Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жеңіс туын желбіреткен қос батыр

07.05.2024

861 0

Биыл Жеңіс мерекесіне – 79 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына қанша уақыт өтсе де соғыс салған сызат ұмытылмайды. Бейбіт күн бізге оңай келген жоқ. Сұрапыл соғыста ержүрек батырлар ерліктің
сан үлгісін көрсетті.
Соғыс ардагерлерінің еңбегі туралы жазғанды, жалпы жеңіс туын желбіреткен батыр аталарымызды жақсы көремін. Себебі менің де Темірхан Әнафияев және Сейітжаппар Бәйімбетов есімді қос атам соғысқа аттанып, елге аман-есен келген еді. Әйткенмен қос атам өмірден өтті. Расымен, майданның бел ортасында болып, ерлік көрсеткен ардагерлер қатары жылдан-жылға сирей бастады. Сондықтан олардың есімін елге таныту бізге – борыш.
Ғасыр
ғұмыр иесі

Бүгінде қала бойынша екі соғыс ардагері бар. Мереке қарсаңында біз қос ардагердің шаңырағында болып, тілдескенді жөн көрдік. Соның бірі – Төлеген Жүнісов. Ғасыр ғұмырды еңсерген ардагер 1923 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. Украинада 688 атқыштар полкінде ұрыста болған. Ұлы Отан соғысына 1942 жылдың мамыр айында аттанып, майданда көрсеткен ерлігі үшін I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги» және «За отвагу» секілді бірнеше орден, медальдармен наградталған.
Кіші сержант Төлеген Жүнісов жаяу әскер құрамында болған екен. Харьковты басқыншылардан тазартқаннан кейін жаудың соңына түскен Қызыл Армия қатарында Украинаның Прискуров, Тернополь, Львов қалалары маңында жаумен шайқасады.
– Ол кез – Қызыл Армияның өз әскерін қару-жарақпен толық қамтамасыз ете бастаған кезеңі. Ал немістердің «Тигр» атты ағаш арасынан байқала бермейтін, тарғыл танкісінің соғысқа кірген уақыты болатын. Соғыстың қызып жатқан бір кезінде маған қарай, жаудың екі «Тигрі» келе жатқанын байқап қалдым. Қолыма 5 келілік танкіге қарсы лақтыратын гранатты алып, тығылып үлгердім. Себебі бұл танк соғыс қимылына қажетті құрал-жабдықпен жақсы жарақталған еді. Егер танк ішінде неміс бізді көріп қалса, аман қалдырмайтыны мәлім.
Мен тығылдым десем де, танк маған тура келе жатты, жақын жерде қазулы жатқан траншеяға жасырындым. Танк дәл менің үстіме келіп шыр айнала бастады, алайда, танк бір айналғанда мен траншеядан қашып үлгердім. Менің алғаш жасырынған орнымда айналып, жерді жаншылап жатқан танк алға жылжығанда артынан келіп граната лақтырып, танкіні жарып жібердім, – дейді есте қалған сәттерді әңгімелеген жеңіс солдаты. Сол жолғы ерлігі үшін ол «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталыпты.
Жеңісті жақындатқан батыр, Қызыл армия сапында Берлинге дейін жеткен майдангер жеңістен кейін елге қайтпай, Берлинде қалып, қала маңында «патрульдік» қызмет атқарады.
– Қызметіміз қаладағы тәртіптің сақталуын қадағалау болды, – деп еске алады Төлеген ата.
– Соғыс аяқталғаннан кейін Германияның барлық қалаларында жеңімпаз Совет солдатының ерліктері бейнеленген суреттер ілінетін. Бұл немістерден кегімізді қайтарудың бір жолы деп түсіндік. Біздер кезекшілікпен қаланы бақылауға шығамыз. Бір күні бір неміс әйелінің жинаулы тұрған мая шөптің үстіне саты қойып шығып жүргенін байқадым. Әйел ымырт түсе бастағанда қолына шелек алып, маяның үстіне шығады да қайтадан жерге түседі. Не де болса мына шөптің астында біреудің жасырылғанын сездік те, аңдуға кірістік. Үйілген шөп ішіне жасырынған жоғары шенді неміс офицері, жаңағы әйелдің күйеуі екен. Осылайша, оны қолға түсірдік, – деп әңгімелеп берді ардагер.
1946 жылы Ұлы Отан соғысынан оралған Төлеген Жүнісов өз ауылына келіп, бейбіт еңбекке араласады. Теміржолдағы жұмысы жол жөндеуші болудан басталады. Тозығы жеткен шпалдарды ауыстыру, төсеу, шегендеп қағып, бекіту секілді жұмыстарды тастай етіп, кәсібіне тез төселеді. Кейін Қараөзек станциясында ОРС НОД жылжымалы вагон-дүкенінде сатушы қызметін атқарады. 1983 жылы зейнетке шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етеді. Қызметі аймақтағы 31-бекет пен Арал теңізі станциясына дейінгі аралықтағы белгі беру және байланыс дистанциясының өндірістік жұмысына қажетті құрылғыларды керекті нүктелерге жеткізіп беру болыпты.
– 18 жасымнан бастап соғысқа қатыстым. Сол кездегі сәттер әлі есімде. Ешнәрсе ұмытылмайды екен. Елің, жерің үшін бәріне де барады екенсің, – деген Төлеген атамыздың бойынан нағыз патриоттық сезімді байқадық.

Әкем – адал адам

Бұл – Төлеген атаның кіші қызы Гүлмира Жүнісованың сөзі. Адал еңбек етіп, Жәмилә есімді отанасы екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан тоғыз немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.
– Өзім медицина саласында қызмет атқарамын. Сол себептен әкемді қолыма алып, денсаулығына қарап отырған жайым бар. Бізге соғыстағы сәттерін жиі айтады. Өзі тазалықты, адалдықты жақсы көреді. Өтірік сөйлегенді жақтырмайды. Осы кездің өзінде әкем біздің амандығымызды, елдің тыныштығын тілеп отырады, – дейді қызы. Расымен, отты жылдарды есіне алған ардагер «бүгінгі ұрпақ бақытты өмір сүрсін, енді қайтып, соғыс болмасын» деп тілейді.
Биыл жүзге келемін

Бұл – сырбойылық қаһарманның бірі – Әбдірахман Бәйтіковтің сөзі. Соғыс ардагері биыл жүз жасқа толады. Құдай сол күнге жеткізсін. Соғыс ардагері 1924 жылғы 27 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Әбдірахман Байтіков мектеп бітірісімен, 1942 жылдың тамыз айында әскер қатарына алынды. 18 жасқа толған шағында жас сарбаз елін қорғауға аттанған. Ол алдымен офицерлер дайындайтын курстан өтеді. 1943 жылы майдан даласына барып, Курск шайқасына қатысқан. 1943 жылы ауыр жарақат алады. Елге 1944 жылы 2-топ соғыс мүгедегі болып оралып, колхоздың қой фермасында 30 жыл есепші қызметін атқарады. Ардагер ұрыс даласында ерлігімен көзге түсіп, бірнеше орден-медальдармен марапатталған.
Бүгінде жүз жасқа қараған шағында қарт майдангер соғыс салған жараны әлі ұмытқан емес. Отан үшін от кешкен жылдардағы көрген әрбір қиындық есінде.
– 1943 жылдың 5 шілдесі еді. Таң алдында біздің дивизияға неміс басқыншылары шабуыл жасады. Гүрс-гүрс еткен оқтың дауысы, атыс-шабысқа етіміз үйреніп кеткен. Одан қорқу, қашу жоқ. Біздегі бар мақсат – жауға қарсы тұрып, жеңіске жету. Соғыс кезінде әрбір жас сарбаздың бойында осындай мақсат болды. Олар тек майданда жеңіске жетуді тіледі. Елге аман-есен оралып, отансүйгіштік қасиетімізді болашақ ұрпаққа мақтан ету – басты қағидамыз. Алайда осы шабуылда қолымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Содан қолыма ота жасалды, – дейді қарт майдангер.
Уақыт өз дегенін жасайды. Бұл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті. Госпитальдан шыққан жаралы сарбазды Новосібір қаласына жіберді. 1943 жылдың желтоқсан айында денсаулығына байланысты елге қайтарады.

Еңбекқор адам

Баласы Болат Әбдірахманұлының айтуынша, кейіпкеріміз туған жерде бейбіт еңбекке араласып, алдыңғы лектен көрінген.
– Әкем 1965 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Еңбек жолында есепші, бригадир қызметтерін атқарды. Жалпы әкем – өте еңбеккор кісі. Жалқаулықты жақтырмайды. Балаларының бәрін оқытуға тырысты. Қазір біз сол білімнің жемісін жеп жүрміз, – дейді ұлы Болат.
Әбдірахман ата жұбайы Кеңескүл апа екеуі 10 бала тәрбиелеп, оларға жоғары білім беріп өсірді. Осы күні сол он баладан немере, шөбере сүйіп отырған үлкен әрі өнегелі отбасы.
– Біз жеңіске халықтар достығының беріктігімен жеттік. Сол әрқашан есімізде болуға тиіс. Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына қуанамыз. Елде тек бірлік пен тыныштық болсын, – деп тілейді қарт жауынгер.
Соғыс ардагерлеріне деген құрмет саналы ұрпақ барда ешқашан жоғалмайды.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: