік процестерді автоматтандыруға және нақты уақыт режимінде жоғары жылдамдықты деректерді беруге мүмкіндік береді.
«Beeline» Қазақстан цифрлық операторы да жасанды интеллекттің дамуына белсенді түрде үлес қосып отыр. Компанияның бас директоры Евгений Настрадиннің айтуынша, олар 5 жыл бұрын басталған жасанды интеллектті дамыту бағдарламаларын жалғастырып, ЖИ технологияларын қолдану арқылы қызмет көрсету сапасын жақсартты. Сонымен қатар «Beeline» компаниясы қазақ тіліндегі «KAZ-LLM» үлкен тілдік моделін әзірлеуге қатысып, Қазақстандағы жасанды интеллекттің дамуында маңызды қадам жасады.
Жалпы алғанда, жасанды интеллект және телекоммуникация саласындағы инновациялық технологиялардың интеграциясы Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын жаңартуға және дамытуға серпін береді. Жасанды интеллектінің және 5G технологиясының пайдаланылуы елдің экономикалық өсуіне ықпал етіп, мемлекеттік басқаруды автоматтандыруға және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Digital Almaty 2025» цифрлық технологиялар саласындағы маңызды іс-шара екенін тағы да растады. Форум жасанды интеллектті енгізу және реттеу мәселелерін талқылауға, сарапшылар мен бизнес өкілдері арасында тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Қазақстан цифрлық қауіпсіздікті күшейтіп, жасанды интеллектіні жауапты пайдалану тетіктерін әзірлеу арқылы халықаралық деңгейде көшбасшы болуға ұмтылып отыр.
ЖИ-дің еңбек нарығына, киберқауіпсіздікке және инвестициялық ахуалға әсері оның болашақта қоғам мен экономикада маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Бұл технологиялық өзгерістерге дайын болуы үшін мемлекеттік және жеке сектор ынтымақтастығын күшейтіп, кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған қадамдар жасауы қажет.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!