Сейсенбі, 15 шiлде, 14:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52,2165
15.07.2025
PDF мұрағаты

Жеңісбек Файзуллаев,қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: Жолдың жақсарғаны елдің қуатын көрсетеді

15.07.2025

67 0

Қала орталығында жол жөндеу жұмысы қызу жүруде. Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылының пайдалануға берілгенін мойнын соза күткен халық енді орталықтағы және ескі базар маңындағы жолдардың жабылғанынан көлік кептелісі көп болып жүргенін айтады. Десе де, аз уақыт шыдас берсек, ойшұқыры көп жолдың орнын тақтайдай тегіс асфальт басатыны анық. Жолкөлік инфрақұрылымы мен көгалдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевпен сұхбаттасқан едік.

Жеңісбек Исламұлы, өткен жолы республикада аймақтың жол саласы жоғары баға алды. Әйтсе де, одан да жоғары жетістікке жетіп, жүз пайыздық дәрежеге жету межесі бар ма?

– Әрине, жол мәселесі елдің жағдайын көрсетеді. Қазір бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың да ауқымы кең. Мәселен, биыл қаламыздың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 17 жобаға қаржы бөлінді. Атап айтқанда республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен жол саласына қомақты қаржы бөлінді. Бұл дегеніңіз көп жерімізді бүтіндеуге мүмкіндік.

Жеңісбек Файзуллаев,қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: Жолдың жақсарғаны елдің қуатын көрсетеді

Нақтылап, жобаларға тоқталып өтсеңіз

– Өздеріңіз білетіндей, Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпір құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен 199821 теңге бөлініп мердігер мекеме «Сервис НС» ЖШС уақытында сапалы етіп аяқтады. Қазір қала халқы осы жолдың рахатын сезініп отыр. Бұл өз кезегінде кептелісті азайтып, қаладан шығар бағытқа тура жол. Өзінің қызметін толық орындауда. Өткен жылы басталған Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылының құрылысы аяқталып, бүгінде ел игілігіне жарап тұр. Мамыр айында пайдалануға бердік.

Осы күні ескі базар аумағындағы жол жөндеу туралы айтыңызшы. Елдің тезірек пайдалануға берілсе деген жолы да осы еді…

– Әрине, шыдамдылық танытсақ, заманауи тегіс жолмен жүретін күн де ұзамай келеді. Бұл аумақтағы Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі жаңа жолдың құрылысы басталды. Мердігер «УАД» ЖШС жұмыс жүргізуде. Бұл жоба – жоғарыда айтып өткен Тәуелсіздікке – 25 жыл жобасының жалғасы. Ал қазіргі таңда ескі базар аумағындағы Әйтеке би, И.Тоқтыбаев, Училищная көшелеріне және И.Журба тұйығында жол жөнделуде. Аталған жобалар толық аяқталғаннан кейін, қаламыздағы «Ескі базар» аумағындағы көлік кептелісі оң шешімін табады. Сондай-ақ Бейбарыс сұлтан көшесі мен Жаппасбай батыр көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып нәтижесінде «Қыран» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Шет аймақтар мен қалаға қарасты елді мекендердің жағдайы қалай? Біз осы тек орталық көшелерге ғана мән беріп жүрген жоқпыз ба?

– Мүлдем олай емес. Сөзімді дәлелді келтіре кетсем, қалаға қарасты Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» каналы арқылы өтетін автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жобасы да іске асуда. Құрылыс жұмыстарын «Н Строй Сервис» ЖШС 292,3 млн теңгеге жүргізіп жатыр. Одан бөлек, қаламыздың шет аймақтарындағы 11 көшеге күрделі жол жөндеу жұмыстарына 831,4 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде.

– Білуімізше, қаланың солтүстік кіреберісі де үлкейеді екен. Бұл бағытта құрылыс компаниялары қаншалықты жұмыс істеп жатыр?

– Дұрыс айтасыз. Қаламыздың солтүстік бөлігінен кіреберіс саналатын Сағымбаев көшесін 4 жолақты етіп кеңейтіп жоспарлануда. Ол үшін жоба әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Қыран» ЖШС-мен шарт жасалды. Бұдан бөлек, қаладағы ұзындығы 49 шақырым болатын 77 көшеге күрделі жөндеу және ұзындығы 8 шақырым болатын 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына жоба әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды.

Жеңісбек Файзуллаев,қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: Жолдың жақсарғаны елдің қуатын көрсетеді

–  Қызылорданы жасыл қалаға айналдырамыз деп көп тер төгіп келеміз. Десек те, жерге тастаған дәнді жүз пайыз шығады деп те айта алмаймыз. Бейнеті мол тіршілік. Бұл жағынан Қызылорданы басқа қалаларға үлгі етіп айта аламыз ба?

– Барынша тиімді тетігі қарастырылып жатыр. Қызылорданың бұл бағытта мүмкіндігі жоғары. Осы күні қаланы көгалдандыру жұмыстары бағытында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында жаңа механизм енгізілді. Жалпы «Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» жобасының 5 жылға құны – 18,6 млрд теңге. Аталған жоба қала аумағын жүйелі түрде көгалдандыру, жасыл желек көлемін арттыру және инфрақұрылымды жақсарту мақсатында қолға алынған. Бүгінде бұл жұмысты жүйелі жүргізіп отырған «КазСтрой­Капитал» компаниясының құрамында 250 қызметкер жұмыс істей­ді. Ал техникалық жабдықталуы 50 бірлік заманауи техникамен қамтамасыз етілген. Бұл қатарда су тасығыш көліктер, электрлік шаңсорғыштар және түрлі арнайы техника бар. Жұмыс күндізгі және түнгі ауысымдарда да жүргізіледі.

– Биыл қанша көшет егілді?

– Бүгінгі күні  қала аумағында 46 100-ге жуық тал көшеті мен 800 000 дана біржылдық гүл (петуния, виола, тагетис және т.б.), 13 500 дана көпжылдық гүл көшеттері отырғызылды және 10 000 шаршы метрден астам алаңға көгал (газон) төселді. Сонымен қатар «Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі жұмыс істеп тұр.  Жүйе аясында 45 шақырымнан астам құбыр тартылып, 5000-нан астам спринклер мен ротор орнатылды, 25 дана ұңғыма мен насос станциясы салынды.

– Өңірде атқарылып жатқан сан түрлі жұмыстың ішінде демалыс орындары тақырыбынан айналып кете алмаймыз. Аптап ыстықта елдің тынығатын демалыс орындарының жағдайы туралы не айтасыз?

– Бір ғана биыл қала аумағындағы үш бірдей демалыс орны қайта жаңғыртылуда. Атап айтқанда, мәдени және демалыс паркі (жоба құны – 6,3 млрд теңге) абат­тандырылып пайдалануға берілсе, Тұңғыш Президент саябағы (жоба құны – 14,7 млрд теңге) мен Қорқыт ата атындағы саябақта (жоба құны – 1 млрд теңге) абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Кейбір ескі үйлерді танымай қалдық. Жаңарып, жасарып кеткен…

– Біз қаладағы 18 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абат­тандыруға және ойын алаңдарын салуға қалалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Оның ішінде, 19 шағын футбол алаңы, 25 жаттығу алаңы,  21 балалар ойын алаңдары, 15 аула ішілік шаруашылық алаңы мен 13 де­малыс орны қарастырылған. Сонымен қатар көпқабатты 20 үйдің қасбетін күрделі жөн­деуге облыстық бюджеттен  1,4 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүр­гізілуде.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: