Қасиетті топырақ Ақтайлақтан майданға аттанып, Ленинград түбінде көз жұмған Аштанбай Сағындықов жайлы тағдырлы хикая.
Қаңтар. 1943 жыл. Ленинградтың ақ қар, көк мұз басқан даласы. Аспан сұрланып, айнала тып-тыныш. Тек алыстан естілген зеңбірек гүрсілі мен жаралылардың әлсіз ыңыранған үні ғана өмірдің бар екенін сездіріп тұр. Медициналық-санитарлық батальонның уақытша лазаретінде жатқан бір жауынгердің көкірегінен үздік-үздік дем шығады. Көзіне туған даласы, анасы Айсұлу мен адал жары және үлбіреген үш қызғалдағы елестеп кеткендей. Соңғы күрсінісі – «Апа… қыздарым-іздерім…» – деді де, үні үзіліп қалды…
Бұл – Аштанбай Сағындықовтың өмірінің соңғы сәті еді.
Аштанбай ата – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылынан 1942 жылдың сәуір айында майданға аттанған. Артында егде тартқан анасы – Айсұлу әже, жары және үш бірдей қызы қалған. Сол қыздарының кенжесі – Төлеген апа бүгінде 85 жаста.
Ол өмір бойы әкенің тағдырынан бейхабар болып, жүрегінде бір арманды тербетіп келді. «Әкем қайда қалды?» Бұл сұраққа жауап табу оңай болған жоқ. Кеңес кезінде партия-кеңес саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Төлеген апа архивтермен, әскери комиссариаттағы құжаттармен, интернеттегі іздеу қызметтерімен айналысып, ақыры, 2024 жылы, арада 81 жыл өткенде әкесінің нақты қайда жерленгенін анықтады.
Құжат бойынша Аштанбай Сағындықов 1943 жылдың 15 қаңтарында ауыр жарақаттан көз жұмған. Ол Ленинград облысы, Кирчанский ауданы, Кириш-Будогашь темір жол вокзалынан 300 метр оңтүстік-батысқа қарай, №53 темір жол бөлігінің тұсындағы белгісіз жауынгерлер жерленген зиратқа қойылған. Сонау майдан даласында, қар басқан темір жол маңында, үнсіздікке сіңіп жатқан боздақтардың бірі сол – Аштанбай ата еді.
Ал Төлеген апа – тек іздеуші емес, әке алдындағы борышын сезінген ардақты жан, адал қыз. Оның адалдығы мен табандылығы арқасында биыл, 2025 жылдың 9-мамырында – Жеңіс күні, әкесінің топырағы туған жерге – Тұрмағамбет ауылына жеткізіліп, қайта жерленетін болды. Бұл бастамаға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы үлкен азаматтық танытып, топырақты жеткізу жұмыстарына тікелей қолдау көрсетті.
– Әкемнің бейіті енді белгісіз емес. Оның топырағы туған жерге оралды. Бұл – менің ғана емес, әжем Айсұлудың, анамның және марқұм екі апамның арманы еді, – дейді көзіне жас алған Төлеген апа.
Бұл – тек әкенің рухымен қауышу ғана емес, кешіккен әділеттің орнауы. Бір ұрпақ жоғын түгендеді. Бір ананың құрғамай өткен көз жасы – кенже қыздың адал ізденісімен нұр сәулеге айналды.
Темір жолдың бойындағы үнсіз қабір енді үнсіз емес. Онда – туған жерге іңкәр болған, адалдықпен жан тапсырған жауынгердің рухы жатыр. Бүгінде ол – еліне, туған топырағына оралды.
Тұрмағамбет топырағы енді оны қайта құшағына алды.
Тағзым саған, ер Аштанбай!
Қош келдің, туған жеріңе!
Берік Саймағанбетов,
жыршы,
ҚР мәдениет қайраткері
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!