Сенбі, 17 мамыр, 09:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36,2149
17.05.2025
PDF мұрағаты

Жетістік кездейсоқ нәтиже емес

17.05.2025

70 0

Қоғамда саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы білім беруде мектептің орны ерекше. Білім мекемесіндегі оқушы, ұстаз, ата-ана деген үштік одақтың бірлігі бекем болса, мектепте оқу үлгерімі де, тәртіп те, жетістік те болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастары­мыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі­­ тиіс. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі» деген болатын.

Осы  қағиданы берік ұстанған И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейі білім, тәрбие, ғылым, өнер және спорт саласында ерекше серпіліспен өрлеу жолында келеді.

– Мектеп жетістігінің негізгі тірегі – мұғалім  еңбегі, шәкірт ізденісі және мақсатты жұмыс. Жетістіктің бастауы – сапалы білім. Мектеп-лицейдің соңғы бес жылдық жетістігі тек оқу­шылар мен мұғалімдердің қажырлы еңбегінің ғана емес, мектептің ұжымдық жұмысының нәтижесі. Бұл кезеңде мектеп ұжымымен бірлесіп, білім мен тәрбие беруде жаңашылдық енгізіп, білім саласында мықты көшбасшыға айналуға тырыстық. Басшы ретінде ұжымды қолдап, жұмысты жаңа деңгейге көтердік. Мек­тепте оқу-тәрбие үрдісін жаңғырту үшін мұға­лімдердің шығармашылық мүмкіндігін ашуға, оқушының жеке тұлғасын дамытуға көп көңіл бөлдік. Нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмысы мен жаңа жобалар қолдау тапты. Педагогикалық кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыратын  әдіс­теме енгізілді. Әрбір мұғалімге қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық әлеуетін дамыттық, – дейді  мектеп директоры Рита Мұхашова. 

Бүгінде білім беру жүйесі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын басшылыққа алуда. Бұл бағ­дарлама оқушылардың интеллектуалдық, шы­ғармашылық және әлеуметтік дамуына бағыт­талған кешенді шараны жүзеге асыруымен маңызды. Нәтижесінде оқушылар мектеп қабыр­ғасында тек білім алып қана қоймай, жеке тұлға ретінде қалыптасып, болашаққа қажетті дағдыларды меңгереді.

Жетістік кездейсоқ нәтиже емес

Мектеп директорының айтуынша, бағдарла­ма өз жемісін беріп, дарынды оқушылардың білім додасында жарқырай көрініп, ұстаз еңбегі бағаланған кезең болуымен ерекшеленді. Бұл оқу жылының басты жетістігі – сөз өнері мен тіл байлығы бағытындағы республикалық дең­гейдегі жеңістер. Тіл – ұлттың жаны десек, оны терең меңгеріп, көркемдік қуатын бағалай білу – нағыз зерденің белгісі. Осы орайда мектеп оқушысы  Ли Максим лингвистикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті бойынша ІІІ орын иеленіп, тіл ғылымының тереңіне бойлай алатын ерекше қабілетін дәлелдеді. Бұл  – тәжірибелі ұстаз, шәкіртін әрдайым қолдап, бағыт-бағдар беріп жүретін Роза Күзембаеваның да еңбегі. Бұл жеңіс – шәкірт пен ұстаз арасындағы сенім мен өзара еңбектің жемісі. Сондай-ақ 5-6 сынып оқушылары арасында өткен республикалық пәндік олимпиадада Даниель Глаголев орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ІІ орын иеленіп, жас ерекшелігіне қарамастан, өз білімін жоғары деңгейде көрсетті. Оның осы жетістікке жетуіне жетекшісі Татьяна Зеленкова үлкен үлес қосты.

«Дарын» ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті бағыты бойынша Ангелина Белоусова жүлделі III орынға ие болса, «Жұлдызай» балалар шы­ғармашылығы байқауында Медина Темірбек тоғыз­құмалақ ойынынан II орын иеленіп, ұлт­тық спорт пен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған қолдаудың маңызын дәлелдеді. Жетекшісі Асылжан Ерназаров бала­ларды спортқа қызықтыра білуде тынымсыз еңбек етіп келеді.  Республикалық ХІІ «Талантты жұлдыздар» қолөнер сайысын­да Еркежан Жеткербай  бас жүлде, Алпамыс Шахмардан  I орын иеленді. Техникалық және кәсіптік бағыт­тағы қабілеттерді дамытатын «Junior Skills Kazakhstan – 2024»  чемпионатында мектеп оқу­шылары Қайсар Сейдахмет, Сейілхан Асан  бас жүлде иегері атанды. Олардың кәсіби бағдардағы бұл жеңісі – ұстазы Теңел Байтұяқовтың  бағыт-бағдары мен шәкіртке деген қамқорлығын айқын көрсетеді. Оқушының бойындағы ізденімпаздық пен ұстазының тиянақты дайындығы білім бәйгесінде озық болуына ықпал етті.

– Бұл жетістіктер кездейсоқ нәтиже емес. Олар мектеп қабырғасында қаланған сапалы білімнің, ұстаздар мен оқушылар арасындағы сенімді қарым-қатынастың, шығармашылық еркіндіктің және тұрақты ізденістің көрінісі. Бұл – білім жолында алға қойған мақсатқа берік болудың, табандылықтың айғағы. Мектеп-лицей­дің педагогтері мен оқушылары үшін  толағай табысқа толы жыл болды. Ұстаздар мен шәкірттердің қажырлы еңбегі, білім мен ғы­лымға деген адалдығы түрлі деңгейдегі байқау мен сайыстағы жоғары нәтижесімен дәлелденді. Мәселен, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Күзембаева өз саласындағы үздік еңбегі үшін облыс әкімінің стипендиясын иеленді. Бұл марапат – оның кәсіби біліктілігінің нәтижесі, – дейді мектеп директоры.

Шынында, мектеп басшысының сөзінің жаны бар. Мәселен, Анталияда өткен халықаралық орыс тілі мен әдебиеті олимпиадасында 9-сынып оқушысы Азамат Баймағамбетовтің жүлделі III орынға ие болуы – жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтын Ізбасованың еселі еңбегі. «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде 10-сынып оқушысы Элина Байбатырова жеңіс тұғырынан көрінсе, республикалық олим­пиа­даның финалында география пәнінен Арсылан Нұрланұлы  II орынға қол жеткізді.  Ағылшын тілі пәнінен Ақерке Айтмырза  Алғыс хатпен марапатталды. Бұл көрсеткіштің бәрі Роза Күзембаеваның, Гүлзада  Садықованың, Гүлзира Сейділдаева секілді білікті де, білімді мұғалім берген тәлімінің жемісі. Бұл жетістіктер – ұс­таз­дар мен оқушылар арасындағы сенім мен еңбектің, мектептің білім берудегі жүйелі жұмыс пен қолдаудың нәтижесі.

– Біздің білім ұясы  үшін тағы бір айтулы жетістік 6-сынып оқушысы Роза Садық «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсынан  бас жүлде жеңіп алды. Бұл – мектептің ғылымға бағытталған оқушылар дайындаудағы жүйелі жұмысының  көрінісі. Оқушының бұл жетістігі жетекшісі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, математика пәнінің білікті ұстазы Ғабиден Қайдауловтың кәсіби шеберлігі мен бағыт-бағдарының жемісі. Ұстаздың талай жылдық тәжі­рибесі, шәкірттерге деген жауапкершілігі мен жанашырлығы оқушының ғылыми ізденісіне берік негіз қалап, оның қабілетін аша білді. Ғабиден Төлеутайұлы математиканы тек пән ретінде емес, ойлаудың, логиканың, болашақ инженерлік пен зерттеушіліктің тілі ретінде қабыл­датып, оқушылардың ғылымға деген қызы­ғушылығын тереңдетіп жүрген ұстаз. Оның жетекшілігімен жыл сайын түрлі деңгейдегі олимпиада мен жобалық жұмысқа қатысып, жүлделі орын алған оқушылар саны артып келеді, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары Толқын Тастаева.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп тегін айтылмаған. Мектептегі мұғалімдердің көпшілігі ұзақ жылдық тәжірибесі бар, өз саласының мықты мамандары. Мәселен, Роза Күзембаева «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иесі. Химия пәні мұғалімі Айнұр Қайырқұлова республикалық «Педагогикалық идеялар пано­рамасы» кәсіби байқауының I орын жүл­дегері болса, Ақмарал Тұрыспенбетова «Педагогикалық идеялар фестивалі» кәсіби байқауының республикалық кезеңінде III орын иеленіп, білім беру саласындағы жаңаша ойлаудың, ізденістің үздік үлгісін көрсетті. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Гүлжан Дүйсенбекова  – ұстаз бен спортшы бейнесін үйлестіре білген педагог. Ол республикалық мұғалімдер спартакиадасында II орын алып, дене тәр­биесі мен салауатты өмір салтын насихаттауда үлгі болып келеді.

2024-2025 оқу жылы – ұлағатты ұстаз­дар мен дарынды оқушылар еңбегінің нәтижесімен ерекшеленген маңызды кезең­дердің бірі болды. Білім мен парасаттың ұйытқысына айналған қарашаңырақтың беделі мұғалімдердің кәсіби шеберлігімен әрдайым биіктей түсуде. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Күзембаева  Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – тек жеке жетістік емес, тұтас ұстаздар қауымына деген сенім мен құрметтің көрінісі. Ғылыми-шығармашылық ізденістер де биылғы оқу жылының басты жетістігіне айналды. Республикалық «Дарын» ғылыми жобалар бай­қауында Ангелина Белоусова орыс әдебиеті пәні  бойынша I орынды жеңіп алып, Атырау университетінің мемлекеттік грантын иеленді. Бұл – білім мен табандылықтың, ұстаз бен шәкірттің үйлесімді еңбегінің айқын нәтижесі. Оған бағыт-бағдар берген жетекшісі – Кузембаева Роза Асылбекқызы. Жоба байқауына тағы бір талантты оқушы Ақнұр Бүрібаева қатысып, үлкен тәжірибе жинақтап, шығармашылық әлеуе­тін шыңдауға мүмкіндік алды. Бұл – әрбір талапкерге шабыт беретін бастама. «Адам және қоғам» бағыты бойынша сынға түскен Аяна Алекбар өзінің азаматтық көзқарасы ар­қылы Алғыс хатпен марапатталды. Жетекшісі – тәжірибелі ұстаз Бақытжан Тәжмағанбетов. Бұл – бір ғана оқу жылының қорытындысы. Бірақ оның артында ұзақ дайындық, терең ізденіс бар. 

– №5 мектеп-лицейдің әрбір жетістігі – білім мен тәрбие саласындағы үздіксіз даму мен ұжымдық ауызбіршіліктің айғағы. Мектеп ұжымы мен оқушылардың бірлесе атқарған жұмысы, олардың өзара ынтымақтастығы мен қажырлы еңбегі  білім мен тәрбие саласындағы жаңа биіктерге бастайды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен оқушылардың білім алуға қызы­ғушылығы мектептің болашаққа бағыт­талған үлкен мақсаттарға жетудегі баспалдағы.  Мұндағы әр шәкірт – болашақтың иесі болса,  әр ұстаз –  болашаққа жол сілтеп, бағыт-бағдар беретін  шамшырақ, – дейді мектеп директоры Рита  Мұқашова.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: