Сейсенбі, 29 сәуiр, 13:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31,2144
29.04.2025
PDF мұрағаты

Жасұлан Алдабергенов, «ASLAN» балалар киностудиясының директоры: Кино арқылы болашаққа жол ашып келеміз

29.04.2025

98 0

Қызылорданың мәдени өмірінде кейінгі жылдары ерекше серпіліс байқалады. Бұл – жастардың шынайы ықыласы мен шығармашылығының жемісі. Солардың бірі – Жасұлан Алдабергенов. Көп жыл бойы жастар саясатының бел ортасында жүріп, бүгінде жобалармен айналысып келеді. Соның бірегейі – «ASLAN» балалар киностудиясы. Бес жыл бұрын негізі қаланған бұл студия бүгінде жүздеген баланың арманына, шығармашылықтың ордасына айналып үлгерді. Осы мерейлі кезеңге орай, студия жетекшісімен сұхбаттасып, өткенге шолу жасап, келешекке көз жүгірттік.

– «Аслан» киностудиясы қалай құрылды? Алғашқы қадамдар қандай болды?

– Иә, бұл жол оңай басталған жоқ. Негізі, мен фото және видео саласына 2018 жылы бет бұрдым. Әуелде той түсіріп бастадық. 2020 жылы пандемия кезінде той тоқтап, шығармашылық ізденіске бет бұруға тура келді. Сол кезде облыстық кәсіпкерлік басқармасы ұйымдастырған инновациялық жобаларға берілетін қайтарымсыз грант байқауына қатыстым. Арман көп, мүмкіндік аз кез. Бірақ, шүкір, 5 миллион теңге сұрап, 3 миллион теңге грант жеңіп алдық. Кәсіпкерлік басқармасының қолдауы мен үшін үлкен демеу. Сол қаражат арқылы алғашқы техникаларымызды алып, студия жұмысын нақты бастап кеттік. Балаларға арналған студия құру идеямыз сол кезде жүзеге аса бастады.

– Студияның бес жылдық белесінде қандай жетістіктерді атап айтар едіңіз?

– Осы уақыт аралығында біз үлкен жұмыс атқардық. Екі толықметражды фильм, екі маусымнан тұратын екі сериал, 30-дан астам қысқаметражды фильм түсірдік. Соның ішінде «Бақталас» атты жастарға арналған сериалымыз ерекше ықыласқа ие болды. Бірінші маусымы он бөлімнен тұрды. Оқушылар арасында өте танымал болды, YouTube арнасында мыңдаған қаралым жинады. Көрерменнің сұранысымен екінші маусымын да түсірдік.  Сонымен қатар «Сәт» атты веб-сериалымыз да көрермендердің көңілінен шықты. Түсірілім жұмыстарына «ASLAN» балалар киностудиясының тәрбиеленушілері қатысты. Сериалда бала махаббат, үлкеннің кішіге қамқорлығы, ер баланың қыз балаға сыйластығы сынды тақырыптар қамтылған. Бұдан бөлек, жастар мен ата-аналарға арналған тәрбиелік әлеуметтік роликтеріміз де бар. Әр жоба – балалардың қабілетін ашуға, болашағына бағыт беруге арналған. Осы 5 жыл ішінде өнер мен кино саласына қызығушылық танытқан көптеген талантты жастың армандарына жол аштық. Бұрын киноға түсу үшін жастар Алматыға, Шымкентке немесе басқа ірі қалаларға баруға мәжбүр болса, бүгінде өзіміздің Қызылордадағы киностудия арқылы кино әлеміне алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік алып отыр. Біздің жұмысымызға ризашылық білдіріп, алғыс айтқан ата-аналар саны аз емес. Бұл – еңбектің нәтижесі. Ең бастысы, біз жастардың арманын орындап, оларды шабыттандырып келеміз.

– Балалармен жұмыс істеу оңай емес екені белгілі. Дегенмен қабілетті балаларға қандай мүмкіндік бар?

