Сейсенбі, 29 шiлде, 18:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№ 56, 2169
29.07.2025
PDF мұрағаты

Жазда спортпен шұғылданудың 5 пайдасы

29.07.2025

55 0

Жаз – жыл он екі айдың ішіндегі ең еркін, ең жарық, ең тіршілігі қызған мезгіл. Табиғат түгел түрленіп, айналаға ажар біткен бұл шақта адамның да жан дүниесі серпіліс іздейді. Таза ауамен кеудесін кере тыныстағысы келіп, көкірегін самалға тосқысы келетіндей күй кешеді. Мұндайда көше бойындағы спорт алаңдары мен саябақтарда, жағалауда жаттығу жасап жүрген жандарды жиі кездестіресіз. Бірі таңғы жүгіруді әдетке айналдырса, енді бірі велосипед тебуді ермек етеді.

Жалпы жаздың әр күні қозғалысқа, белсенді өмірге шақырады. Көп адам дәл осы мезгілде спортқа ден қояды, жаңа әдет қалыптастырып, өз денсаулығына ерекше көңіл бөле бастайды. Себебі жаз денені шынықтыруға, артық салмақтан арылуға, иммунитетті нығайтуға таптырмас мүмкіндік. Ашық аспан астында жаттығу жасау тек бұлшық етті қатайтумен шектелмейді, ол көңіл күйді көтеріп, адамды күнделікті күйбең тіршіліктен алыстатып, өмірге жаңаша қарауға жетелейді. Қала тұрғындары үшін де бұл мезгіл жай ғана демалыс емес, денсаулықты күшейтудің тиімді жолы. Қалада соңғы жылдары саябақтар мен спорт алаңдары көбейіп, тұрғындардың салауатты өмір салтына бет бұруы артып келеді. Осы орайда жазғы спорттың адам денсаулығына, өмір сүру сапасына тигізер нақты пайдасы қандай деген сұрақ туындайды. Ендеше, жазда спортпен шұғылданудың бес артықшылығына назар аударайық.

1. Табиғи дәрумен

Жаздың ең үлкен сыйының бірі – күн шуағы. Бұл мезгілде адам баласы табиғатқа жақындай түсіп, күн көзінен қуат алады. Дәл осы кезде ағзаға аса қажет D дәрумені молынан түзіледі. Бұл дәрумен сүйек тіндерін қатайтып, бұлшық еттің дамуына, иммунитеттің артуына сеп болады. Ашық аспан астында таңғы жүгіру немесе кешкі серуеннің өзі ағзаға шипа. Жабық залға қамалмай-ақ, табиғат аясында жаттығу жасау денсаулықты сақтаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы.

2. Артық салмақпен күресу

Жаз күндері дене көп терлейді. Бұл зат алмасудың белсенді жүретін кезеңі. Жүгіру, жүзу, велосипед тебу, белтемірмен жұмыс бәрі де артық салмақты азайтып қана қоймай, бұлшықеттерді қатайтып, шынықтырады. Ең бастысы, бұл үшін спортзалдың абономенті де, қымбат құрал-жабдық та қажет емес. Табиғаттың өзі тегін жаттығу алаңы. Қала тұрғындары таңсәріден бастап шағын саябақтар мен жағалауларды жаттығу алаңына айналдырып алған. Бұл жазғы белсенділікке деген қызығушылықтың артқанын аңғартады. Әрбір қадам денсаулыққа қосылған үлес екенін ұмытпаған абзал.

3. Көңіл күй мен ішкі тепе-теңдікті қалыптастырады

Қимыл – жанның тынысы. Жаттығу жасаған сайын адам өз-өзіне жақындай түседі. Ғылыми тұрғыдан алғанда, спортпен шұғылдану барысында эндорфин гормоны бөлініп, адам өзін бақытты әрі жеңіл сезінеді. Әсіресе жазғы кеште, күн батар шақта тыныш ортада серуендеу немесе жүгіріп қайту күннің ауыртпалығын ұмыттырып, ойды тазартатын табиғи терапия іспетті. Қаланың күйбең тіршілігі мен ақпарат ағыны шаршатып жіберетін заманда, адам кейде ештеңеге уақыты жоғын сылтауратады. Алайда күнделікті жарты сағат спортқа бөлген уақыт психологиялық тұрақтылық пен тыныштықтың негізі екенін көбіміз ескере бермейміз.

4. Ұйқы сапасын жақсартып, күн тәртібін реттейді

Жазда күн ұзақ болғанымен, түнгі ұйқы бұзылуы жиі кездеседі. Себебі белсенді қозғалыс аз болса, дене де ұйқыға оңайлықпен көнбейді. Ал жаттығу жасаған адам кешке қарай шаршап, тез әрі терең ұйықтайды. Ұйқы сапасының артуы ертеңгі күннің де жарқын бастамасы. Дене қозғалысы арқылы ағза өзін табиғи түрде реттейді. Бұл ұйқысыздықтың алдын алудың ең қауіпсіз жолы. Әсіресе студенттер мен кеңседе ұзақ жұмыс істейтіндер үшін бұл пайдалы тәжірибе.

5. Төзімділік

Жаттығу жасау төзімділікті арттыратын таптырмас құрал. Ол адамның ішкі тәртібін қалыптастырып, бір істі соңына дейін жеткізуге баулиды. Бүгінгі жасалған бір ғана жаттығу ертеңгі нәтиженің бастауы. Жаздың жаймашуақ мезгілі осы қасиеттерді бойға сіңіріп алуға керемет мүмкіндік. Дененің шынығуы жанның да шынығуы. Тыныс алу, жүрек соғысы, қан айналымы тұрақтанып, адам өзін сергек әрі жеңіл сезіне бастайды. Ал мұндай күйден шабыт қашан да табылады. Біреу үшін спорт денсаулық кепілі, біреу үшін жеңіске апарар жол.

Жаз – уақытша маусым ғана емес, денсаулықты нығайтып, өмір сүру сапасын арттыруға берілген мүмкіндік. Бұл мезгілде табиғатпен үндесіп, күн көзінен қуат алып, өзіңе көңіл бөлу – ең дұрыс шешімдердің бірі. Спортпен шұғылдану денені шынықтырып қана қоймай, ерік-жігерді оятып, ішкі тәртіп пен төзімділікті қалыптастырады. Бастысы, бәрін бірден емес, біртіндеп бастау. Күн сайынғы жарты сағат жаттығу болашақтағы үлкен нәтижелердің алғашқы қадамы. Денеңізге қамқор болу – өзіңе деген құрметтің белгісі. Ал жаз бұл ниетке себеп те, серпін де бола алады.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: