Уақытылы игермедіңіз бе, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, кезекте тұрған келесі азаматтарға табысталады. Әу баста-ақ, айтылғаны солай еді… Қосымша уақыт сұрағандардың да көңілін қалдырмады. Әсте,
баспана салғандар бүгінде түтінін түтетіп отыр. Қош, «Бәйтерек» шағын ауданында пайдаланылмаған жерлер осылай қайтарылуда.
Жай ғана ала салмайды, алдымен аумақтағы жер телімдерінің игерілуі бойынша біршама уақыт талдау жүргізілді. Себеп-салдары зерделенді. Осы уақытқа дейін «Бәйтерек» шағын ауданынан жалпы көлемі 9800 гектарды қамтитын 5112 жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін табысталған. Зерттеу нәтижесі көңіл көншітпейді. Қазір бұл жердегі 1883 жер телімі мақсатына сай игерілмегені анықталды.
– Мұнда жол құрылысы, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы, жарық, су тәрізді инфрақұрылым нысандары толық салынған. Тіпті, осы шағын аудан үшін салынған білім ошағы да бар. Өкінішке қарай, инфрақұрылым заттары қолды болған фактілер көп. Тұрғын болмағаннан кейін, қараусыз қалып, осындай күй кешуде, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков.
Айта кетейік, қала бойынша 71 304 тұлға жер кезегіне тіркелген. Мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелері аталған кезекте тұрған азаматтарға табысталмақ.
Бұл жаңалықты естіген Берікбол Айтжанов қуанып қалды. Он жылдан астам уақыт жары Бану екеуі төрт баласымен пәтер жалдап жүр. Бәзбіреудің босағасында жүрген ол да болашақта жер алып жатса, өзінің жеке баспанасын салуды армандайды.
– Қазір пәтер жалдаудың өзі қымбат. Өзім өмірден таяқ жеп, жаза басып, жаңылғанмын. Жазамды өтеп келсем де, қоғамға бейімделуде, жұмысқа тұруда қиындықтар кездеседі. Тұрақты жұмысым болса, несиеге баспана алар едім. Игерілмеген жердің қайтарылып жатқаны кезекте тұрған біз сияқты азаматтарға үміт сыйлайды. Игерілмей, құр жатқаннан өзгенің кәдесіне ассын. Кезекте тұрған біз сияқты нағыз мұқтаж жандарға берілсе, қуаныш емес пе? Қазір жарнаманы қарап отырсаңыз, «Бәйтеректен» сатылатын үй де, жер де көп. Кейбірі белгіленген уақыт таяп қалды деп, өткен бағасына да сататынын жазыпты. Айласын асырғандарды көріп, бір бөлке нанын адал ақшасына алып, еңбекпен күнелтіп жүрген біздің күніміз қашан туады екен деп те налитын кездер бар, – дейді ол.
Қалай болғанда да кезектің жылжығанының өзі талай жанға бақыт сыйлайтыны анық.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!