Сенбі, 28 желтоқсан, 10:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жастар театрының маусымашары қала күніне арналды

21.09.2024

193 0

Қызылорда аспанын ән мен жырға бөлейтін «Қала күні» мерекесінің шымылдығы қалалық Жастар театрының сахналауымен өткен «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?..» лирикалық драмасымен түрілді. Теңізде туған тұлға… Өзі аяқсыз қалса да, сөзі аяқсыз қалмаған – Зейнолла ақын. Өлеңмен өрілген өмір. Сыйластықпен басталып, қимастыққа ұласқан сезім. Тағдырлы ақынның шиеленісті өмірі, шырғалаңға толы сәттері мен шығармашылығындағы шерменде күйін сезіндірген жаңа қойылымның авторлары – ақын-жазушы, журналист Толыбай Абылаев және режиссер-сценарист, Жастар театрының көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов. Қойылымның басталған сәттен-ақ көрерменді иіріп әкеткені зал ішіндегі күрсіністер мен ризашылықпен қошемет білдірулерден сезіліп тұрды. Премьера аяқталған соң Жастар театрының жаңа маусымына арналған қала әкімінің ықылас гүлі тарту етіліп, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов драма авторлары мен театр труппасына ерекше қойылым үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, лирикалық драма авторлары ақын-журналист Толыбай Абылаев пен режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, Арал ауданынан келген Зейнолла ақынның жерлестері атынан «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла Зейнолла ақынның халық жадынан мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті. Бүгінгі Жастар театрының жаңа маусымдағы жаңа қойылымы қала күні мерекесінің де ресми түрде басталғанын сүйіншілейді. Қала күні мерекесін тойлау биыл қыркүйек айының 17 жұлдызынан басталып, 12 қазанға дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылатынын бұған дейін де айтқан болатынбыз.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: