Сейсенбі, 13 қаңтар, 04:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Жеті жұрттың тілін біл

13.01.2026

49 0

Тіл білу кез келген жанға жаңа мүмкіндіктер есігін ашатын құндылық екені сөзсіз. Телефон мен әлеуметтік желіге телмірген заманда уақытын тиімді пайдаланып, тіл үйренуге ден қойған жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Осы орайда бірнеше тіл білетін жастар туралы жазғанды жөн көрдік.

Әлем ашық, ғажайыпты көруге асық!

Аделина Сағатова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университе­тінде оқиды. Бүгінде бес тілді жетік меңгерген. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілін­де еркін сөйлейді. Қазіргі таңда «тамил» тілін үйреніп жүр. Бү­гінде ол академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша елінде білімін жалғастыруда. Аделинаның айтуынша, көп тіл білу кез келген ортада еркін қарым-қатынас орнатып ғана қоймай, жаңа білім алуға үлкен мүмкіндік береді.

– Тіл үйрену – қоршаған орта­мен байланыс орнатудың басты кілті. Қазіргі таңда Польшада оқып жатырмын. Мұнда мен үшін негізгі байланыс құралы – ағылшын тілі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, көп тіл білу – көп мүмкіндікке ие болу, – дейді Аделина.

Жеті жұрттың тілін біл

Оның айтуынша, тіл үйренудің басты шарты – ниет пен тынымсыз еңбек.

– Адамның бойында ең алды­мен үйренемін деген ықылас болуы керек. Тіл үйрену тұрақты дайындықты талап етеді. Бұл – жалқаулардың ісі емес. Сондықтан жаңа тілді кез келген адам бірдей меңгере бермейді, – дейді ол.

Расында, өзге тілді үйрену оңай жұмыс емес. Ол табандылықты, шыдам мен үздіксіз ізденісті қажет етеді. Бұл жолда түрлі қиындық­тар да кездесері анық. Бастысы, шыдамдылық керек екен.

– Мен үшін орыс тілін меңгеру оңай болған жоқ. Кейбір адамдарға айтсам таңғалып, тіпті күліп жатады. Көпшілікке орыс тілі оңай көрінуі мүмкін. Ал мен үшін оның грамматикасы күрделі болды. Алай­да қайтпас еңбектің арқасында бұл қиындықты да еңсердім. Ең бастысы, үйренуден жалықпау керек, – дейді ол.

Қазақ тілін білсең, өзге тілді игеру оңай

Людмила Цой өзге ұлт өкілі болса да қазақ тілін жетік біледі. Ол төрт тілді еркін меңгерген. Атап айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын және корей тілінде еркін сөйлейді. Оның айтуынша, тіл меңгеру ұлтқа байланысты емес, ниет пен қажырлы еңбек керек.

– Мен көпұлтты отбасында дүниеге келдім. Әкем – корей ұлты­­ның өкілі, анам – қазақ. Қазіргі таң­да Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінде ағылшын-корей тілі мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Бү­гінде төрт тілді еркін меңгергенмін, қазақ, орыс, ағылшын және корей тілі. Тіл үйрену бала күнімнен басталды. Ата-анам мен ата-әжем маған қазақ, орыс тілін қатар үйретті. Мектептегі достарымның басым бөлігі қазақша еркін сөй­лейді. Ал ағылшын тіліне мектеп қабыр­ғасында қызығып, оны өз бетімше үздіксіз іздену арқылы меңгердім. Ал қазір корей тілін арнайы курстарға барып үйреніп жүрмін, – дейді ол.

Жеті жұрттың тілін біл

Людмиланың айтуынша, тілді ұмытпау үшін оны күнделікті өмірде үнемі қолданып отыру аса маңызды.

– Тілді ұмытпау үшін күнделікті қайталауды қажет етеді. Мен өз-өзіммен әр тілде сөйлесіп, оқы­ған материалдарымды үнемі қайта­лап отырамын. Ата-анаммен қазақ тілінде, ата-әжеммен орыс тілінде сөйлесемін. Ағылшын тілін уни­верситетте кәсіби бағытта қол­дан­сам, корей тілін өзім үшін мең­геріп, оны іні-сіңлілеріме үй­ретемін. Өз­геге үйрету арқылы білім жадымда жақ­сы сақталады. Маған корей тілін үй­рену қиын болды. Шыдамдылықты талап етті. Дегенмен қазақ тілінің грам­матикалық құрылымын жақсы мең­гергенім корей тілін үйренуге үлкен көмегін тигізді. Өйткені қазақ, ко­рей тілдері грамматика жағынан ұқсас. Корей тілін меңгеруімнің нәтижесінде Корея елінде білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Тілді жақсы меңгергендігімнің арқасында Кореяда өмір сүру маған қиын болмады. Корей халқымен еркін тіл табыса алдым. Алдағы уақытта бұдан да көп тіл меңгеріп, биік белестерді бағындыруды мақсат етемін. Көп тіл білу арқылы – арманыңа жетесің , – дейді ол.

Үйренуге мүмкіндік көп

Төрт тілді меңгерген студенттердің бірі – Әдемай Тұрсынбай. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті. Оның айтуынша, тіл үйренуде үздіксіз ізденіс маңызды.

– Мен қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілін білемін. Орыс тілін мектеп қабырғасында меңгердім. Кейін ағыл­шын тіліне қызығып үйрене бастадым. Уақыт өте келе түрік тілін де меңгеруге кірістім. Негізгі білімді мектептен  алып, содан соң курсқа бардым. Алайда тілді шын мәнінде меңгеру өз бетімше үздіксіз еңбектенген кезде басталды. Кітап оқу, фильм көру, шетелдік контент тұтыну, сөздік жаттау және сөйлесу нәтиже берді. Сондықтан тілді тек ақылы курстар арқылы ғана үйренуге болады деген ұғымнан арылу керек. Қазіргі таңда тіл үйренуге мүмкіндік көп, – дейді ол.

Жеті жұрттың тілін біл

Тіл үйрену арқылы адамның дүниетанымы кеңейіп, өзге халық­тардың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, өмірлік ұстанымдарымен жақын танысуға жол ашылады.

– Көп тіл білу маған әлемді тануға мүмкіндік берді. Ең бастысы, өзіме деген сенімді нығайтты, – дейді Әдемай.

Ізденгенге жол ашық

Аяулым Аманжолова төрт тілді жетік меңгерген. Ол көп тіл білген адамға еңбек нарығында жұмыс көп екенін айтады.

– Тіл білгенімнің арқасында көптеген жұмыс орнына артық талапсыз қабылданған кездерім болды. XXI ғасыр – цифрландыру дәуірі. Дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін ең алдымен – тіл меңгеруіміз қажет. Сонда кез келген ақпаратты игеру оңай болады. Ең бастысы, кейінге қалдырмау, – дейді ол.

Жеті жұрттың тілін біл

Кейіпкеріміздің айтуынша, тіл үйрену үшін нақты мақсат қою маңызды. Ал мақсат болмаса, нәтижеге жету қиын.

– Тіл үйренер алдында «не үшін үйре­немін, қай жерде қолданамын, қанша уақыт меңгеремін?» деген сұрақтарға жауап беру керек. Жүйесіз алынған білім нәтижесіз болады. Мысалы, үйренгіңіз келетін тілде подкаст тыңдап, бейнематериалдар көріп, сол елдің адамдарымен онлайн хат алмасуға болады. Тек жалқаулыққа жол беріп, сылтау айтпасаңыз болғаны. Сыныққа да сылтау табылады,  – дейді ол.

Аяулым қытай тілін үйрену қиын болғанын айтады.

– Қытай тілін үйрену мен үшін ең күрделі болды. Себебі бұл тілде жазу иероглифтерге негізделген, дұрыс тонды қолдану аса маңызды. Қытай тілінде төрт негізгі тон бар, бір сөздің өзі бірнеше мағына береді. Оны дұрыс қолданбасаңыз, түсініспеушілік туындауы мүмкін, – дейді Аяулым.

 Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: