Сенбі, 16 тамыз, 03:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61,2174
16.08.2025
PDF мұрағаты

Жедел ішек  ауруларының  алдын алу

16.08.2025

50 0

Жедел ішек аурулары – бұл асқазан-ішек жолының инфекциялық немесе инфекциялық емес себептерден пайда болатын, тез дамитын және қысқа мерзім ішінде ағзаның жалпы жағдайын нашарлататын аурулар тобы. Олар көбіне жаз және күз айларында жиі кездеседі, себебі бұл кезде ауа райы жылы, тағам тез бұзылып, микробтар мен вирустардың көбеюіне қолайлы жағдай туындайды.

Себептері:

Жедел ішек ауруларының басты себептеріне бактериялар (сальмонелла, шигелла, ішек таяқшасы), вирустар (ротавирус, норовирус), паразиттер және тағамдық уланулар жатады. Ауру жұққан суды, нашар жуылған көкөніс пен жемістерді, термиялық өңдеуден өтпеген ет пен сүт өнімдерін қолданғанда жұғады. Сондай-ақ жеке гигиенаны сақтамау – басты қауіп факторы.

Белгілері:

Жедел ішек аурулары әдетте кенеттен басталады. Негізгі белгілері:

–      Іші өту (диарея);

–       Құсу;

– Дене қызуының көтерілуі;

– Әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі.

Бұл белгілер әсіресе балалар мен қарттарда тез сусыздануға әкелуі мүмкін, сондықтан оларда ауру ауыр өтеді.

Алдын алу:

Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – жеке және тағамдық гигиенаны сақтау:

– Қолды әрдайым сабындап жуу;

– Қайнаған немесе тазартылған су ішу;

–       Ет, балық, сүт өнімдерін толықтай пісіру немесе қайнату;

–       Жеміс-көкөністерді мұқият жуу;

– Дайын тағамды ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмау.

Емдеу:

Жеңіл түрлерінде басты ем – ағзаны сусызданудан сақтау. Ол үшін көп мөлшерде таза су немесе арнайы тұзды ерітінділер (регидратациялық ерітінділер) ішу керек. Дәрігер кеңесінсіз антибиотиктер қабылдауға болмайды. Ауыр жағдайларда науқас міндетті түрде ауруханаға жатқызылып, тиісті емдерін толық қабылдау қажет.

Жедел ішек аурулары – көп жағдайда алдын алуға болатын, бірақ уақытында шара қолданбаса ауыр асқынуларға әкелетін дерт. Әр адам тағам мен судың сапасына көңіл бөліп, жеке гигиена ережелерін сақтаса, бұл аурудың таралуын айтарлықтай төмендетуге болады.

Ф. Рсалиева

 Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы

 тырысқақ диагностикасы және профилактикасы

 зертханасының меңгерушісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: