Сенбі, 09 тамыз, 14:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59,2172
09.08.2025
PDF мұрағаты

Жастар күні қалай өтеді?

09.08.2025

52 0

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай өңірде кең көлемде аталып өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралар легі бастау алмақ. Биылғы мерекелік бағдарламалар «Qyzylorda jastar fest» тақырыбында ұйымдастырылып отыр. «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек жоспарланған іс-шаралар туралы БАҚ өкілдеріне берген брифингте баяндады.

– «Qyzylorda jastar fest» фестивалі – жастардың шығар­машылық әлеуетін ояту, эко­логиялық мәдениетті қа­лып­тастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлт­тық құндылықтарды дәріп­теу бағытында ұйымдас­тыры­лып отыр. Жастар – ел ертеңі. Сондықтан олардың белсенділігін арттырып, қоғамдағы рөлін нығайту басты мақсатымыз, – деді орталық директоры  Медет Ерданаұлы.

Мәдени-көпшілік іс-шаралар 8 тамыз күні «Таби­ғатты сақта – болашақты қорға» атты экологиялық сайыспен басталады. Бұл іс-шара – жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін оятуға бағытталған. Экосайыста әр топ 10 адамнан құралады. Қатысушылар арнайы белгі­ленген аумақтан қалдық­тарды сұрыптап жинауы тиіс. Қоқыстарды бөлек-бөлек ар­найы қаптарға салуы тиіс. Іс-шара барысында медициналық қауіпсіздік толығымен қам­тамасыз етіледі. Арнайы құрылған комиссия мүшелері қазылық етіп, жеңімпаздарға ақшалай жүлде табысталады.

Іс-шаралар легі 9 тамыз күні де жалғасады. Бұл күні заманауи би өнеріне қызығушылық таны­­татын жастар үшін ерек­ше мүмкіндік туып отыр. «Qyzylorda youth fest» аясында би топтары мен талантты бишілердің өнер додасы өтеді. Түрлі заманауи бағытты меңгерген жастар өз өнерлерін ортаға салып, тартысты сайыс өткізбек.

Сонымен қатар қазақтың ұлы ақыны Абайдың 180 жылдығына орай «Абай сөзі» атты челлендж ұйымдастырылады. Жастар дана ақынның қара сөздерін жатқа айтып, Абай мұрасын насихаттауға өз үлесін қоспақ. Бұл бастама ұлттың рухани байлығын ұлықтауға бағытталған игі іс.

Ал 11 тамыз күні жастардың көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың рухына тағзым ету шарасы өтеді. Бұл – өткенге тағзым ету арқылы болашаққа бағдар жасайтын маңызды іс-шара.

Осы күні «Қызылорда – жастар қаласы» атты фотокөрме байқауы да өтеді. Қаланың көркем келбетін, ерекше сәттерін суретпен сөйлеткен жас фотографтар қала тарихы мен бүгінгі келбетін өз көзімен көрсетеді. Бұл байқау шығармашыл жастардың көзқарасын, өнерге деген ықыласын айшықтайтын тамаша алаңға айналмақ.

Сондай-ақ мереке қарсаңында дене шынықтыру мен спортты насихаттауға арналған «Шыңды бағындыр» атты турникке тартылу сайысы өтеді. Бұл – жастарды спортқа баулуға бағытталған ерекше бастама.

Музыка өнеріне жақын жастар үшін де жағымды жаңалық бар. «Жұлдызды әуен жастармен бірге» атты акустикалық ән кеші ұйымдастырылады. Кеште жас әншілер өздерінің авторлық және танымал туындыларын шырқап, таланттарын көрер­менге паш етеді.

Жастар мерекесіне арнал­ған қорытынды кеш 12 тамыз күні өтеді. Бұл күні  орталық  алаңда «Qyzylorda youth fest» атты гала-концерт ұйымдастырылады. Сахна төрінде өңірдің үздік өнерпаздары, жас таланттары өз өнерін көрсетеді. Мерекелік кештің жұлдызды қонағы «BELLUCCI»  тобы да өнер көрсетпек.

– Жастардың шығарма­шылы­ғына жол ашып, қоғамдық өмірге белсене арала­суына жағдай жасау біз үшін маңызды іс. Сондықтан барша қала жастарын халықаралық жастар күніне арналған іс-шараларға белсене қатысуға шақырамыз, – деді Медет Ерданаұлы.

Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: