Сейсенбі, 22 сәуiр, 13:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29, 2142
22.04.2025
PDF мұрағаты

Жеңіс сарбаздары еңбек еткен білім ордасы

22.04.2025

100 0

Жеңістің салтанат құрғанына биыл 80 жыл. Тарихтың тереңіне зер салсақ, соғыстан кейін бой көтерген мектептер саны көп емес. Тасбөгет кентінің тарихында көрнекті орын алған Сырдария өзенінің су торабын салу  кезеңіне сәйкес бой көтерген көне құрылыстың бірі – қазіргі Әбубәкір Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицей.

Ғасырға жуық шәкірт  тәрбиелеген білім ошағы 1945-1946 оқу жылында ең алғаш бастауыш мектеп болып ашылды. Сол кезеңде мектепте жұмыс істеген мұғалімдер қан майданнан білім майданына араласқан. Олардың қатарында химия пәні мұғалімі Сүлеймен Раманқұлов, тарих пәні мұғалімі Әбдібек Ағатаев, алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімі Әлжан Жалғасбаева, бастауыш сынып мұғалімі Ақылбек Қыстаубаев бар. Соғыс ардагерлері мектептің кесегін өздері құйып, құрылыс салуға атсалысқан. Мектептің алғашқы ұйымдастырушысы – қарт ұстаз, соғыс ардагері, майдангер Тоқсанбай Мантаев еді. Майданда гвардия аға сержант шенінде атқыштар бөлімі басшысы, үгітші, политрук  болған. Атақты Сталинград, Курск доғасындағы ірі шайқастарға қатысқан. Ол мектептің алғаш іргетасын қалаған білікті басшы. 

Араға жыл салып бастауыш мектеп жеті жылдық орыс-қазақ мектебі болып қайта құрылды. 1947 жылы директорлық қызметке Хадиша Бөлекбаева тағайындалып, 1952 жылға дейін мектепке басшылық етті. 1952 жылы мектеп директорының қызметін Қатипа Бисенбаева атқарған. 1954-1955 оқу жылы мектептен бірінші түлектер бітірген. Алғашқы аттестатты мектеп директоры Қатипа Бисенбаева тапсырған. 1958-1963 жылдары мектеп директоры қызметін Әмина Магдеева абыроймен атқарды.

Мектеп тарихында атқарған педагогикалық еңбегі ерекше бағаланып директорлық  қызмет атқарған Әбілда Ахметов Құрмет белгісі  орденімен, бастауыш сынып мұғалімі Тақан Күдебаева Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.  

Ал 1977-1978 оқу жылында мектеп жаңа ғимаратқа көшіп, мектепке директорлыққа Әбілда Ахметов келіп, ұзақ жыл еңбек етті.  Мұнан кейінгі жылдары мектеп басшылығына, Пернебек Ахметов, Мәдина Әбдраманова, Мырзабек Бердімұратов, Қатима Қыдыралиева, Жанат Далдабаева, Әлімхан Жәмішев, Батырбек Әбиев, Жанат Садуақасова, Ғани Сардарбеков келіп, еселі қызмет етті. Бүгінде  аға ұрпақ салып берген сара жолды мектеп-лицей  директоры Гүлмира Сүлейменова жалғастырып келеді.

Мерейтой мезіреті

Биыл Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейі 80 жылдық мерейтойын атап өту үшін ауқымды жоспар жасап, жыл бойына іс-шара ұйымдастырып келеді.

Мектеп-лицей директоры Гүлмира Камалқызының айтуынша, 80 жылдық мерейтой мектеп логотипі байқауынан басталды. Оқушылар мен мұғалімдер арасында өткізілген «Ең үздік логотип» байқауында  бастауыш сынып мұғалімі Мәрзия Әбубәкірова жеңімпаз  атанды.

22 қазан күні Абдулла Ахметов атындағы «Қазақстан тарихы» пәнінен қала оқушылары арасында олимпиада өтті.

 Ардагер ұстаз, Сыр елінің құрметті азаматы, 1975-1990 жылдары мектеп директоры қызметін атқарған Абдулла Ахметовтің құрметіне Қазақстан тарихы пәнінен қалалық олимпиада өтіп, А.Ахметов атындағы тарих пәні кабинетінің тұсаукесері өтті. Кабинеттің ашылуына ардагер ұстаздың отбасы демеушілік жасады.

 Қараша айында «Қазақстан ұстазы» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз және қоғамдық кеңес мүшесі Назира Жаппарова атындағы география кабинетінің ашылуы өтіп,  «Туған жерге саяхат» атты аймақтық байқау өтті. «Білім кілті – бастауышта»  тақырыбында 3-4  сыныптар арасында мектеп лицей әнұранын орындау, «Туған күніңмен, сүйікті мектебім!» атты ең үздік ашық хат сайысы ұйымдастырылды. Ашық хаттарды қатысушылар өз қолымен жасап, мектеп өмірі туралы естелігі мен жүрекжарды тілегін білдірді. Қаңтар айында білім саласының ардагері, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз М.Бегдімұратов атындағы аймақтық математика олимпиадасы өтті.

Ақпан айында Ауған соғысының батыры Жұмабай Әбілқасымовтың құрметіне патриоттық оқу кабинеті ашылды. Мектебіміздің 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл шара – жас ұрпаққа ерлік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсеткен тағылымды кездесу болды.

Ауған соғысының ардагері Е.Ахметовтың бастамасымен жабдықталған бұл кабинет мектеп оқушылары үшін ерлік пен патриотизмнің айқын символы болмақ.

Білім ұясы  Сырдария ауданының тумасы,   тұңғыш министр, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың есіміен аталады. Сыр бойының ғана емес, тұтас елдің туын көтерген тұлғаның құрметіне мектептен арнайы мұражай ашылды. Мұражайға Қазақ КСР-нің мемлекет және экономика қайраткері Ә.Тыныбаевтың ұрпақтары  арда азаматтың отбасымен және қызмет еткен кездегі естелік суреттерін, дипломын, еңбек кітапшасын,  әскери және партиялық билетін, қоғамдық-саяси қызметтегі жиынға шақыру қағазын, тұтынған заттарын, төсбелгілері мен ордендерін және куәліктерін тапсырған еді. Мұражай төрінен  Әбубәкір Әлиұлы туралы жазылған бірнеше томнан тұратын естелік кітаптар орын алды. Бұл мұражай мектеп-лицейдің 80 жылдық  мерейтой құрметіне ашылды.

Білім ордасының 80 жылдық торқалы тойына орай әлі бірнеше салтанатты шара өткізілмек. Айтулы күнге мектеп ұжымы, ұстаздар, шәкірттеріміз жоғары жетістікпен, терең біліммен, жаңашылдықпен жетіп отыр, – дейді мектеп басшысы.

Жеңіс сарбаздары еңбек еткен білім ордасы

Сапалы білім беру – басты міндет

Соңғы үш жылда Ә.Тыныбаев атындағы мектеп-лицейінің мате­риалдық-техникалық базасы жаңартылған. Физика, химия, биология, технология кабинеті жаңа үлгіде жабдықталған.  Мектеп-лицей аумағы қоршалып, талапқа сай футбол, баскетбол алаңы тұрғызылған. Бүгінде білім ұясында 2170 оқушыға 238 мұғалім тәлім-тәрбие беруде. 2022-2023 оқу жылында түлектердің 85% мемлекеттік грант иегері атанды. Олимпиадалық резерв мектебінің жұмыс нәтижесі бойынша мектеп-лицей бүгінде қала мектептері арасында алғашқы ондықта. Жалпы білім беретін негізгі пәндер бойынша олимпиаданың қалалық, облыстық кезеңінде  жеңімпаздар саны жыл сайын артып келеді. 2022-2023 оқу жылында Қазақстан тарихы пәні бойынша 10-сынып оқушысы Әли Құлмұрат олимпиаданың республикалық кезеңінде II орын иеленіп, Тасбөгет кенті мектептері ішінен «үздік оқушы» атанып, аймақ абыройын көтерді.

Оқушылардың жобалық-зерттеу жұмысы бойынша 2022-2023 оқу жылында  Жаңаберген Нұрайлым «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде биология бағыты бойынша III орын иеленді. Пән мұғалімі – Нұргүл Сералиева. 2023-2024 оқу жылында «Зерде» зерттеу жобалары конкурсында  2-сынып оқушысы Теона Азаматова  облыс бойынша I орын иеленсе,  республикалық кезеңде III   орынды иеленді. 5-сынып оқушысы Дидар Қазбек қазақ тілі мен әдебиет пәнінің облыстық кезеңінде II орын алды. 

Айта кетсек, мектеп-лицейде пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде I  орын иеленген оқушыларға демеушілер тарапынан бағалы смартфон, пән мұғалімдеріне бастауыш кәсіподақ ұйымы есебінен шипажайға жолдама беру  дәстүрге айналған. 2022-2023 оқу жылында  дәстүрлі  «Жұлдызды шеру» салтанатты жиынында пәндік олимпиада мен ғылыми жобалар конкурсының 67 жеңімпазы және пән мұғалімдері,  ата-аналар марапатталса, биылғы оқу жылында 92 оқушыға арнайы сыйлық беріліп, 2 мұғалім шипажайға жолдама алған. 

– 2024-2025 оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде I орын – 1, II  орын – 11,  III орын – 26 болды. Республикалық «Зерде» зерттеу жобалары конкурсында орын саны – 9, облыстық кезең­нен 2, республикалық кезеңнен – 1 жүлделі орынды еншіледік. «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 5 оқушы жүлдегер атанды. Олимпиада шәкірті I  орын иегері атанған 3 мұғалімге бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан «Сарыағаш» шипажайына жолдама табысталды.

Мектеп қабырғасында бала білім алып қана қоймай, қабілетін секция мен үйірмеде дамытады.  Білім ошағында 45 домбыра бар.  Оқушылар үйірме сабағында ұлттық аспапты, спорт секциясында шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисін ойнайды. Мектеп жанындағы 26 спорттық секция мен үйірмеге 1674 оқушы қатысады. 

Тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтатын білімді шәкірт тәрбиелеу жолында  бірлесе еңбек етуде. Оқушының қабілетін, талантын ашып нәтижеге жету, белгілі мамандыққа баулу –  Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицей мұғалімдерінің басты ұстанымы, – дейді директоры Гүлмира Сүлейменова.

 Білім – ел қазынасы. Білімнің негізі, ғылымның басты нәрі мектепте беріледі. Қазіргі жаһандану кезеңінде әлемдік өркениет деңгейінде рухы мықты, білімді ұрпақ даярлауға №11 мектеп-лицей ұжымы үлес қосып келеді.

                                                              Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

                                   Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: