Сейсенбі, 29 сәуiр, 12:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31,2144
29.04.2025
PDF мұрағаты

Жеңіс рухы – жүректерде

29.04.2025

74 0

Боздақтарымыздың есімдерін ұлықтап, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін жас буынға насихаттау маңызды екені белгілі. Өткеннің қиындығына қарап, заманның тыныштығын сезінген жас болашаққа үмітпен қарайды. Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана жеңістің 80 жылдығына орай тағылымды іс-шара өткізді. Мектеп оқушылары мен облыстық мамандандырылған  күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қатысқан жиын «Ерлік-елге, ұрпаққа ұран» деп аталды.

Тарихи кеш бейбіт күн үшін күрескен боздақтарды еске алумен басталды. Сұрапыл соғысқа Қазақстан бойынша 1 мил­лион 400 мың адам аттанды. Оның ішінде Қызылорда облысынан 70 мың жауынгер майдан даласында ерлік жолында қаза тапты. Олардың 22-сі Кеңес Одағының батыры атағын алды. Соғыс сарбаздарының қатары сиреп бүгінде көзі тірісі санаулы ғана. Оның бірі – Сырдария ауданында 103 жастағы Яхия Тасыров пен 101 жастағы Қазалы ауданы тұрғыны Тілеуберген Тобабергенұлы.

Еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейін соғыс зардабы тимей қоймады. Олардың арасында Жақай Бодықаев та бар. Есін біле бастағаннан әкем де, ағайындарым да майдан даласына аттанды деп еске алған ол жастарға адал болуды айтты.

– Біз соғысқа қатыспасақ та соғыс заманын көрдік. Ол уақытта 3 жастағы бала едік. Ауылда ер адамдар майдан даласына кетті. Олардың ішінде әйелдер де бар еді. Соғысқа қажетті құрал-сайман, құрылыс жасау, оқ дәрі өндіру солардың мойнына жүктелді. Сол кезде шешем ауырып қалып, кішкентай қарындасыма қарап, емізуге шамасы келмеген еді. Содан ол да аштан қалып, шетінеп кетті. Соғыс кезінде бәрін қолмен жасадық. Техника жоқ заманда қолмен еккен өнімді таң азанмен торғайлардан қоритынбыз. Сақпан деген құралмен торғай қуатынбыз, – деп еске алды ол.

Бейбіт өмірдің қорғаушысы соғыс ардагерлеріне қандай құрмет жасаса да артық емес. Өскелең ұрпаққа олардың ерлік жолын дәріптеу отансүйгіштікке тәрбиелейді. Бүгінде Қазалы ауданындағы бір ауылда Кеңес Одағының батыры Орман Түктібаевтың есімі берілген. Сонымен қатар еңбек жолы мен соғыс жылдарындағы ерлік істері үлгі болған Нағи Илиясов есімімен аталатын Будапештте көше бар. Тәйімбет Көмекбаевқа Қармақшы ауданында бір ауылдың аты берілген. Сондай-ақ Қызылорда қаласында №23 мектеп Ж. Қизатов есімімен аталады. Қалаға қарасты ауыл Жақыпбек Махамбетов атымен аталса,  бір көшеге Иван Журба есімі берілген.

Думан КЕҢШІЛІК 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: