Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жастарды қолдаудың нәтижесі қандай?

19.11.2024

313 0

Бүгінде аймағымызда жастар саны артып келеді. Cтатистикалық мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласында 2024 жылы халық саны 397,8 мың адамды құраса, оның ішінде 28,1 пайызы немесе 101020-ы 14 пен 34 жас аралығындағы жастарды құрайды.

Ресурстық орталықтардың қызметі көптеген маңызды бағытты қамтып, жастардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беру – орталықтың бір міндеті. Аймағымызда жастар саясатын дамытуға бағытталған «Qosyl» жастар орталығы нақты нәтижеге қол жеткізіп келеді. Орталық қала жастарының әлеуетін көтеруге, олардың шығармашылығын арттыруға және қолдау көрсетуге үлкен мән береді. Орталық жобаларды жастар арасында танымал ету үшін «Qosyl» брендін ойлап тауып, «Qosyl Kenes», «Qosyl Sport», «Qosyl Game» және «Qosyl Dance» сияқты жобаларды жүзеге асыруда. «Qosyl» бренді жастар арасында тез танымал болып, олардың қызығушылығын оятуда. Әрбір жоба жастардың белгілі бір саладағы қабілетін дамытуға бағытталған. Мысалы, «Qosyl Kenes» жастарға кеңес беру және қолдау көрсету қызметін ұсынады. Бұл жоба арқылы жастар өз мәселелерін шешуге және жаңа мүмкіндіктерді ашуға көмек алады. «Qosyl Kenes» жобасы жастарға консультативтік жұмыстарды ұйымдастыру бойынша жыл басынан бері «Мүмкіндіктер алаңы»  10 мәрте, қалаға қарасты Қарауылтөбе, Талсуат, Қызылжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде «Көшпелі кеңес» 4 мәрте ұйымдастырылды. Жастарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясындағы шаралар ай сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл іс-шаралар жастарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуына және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді.

– «Qosyl Sport» жобасы аясында 37 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 1435-тен астам жас қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат ететін жоба аясында орталық жанында тұрақты волейбол және «ping pong» үйірмелері қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде үйірмелерге ай сайын 150-ден астам тұрақты келушілер бар. Үйірме қатысушылары арасында сайыстар өтіп тұрады. «Жастар бастамаларын қолдау және шығармашылық бағыттағы іс-шараларды ұйым­дастыру» әлеуметтік қызметі бойынша жастар мен жасөспірімдерді тарту арқылы «Шыңды бағындыр» қалалық турнирінің іріктеу сайысы бойынша 20 аймақта 100-ге жуық жастың қатысуымен турникке тартылудан іріктеу өтті. Қаладағы ірі сауда орындары мен базарларда жастар арасында кіші футболдан «Достық кубогі» үшін турнир екі рет, ал «Ауыл әкімі кубогі» үшін төрт рет ұйымдастырылды, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Бексұлтан Нұрғазы.

Орталық маманының айтуынша, «Qosyl Game» жобасы жастар арасында өте танымал. Жоба интел­лектіні дамыту, логикалық ойлауды жетілдіру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған. Жастар арасында танымал «Монополия», «Мафия», «UNO» және басқа да үстел ойындары арқылы орталыққа келушілер саны тұрақты түрде артып келеді.

– Сонымен қатар «Qosyl Dance» заманауи және шығармашыл жастар үшін орталықта арнайы би залы бар. Бүгінде 10-ға жуық би топтары залда тұрақты түрде дайындалып, орталық қызметін белсенді пайдаланып келеді. Соңғы 3 жыл ішінде «Qosyl» заманауи би тобы республикалық және облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр, – дейді орталық маманы Аружан Сеилханова.

Қалалық ресурстық орталық жастардың өз жоба­ларын жүзеге асыруына бірқатар мүмкіндік ұсынуда. Атап айтқанда, жастарға тегін қызмет көрсететін WI-FI, коворкинг орталығы, креатив фото-видео студиясы және жастар ұйымдарының тегін кабинеті бар. Бұл қызметтер жастардың шығармашылық қабілетін арттырып, уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді. «Google» тіркеу журналы арқылы жүргізілген есепке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін орталыққа келушілер саны 6675 жасқа жеткен. Орталық маманы Бексұлтан Нұрғазының айтуынша, жастар өзінің бос уақытын пайдалы өткізіп, ресурстық орталықта көптеген жобаны жүзеге асырып келеді.

– Жастардың қажеттіліктері әртүрлі. Барлық жастың сұранысын қанағаттандыру мақсатында үздіксіз қызмет жасап отырамыз. Біздің мақсатымыз –  жастардың қандай санаты болса да сапалы қызмет көрсету. Жұмысқа орналасуына жағдай жасау, мемлекеттік бағдараламаларға қатысуына көмектесу, бос уақыт­тарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік беру басты бағытымыз, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Бексұлтан Нұрғазы.

Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығын табыстау әлеуметтік жобасы техникалық мамандықтарды насихаттау және жастарды біріктіруге бағытталған.

– Жоба аясында бірнеше маңызды іс-шара ұйым­дастырылды. Атап айтқанда, «Жас дәнекер­леушілер», «Жас тігіншілер», «Жас электриктер», «Жас аспаздар» «Жас құрылысшы»  байқаулары ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Бұл игі шараға 80 жас қатысты. Сонымен қатар өңірде жастар саясатын жүзеге асырып жүрген азаматтарды марапаттау мақсатында 5 азамат анықталатын болады, – дейді «Qosyl» қалалық жастар орталығы маманы Бексұлтан Темірханұлы.

Қала жастары арасында патриоттық рух пен отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы іс-шараларды іске асыру әлеуметтік қызметі бойынша жастар арасында «Мен өз елімнің патриотымын» байқауы ұйымдастырылған.

– Отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша жас келіндер арасында «Келіні жақсының керегесі алтын» атты байқау, ата-аналармен кездесу, психолог және заңгер мамандардың жеке онлайн және оффлайн кеңес беру ұйымдастырылды. Мұнан бөлек, қала мектептері мен ТжКБ мекемелерінің 60 психолог мамандарын оқыту тренингтері өтті, – дейді орталық маманы Ғазиза Қожантай.

Үйірмелер жұмысын ұйымдастыру бойынша 7000 жас арасында сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде «Би», «Волейбол», «Үстел теннисі» және «Үстел ойындары» үйірмелері апта сайын қызмет көрсетуде. Үйірме қатысушылары арасында тұрақты сайыстар ұйымдастырылуда. 3000 жастың қатысуымен сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде жастар дағдыларын дамыту бойынша 3 бағытта «Фотоаппарат негіздері», «Мобилография» және «Кәсіпкерлік» оқыту курстары ұйымдастырылды. Мобилография курсы бойынша 3 топ оқытылып, 20 жас аяқтап шықты.

– Мұнан бөлек, мемлекеттік қызметшілер арасында «Жайдарман», «Өнер барысы – 2024», жастар мен  жасөспірімдердің қатысуымен атаулы мерекелік күндер бойынша 12 түрлі акциялар, кештер мен концерттер ұйымдастырылып, 8 мерекелік іс-шара, «Жастар фестивалі» мен ашық аспан астындағы мерекелік концерт  қазан-қараша айында өтті, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Бексұлтан Нұрғазы.

София Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: