Сейсенбі, 06 мамыр, 14:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33, 2146
06.05.2025
PDF мұрағаты

Жеңісті жақындатқан жауынгер

06.05.2025

19 0

Жарасбаев Қасым Бедерұлы 1904 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Елді ұлардай шулатқан «кәмпескенің» әлегінен қаймығып, нағашы атасы Жарасбайдың атына өтеді. 1941 жылдың желтоқсан айында өзі сұранып, соғысқа аттанады. Ол  №629 атқыштар полкінің 134-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа араласып, 1943 жылдың ақпан айында 97-атқыштар полкі 31-гвардиялық атқыштар дивизиясының кезекті шабуылында Вспобской облысы маңайында басынан жеңіл жарақат алады. Осы жылдың тамыз айында Смоленск облысы, Духовщина қаласында болған шайқаста оң аяғынан ауыр жарақат алған Қасым Бедерұлы осы дивизия құрамында болып, Усты Калининская облысының бір қыстағында оң аяғынан тағы да ауыр жарақат алады. 1944 жылдың 17 мамырында 33-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, подполковник Зубченко және штаб басшысы, майор   Емелевтің ұсынысымен, соғыстағы ерлігі  ескеріліп, қазан айында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

Соғысқа кетпей тұрған шағында Қасым Бедерұлының төрт ұлы болып, алайда төртеуі де шетінеп кетеді. Төрт ұлдан кейін қызды болады да «бізге перзент қымбат», – деп есімін Қымбат қояды. Артынша соғысқа аттанады. Соғыстан келгеннен кейін 1949 жылы перзентті болады,  есімін Қымбатқа ұқсатып Сымбат деп қояды, бірақ ол да 5 жасқа келгенде көз тиіп, шетінеп кетеді.

Әкем Жарасбаев Қасым Бедерұлы 1945 жылы соғыстан оралғанда, үлкен қызы Қымбат 5 жаста екен. Соғыстан оралып, адал еңбегімен нәпақасын тауып күн көреді. Арада уақыт өткен соң, 1951 жылы екінші қызы дүниеге келіп, оның есімін Галина қояды. Галина есімінің тарихы да бір бөлек оқиға. Майдан даласында снарядтан бір қолы мен бір аяғына оқ тиіп шалажансар жатқанда, үстінен танкі басып кетіп, окопта көміліп қалады. Құдайдан көмек болып бір топ адамның өтіп бара жатқан гүбірлеген даусын естиді.  Көмек сұрап айқайлайды. Өтіп бара жатқан бір топ адам санитарлық отряд екен. Соның ішінен бір қыз байқап қалып, жүгіріп келіп, «Он живой! Он живой!» айқай салып, қасындағыларды шақырады. Қасым Бедерұлын окоптан шығарып алып, госпитальға ем алуға жібертеді. Жауын­гер өз өмірін құтқарған жас қыздың есімін сұрайды. Ұлты орыс, Галина есімді қыз екен. Соғыс аяқталып елге келген соң, өмірге тағы да сәби келіп, қызына өзін құтқарған орыс қыздың есімін қояды. Енді ол үшін Галина тым қымбат есім болды, себебі анық: бірі – өмірін өлімнен арашалаған қыз, бірі – бауыр еті баласы, кіші қызы – Галина.

Өмір сынағы біткен бе? Арада жылдар өткен соң, жан жолдасы Аймангүл өмірден озады. Бұл кезде кіші қызы Галина небәрі 12 жаста еді. Өзі жарымжан болса да, балаларын өсіріп, жеткізеді. Өмір көрген әке балаларын «Тек жүрсең – тоқ жүресің» деп бірауыз сөзбен тәрбиелейді. Балаларын ешкімнің ала жібін аттамай, адал жүріп-тұруға баулиды. Бойжеткен қыздары өз теңін тауып, тұрмыс құрады. Анасының жоқтығын білдірмей, қыздарына жақсы тәлім-тәрбие береді. 

Жастайынан өмірдің қиындығын көрсе де, тағдырымен тайталасып, тауқыметін жеңе білді. Отанын жаудан қорғап, отбасына қамқор болған Қасым Бедерұлы 1985 жылы өмірден өтті.

Бүгінде Қасым Бедерұлының шаңырағында баласы Қуаныш өнегелі әке жолын жалғастырып, отбасының ұйытқысы болып отыр.

Галина Қасымқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: