Өтіп бара жатқан жыл Сыр өңірі үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Жылжабар сәтте елге қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтар арасында сауалнама жүргіздік.
1. Өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалды?
2. Жаңа жылдық лебіңіз…

Жағыпар Тажмаханов, Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы:
Бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек ете береміз
1. 2025 жыл ең алдымен тыныштық пен тұрақтылық жылы деп бағалар едім. Ел басқару ісінде Мемлекет басшысынан бастап, өңір басшыларына дейін бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етті. Бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берді. Қызылорда қаласы да қалыс қалған жоқ. Қала аумағында бірқатар зәулім ғимараттар салынып, жол инфрақұрылымы жақсарып, халыққа қажетті нысандар пайдалануға берілді. Мұның барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар. Өзіміз жетекшілік ететін салаға келсек, қоғамдық келісімді сақтау, азаматтық қоғам институттарын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылды. Әрине, бәрі мінсіз деп айта алмаймын, алайда жауапкершілікті сезіне отырып, қолдан келгеннің барлығын жасап келеміз. Елге қызмет ету – үлкен сенім әрі үлкен міндет. Ақ пен қара қатар жүретін өмірде адами құндылықтардан айнымай, қоғамға адал қызмет ету басты қағидатымыз саналмақ. Ел үшін қызмет етуден шаршамаймыз.
2. Келе жатқан жыл – жылқы жылы. Қазақ халқы үшін жылқы – қасиетті, киелі жануар, еркіндіктің, кеңдіктің және тыныштықтың символы. Сондықтан жаңа жыл халқымызға жайлылық пен тұрақтылық әкелсін деп тілеймін. Елімізде ырыс-ынтымақ артып, береке-бірлік нығая түссін. Балалардың күлкісі сыңғырлап, аналардың жүзіне қуаныш ұяласын. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ саналы, салиқалы, елінің болашағына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптассын. Әр шаңырақта амандық пен береке болсын.

Еркін Ахетов, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі:
Ауылдың әлеуеті артты
1. Биыл біз үшін де, жалпы Қызылорда өңірі үшін де тарихи мәні зор кезең болды деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі облыс орталығы ғана емес, ауыл-аймақтар да жан-жақты жаңғыру үдерісінен өтті. Қала келбеті айтарлықтай өзгеріп, аспанмен таласа бой көтерген зәулім ғимараттар салынды. Бұрындары өзге өңірлерге қызыға қараушы едік. Қазір Қызылорда Астанадан кем түспейді. Бұл өзгерістер тек сыртқы көрініспен шектелмей, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталды. Әсіресе, жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Білім алуына, спортпен айналысуына, мәдени демалуына мүмкіндік молайды. Ауылдық жерлерде де даму бар. Өсу бар. Бірқатар елді мекендерге газ тартылып, инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Соның нәтижесінде ауылдардың әлеуеті артып, қала деңгейіне жақындай түсті. Бұл – мемлекет тарапынан ауылды дамытуға деген нақты қамқорлықтың көрінісі.
2. Келе жатқан жаңа жыл барша елге жақсылығымен келсін деп тілеймін. Жағымды жаңалықтар көп болып, әр шаңырақта береке мен бірлік орнасын. Әрбір отбасына амандық, бақыт, ынтымақ тілеймін. Ең бастысы, балаларымыз аман, ұрпағымыз сау болсын. Ел тыныш, жұрт аман болса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ деп білемін.

Мөлдір Смаханова, № 290 «Келешек мектебінің» директоры:
Ел Президенті алдында сөз сөйледім
1. Өтіп бара жатқан жыл мен үшін жақсы жаңалықтарымен, мағыналы сәттерімен есте қалды. Ең әуелі бала-шағамыз аман, ел-жұртымыз тыныш. Осындай берекелі ортада өз қызметімізді абыроймен атқарып келеміз. Бұл жылдағы ең есте қаларлық, әрі өмірімдегі ерекше сәттердің бірі – ел Президентінің алдында сөз сөйлеу бақытына ие болуым. Бұл мен үшін үлкен сенім, зор жауапкершілік және ұмытылмас естелік болды. Сонымен қатар мектебіміз түрлі білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болып, ұжымның абыройын асқақтатуы жыл жетістіктерінің бірі саналды. Бірнеше мектепке тәжірибе таратуға, әріптестеріміз бен білім алушылардың әлеуетінің артуына үлес қосуым да менің кәсіби және тәжірибелік өсуімнің айқын көрінісі болды. Ұстаздық жол менің бағымды ашқан жол болды десем, артық айтқандық емес. Қайтадан таңдау берсе, бәлкім осы ұстаздық қызметті таңдайтын едім. Рахмет, саған 2025 жыл!
2. Жаңа жыл баршаға жаңа мүмкіндіктер мен жарқын үміттер сыйласын. Әр отбасына амандық, молшылық пен береке тілеймін. Ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт, шәкірттерімізге биік мақсат пен үлкен жетістіктер нәсіп болсын. Алдағы жылда да бірлік пен ынтымақтың арқасында ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп, білім саласында тың табыстарға жете берейік. Жаңа жыл баршамызға құтты, берекелі болсын!

Әсел Абзалқызы, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ БАҚ-пен жұмыс істеу секторының басшысы:
Ізденіске толы жыл болды
1. Әр жыл адамға өз сабағын, өз сыйын ала келеді. Мен үшін 2025 жыл кәсіби тұрғыдан да, адами тұрғыдан да берекелі, мәнді жылдардың бірі болды. Жеке өмірде де тыныштық пен тұрақтылық бар, отбасы аман, бала-шаға өсіп-өніп келеді. Осындай кезде еңбегің де еңселі, ойың да орнықты болатыны рас. Биыл атқарылған жұмыстарға шолу жасайтын болсам, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының жұмысы жаңа бір белеске көтерілді. Бұл жыл – сөзден іске көшкен, жоспарларымыз нақты жобаларға айналған кезең болды. «Ассамблея айнасы» жобасы аясында өткен «Two Stars» («Екі жұлдыз») ән байқауы журналистерді басқа қырынан танытты. Қалам ұстаған әріптестеріміздің өнерге жақындығы, сахнадағы еркіндігі көрерменге де, өзімізге де ерекше әсер сыйлады. Байқаудың жоғары бағаланып, республикалық деңгейде өткізу туралы ұсыныс түсуі ортақ еңбектің жемісі деп білемін. Сондай-ақ «Қуатты қаламгер» табиғат аясындағы тимбилдинг шарасы шығармашылық ортаға тың тыныс әкелді. Еркін форматтағы жүздесулер, ашық әңгімелер жаңа идеялардың тууына, кәсіби байланыстың нығаюына жол ашты. Ал «Достық Live» шағын футбол турнирі журналистерді бір алаңға жинап, тек спорттық жарыс қана емес, шынайы достық пен бірліктің белгісіне айналды.Осы бастамалардың барлығы «Бізді біріктірген шаңырақ» MEDIA-FEST 2025 фестивалінде қорытындыланды. Бұл іс-шара бір жыл бойғы еңбектің, ізденістің, ортақ мақсаттың нәтижесін айқын көрсеткен тағылымды алаң болды. Жалпы 2025 жыл ізденіске толы жыл болды.
2. Жаңа жыл қарсаңында барша қызылордалықтарды шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға амандық, денсаулық, береке-бірлік тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, дастархандарыңыздан ырыс кетпесін. Өңірімізде татулық пен тұрақтылық сақталып, ел игілігіне арналған жақсы істер жалғасын таба берсін. Жаңа жыл әр жүрекке үміт, әр күнге жарық ой, әр қадамға сенім сыйласын. Барға шүкіршілік етіп, келер күнге үмітпен қарайтын жыл болсын!
Сауалнаманы жүргізген Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!