– Біздің студияда аптасына екі рет актерлік шеберлік курстары өтеді. Бұл сабақты Н. Бекежанов театрының кәсіби актрисасы, өте тәжірибелі маман Зәлипа Төлепова апайымыз жүргізеді. Сабақ барысында балалар сахнада өзін еркін ұстауды, эмоциямен жұмыс істеуді үйренеді. Бұдан бөлек, біз кәсіби режиссерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, танымал актерлермен арнайы кездесулер ұйымдастырып келеміз. Киноға түсуге ниетті балалар алдымен арнайы дайындықтан – актерлік шебер­лік курстарынан өтеді. Кейін оларды өзіміздің кино жобала­ры­­мызға қатыстыру арқылы өнерге баулимыз. Бұл бастама­лардың барлығы – балалардың шығармашылық қабілетін ашып, дамытуға бағытталған. Актерлік шеберлік сабақта­рында олар өз ойларын еркін жеткізуді, сахнада сенімді болуды және эмоцияларын нақты жеткізуді үйренеді. Ал кәсіби актерлер мен режиссерлермен жүздесу олардың армандарына бір қадам жақындауына серпін береді. Осындай мүмкіндік жасау – біз үшін үлкен мақтаныш. Өйткені бұл – жай ғана сабақ емес, бұл – жастардың болашағына салынған инвестиция деп білеміз. Балалар алдымен курсқа қатысады, содан кейін ғана кино жобаларымызға қатысуға мүмкіндік алады.

– Алдағы жоспар қандай?

– Студияның құрылғанына  5 жыл толуына орай толықметражды фильм түсіріп жатырмыз. Қазір Жаңақорған ауданындағы «Тау Саумалы» лагерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Кастинг ұйымдастырып, демалыс пен кино түсірілімін қатар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – жастарға тамаша тәжірибе, әрі өз өнерлерін көрсетуге үлкен мүмкіндік. Жастар сол ортада өздерін жаңа қырынан көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін дамытады деген сенімдеміз. 5 жылдық мерекемізде үлкен көрсетілім ұйымдастырамыз. 5 жылдық аясында концерттік бағдарламалар, түрлі іс-шаралар өтеді. Бізге осы жылдар ішінде қолдау көрсеткен мекемелер мен серіктестерге алғыс ретінде арнайы марапаттар табыстауды жоспарлап отырмыз. Жоспарларымыз көп. Соның бірі – толықметражды фильмнен бөлек, қала және аудан мектептерін аралап, сол киноны оқушыларға көрсету. Бұл – балаларға шабыт, ал біз үшін еңбегіміздің нәтижесін көру. «ASLAN» балалар киностудиясы – армандар орындалатын орын ғана емес, ел болашағы саналатын ұрпақтың мәдениетке, өнерге деген махаббатын оятатын, өмірге жол сілтейтін мекен. Бұл студиядан талай үлкен өнер жолын бастаған жастың аты әлі талай ел аузында жүрері анық.

– Қазақ кино индустриясында балалар киностудиялары­ның орны қандай деп ойлайсыз?

– Кино – идеологияның бір формасы. Қазір кино саласы Алматы, Астана, Ақтау сияқты қалаларда жақсы дамып жатыр. Ал Қызылордада бұл бағытқа әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Тек дәстүрлі өнермен ғана шектелмей, заманауи бағыт­тарға да бет бұру керек деп ойлаймын. Осындай студия­лар арқылы шығармашыл жастарға жол ашылады. Бұл – ұлттың мәдени, рухани деңгейін көтеруге тікелей әсер етеді.

– Жас кинематографистерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, армандаудан қорықпау. Екіншіден, еңбекқор­лық. Табысқа жетудің кілті – мақсат қою, сенімділік және тоқтаусыз еңбек. Бізде мүм­кіндік аз болды, бірақ тоқ­тамадық. Қазіргі жастарға көп мүмкіндік берілген. Тек соны дұрыс пайдалану керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

София Хайрулақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: