«Қыздар, қыздар, сұлусыңдар» деп әуелетіп ән шырқаған заман өтті. Ол кезде табиғи сұлулықтың қадірі бөлек болатын. Ал қазіргі уақытта көшеге шықсаң да, әлеуметтік желіні ашсаң да, көз сүрінерлік аруларды көресің. Әдемілігі соншалық, бір-бірінен айнымай қалғандай. Қиылған қас, шиедей ерін, ботадай мөлдір көз, қолаң шаш. Барлығы бір біріне ұқсайды. Бәрі бір қалыпқа сыйып кеткендей. Бірақ бұл табиғаттың сыйлаған сұлулығы емес, жасанды жолмен жасалған кейіп екені бәрімізге анық. Әркімнің өз таңдауы бар, әрине. «Жарасса болды ғой» дейтіндер де табылады. Дегенмен, сол жарасымды іздеп жүріп, орны толмас өкінішке ұшырағандар қаншама. Артық қыламын деп, тыртық қылып алғандардың тағдыры бүгінде көпшілікке сабақ болуы тиіс. Сұлулық құрбаны болу – тәуелділік пе? Бірге зерттеп көрелік.
Пышақ пен ине арқылы сұлулыққа жетуді көздейтіндер қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұрын пластикалық отаны естігенде таңырқай қарайтын едік. Қазір ол үйреншікті дүниеге айналды. Алғашқыда мұндай оталар жарақаттан кейінгі зақымдарды немесе туа бітті ақауларды түзету үшін жасалатын. Алайда соңғы жылдары табиғи болмысынан еш ақауы жоқ, дені сау адамдардың өздері сән қуып, дәрігерлердің пышағына түсуде. Әсіресе әйелдер қауымы сыртқы сұлулыққа көп мән береді. Біреуіне көзі, екіншісіне мұрнының қыры ұнамаса, үшіншісі ернін үлкейтуді сәнге айналдырған. Әрине, мұның бәрі арзанға түспейді. Бірақ қыздар несие рәсімдеп болса да, қалтасындағы соңғы тиынына дейін уақытша әсемдік үшін бәріне дайын.
Мәселен, бүгінде кең тараған оталардың бірі – блефаропластика, яғни көздің пішінін түзету. Бұл ота жоғарғы және төменгі қабаққа жасалады. Артық теріні, майды алып тастау арқылы көзді үлкенірек етіп көрсетеді. Әдемілікке құмар арулар мұны бір сәтте ботадай көзге қол жеткізудің оңай жолы деп біледі. Дегенмен отаның зиянды тұстары да жоқ емес.
– Көзіме блефаропластика жасаттым. Алғашқы кезде бәрі жақсы көрінді. Бірақ уақыт өте келе көзім шүңірейіп, асимметрия пайда бола бастады. Яғни дәрігер көзімнің майын шамадан тыс алып тастапты. Әсіресе сол жақ көзім қатты бұзылды. Қазір көзілдіріксіз ешқайда шықпаймын. Тіпті көру деңгейім де төмендеп кетті. Өкініштісі мұның бәрі қайта қалпына келмейді. Бұндай қауіпті отаға келісер алдында міндетті түрде дәрігермен арнайы келісімшарт жасау керек екен. Сондай-ақ маманнан біліктілігін дәлелдейтін сертификат талап еткен жөн. Менің қателігім маманнан ештене талап етпегенімде, – дейді аты-жөнін жасырғысы келген ару.
Мамандардың айтуынша, мұндай операцияның бағасы 40 мыңнан бастап 200 мың теңгеге дейін барады. Әдісіне қарай құны өзгеріп отырады. Соңғы жылдары тіпті «жіппен істелетін» түрі де жақсы дамыған.
Келесі кең тараған түрі – ринопластика, яғни мұрынды түзету. Қыр мұрынды армандағандар үшін бұл отаның сұранысы жоғары. Оның құны 200 мыңнан бастап, 1,5 миллион теңгеге дейін шарықтайды. Әдемі боламын деп ойлағанымен, сәтсіз шыққан жағдай да кездеседі. Бұл да – үлкен тәуекел.
Ал соңғы жылдары көпшіліктің қызығушылығын оятқан тағы бір процедура – ерін үлкейту. Бұрын оймақтай ауызды сұлулыққа балап, ән-жырға қосқан халқымыз бүгінде ерінді қалыңдатуды сән көріп отыр. Тіпті туған күнге немесе мерекелерге ерінге филлер салдыруға арналған сертификаттар сыйға беріледі.
– Көптен бері ерін жасатуды армандадым. Алғашында ата-анам қарсы болды. Кейін өзімнің қалауыммен, ақыры жасаттым. Алғашқыда 0,5 мл салдырдым. Біраз уақыттан соң аз көрініп, тағы 1 мл қостырдым. Бірақ нәтижесінде ернім іріңдеп, инфекция түсіп кетті. Ақыры қайтадан өшіртуге тура келді. Шынымды айтсам, бұл үлкен тәуелділікті талап етеді. Бір рет жасатсаң, тағы жасатқың келеді, – дейді Аружан Тұрсынова есімді қыз.
Мамандардың пікірінше, пластикалық ота – психологиялық тәуелділікке әкелетін құбылыс. Әдетте өзіне көңілі толмаған адам бір рет қана жасатып қоймайды. Бұл – адамның өзін қоғамдағы «идеалдарға» ұқсатуға тырысқан әрекеті.
Ал дене бітімін түзетуге арналған липосакция да көпшілікті қызықтырады. Қол мен іштің майын ота арқылы алып тастау арқылы дене пішінін қалыпқа келтіреді. Бірақ фитнес мамандары бұл әдістің ағзаға зиянды екенін айтады.
– Жасанды жолмен алынған май уақытша нәтиже береді. Бұл ағза үшін зиянды. Дұрысы спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтану. Егер жаттығу залына баруға мүмкіндігіңіз жоқ болса, күніне 10 мың қадам жүрудің өзі артық салмақтың алдын алады. Пластикалық отаны жалқаулықтың нәтижесі деп айтуға болады. Әдемілік үшін денсаулықты құрбан ету дұрыс емес, – дейді фитнес-тренер Зере Пралиева.
Бұдан бөлек, құлақты түзетуге арналған отопластика да жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Ата-аналар балаларының «шығыңқы құлақ» үшін ұялып, психологиялық жарақат алмауын ойлап, бұл отаны қолдайды. Ол 16 жастан бастап жасалады.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда соңғы бес жылда пластикалық операция жасататындар саны артуда. Әсіресе 18 бен 30 жас аралығындағы жастардың үлесі басым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде жыл сайын 23 миллионға жуық пластикалық ота жасалады. Оның ішінде ең көп тарағаны – ринопластика, блефаропластика және ерін үлкейту процедуралары.
Иә, сұлулықтың шегі жоқ. Бірақ әр дәуірдің сәні әртүрлі. Бүгінгі тренд ертең ескіріп қалуы мүмкін. Ал табиғат берген даралық ешқашан мәнін жоғалтпайды. Шынайы әсемдік – адамның табиғи болмысында, мінез-құлқында, жүріс-тұрысында. Жасанды жолмен келетін сұлулық уақытша ғана. Ал сәтсіз шыққан ота – өмірлік өкінішке айналады. Қалай десек те, отаға барарда 10 рет ойланған жөн.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!