Бүгінгі таңда жасанды интеллект – мемлекеттің қуатын айқындайтын басты құралға айналды. Бұл – тек технология емес, жаңа геосаяси және экономикалық бәсекенің орталығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында цифрландыруды бірінші орынға қоюы – кездейсоқ емес, бұл жаһандық үрдістің заңды жалғасы.
Қазір әлемде жасанды интеллектке байланысты үлкен жарыс жүріп жатыр. Оған бірнеше мысал келтірейін. Қытай «Made in China 2025» стратегиясы арқылы ЖИ-ды өндірістің тірегіне айналдырып отыр. Бүгінде Қытайдың ЖИ саласына жұмсаған инвестициясы жүздеген миллиард долларға жетті. Оңтүстік Корея «Digital New Deal» жобасы арқылы мемлекеттік қызметтердің 95%-ын онлайнға шығарды. Бұл халықтың уақыты мен ресурсын үнемдеп қана қоймай, экономиканың жаңа секторларын қалыптастырды. Еуропа Одағы «AI Act» заңын қабылдап, ЖИ қауіпсіздігін заңнамалық деңгейде реттеуде. Бұл – жаңа технологияны енгізу барысында адам құқығы мен жеке өмірдің қорғалуына мән берудің үлгісі. Біріккен Араб Әмірліктері – әлемде алғаш болып «ЖИ істері жөніндегі министрлікті» құрды. Бұл министрлік тек технологияға жауапты емес, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясын үйлестіруші орталыққа айналды.
Жасанды интеллект қазір тек өндірісті автоматтандыру немесе қолжетімді қызмет көрсету құралы ғана емес. Ол – ұлттық қауіпсіздік, экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық сияқты үлкен мәселелерді шешудің негізгі факторы.

Президент Тоқаевтың Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық беруінің тағы бір себебі – Қазақстанның қазіргі жағдайы. Бізде осы тақырыпты күн тәртібіне шығаратын нақты алғышарттар бар.
Біріншіден, экономикалық тәуелділік. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін мұнай, газ, уран секілді шикізатқа тәуелді. Бұл – тұрақты дамудың кепілі емес. Әлемдік нарықтағы баға құбылса, біз де соған ілесіп кетеміз. Сондықтан жаңа драйвер қажет. Ол – цифрландыру мен жасанды интеллект.
Екіншіден, жастардың әлеуеті. Бүгінгі жастардың 70%-дан астамы смартфон қолданады, әлеуметтік желіде белсенді. Бірақ олар технологияны негізінен тұтынушы ретінде ғана пайдаланады. Ал Президенттің мақсаты – жастарды технология жасаушыға, өндірушіге айналдыру. Бұл үшін арнайы бағдарламалар, халықаралық жобалар қолға алынуда.
Үшіншіден, мемлекеттік басқарудағы қиындықтар. Әлі де болса қағазбастылық бар, халық мемлекеттік қызмет алу кезінде уақыт жоғалтады. Мұндай жағдайда цифрлық шешімдер халықтың сенімін арттырудың жалғыз жолы болып отыр. Мысалы, Эстония барлық мемлекеттік қызметті онлайнға көшіріп, халықтың 99%-ын қанағаттандыра алды. Біз де осыған ұмтылуымыз керек.
Төртіншіден, өңірлік теңсіздік. Ауыл мен қала арасындағы айырмашылық айқын сезіледі. Цифрлық шешімдер осы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, ауылдағы азамат дәрігерге бармай-ақ, онлайн-консультация ала алады немесе оқушы интернет арқылы үздік ұстаздан білім ала алады.
Осының бәрін ескерсек, Президенттің «Цифрландыру – ұлттық мүдде» деп атауының астарында терең мән жатыр. Бұл тек IT саласының шаруасы емес, бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт. Әлемге қарасақ, цифрлық дамуды дұрыс жолға қойған елдер мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Мәселен, Бангалор (Үндістан) – бір кездері инфрақұрылымы нашар, артта қалған қала болатын. Үкіметтің IT индустрияға жасаған қолдауының арқасында қазір «Азияның Кремний алқабы» атанып отыр. Мұнда жүздеген мың жас маман әлемдік IT-гиганттарға жұмыс істейді. Израиль – табиғи ресурсы аз, шөлді мемлекет. Бірақ ғылым мен технологияға инвестиция құю арқылы «стартап ұлтына» айналды. Қазір бұл елде жан басына шаққанда ең көп стартап тіркелген. Эстония – шағын ел, бірақ барлық мемлекеттік қызметін онлайнға көшірді. Бүгінде олар «цифрлық мемлекет» үлгісі ретінде БҰҰ мінберінен айтылып жүр. Бұл мысалдардан шығатын қорытынды: ресурсқа емес, білім мен технологияға арқа сүйеген елдер ғана алға шықты.
Қызылорда – тарихы бай, табиғи ресурсы мол өңір. Бізде Байқоңыр бар – бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемге белгілі ғарыш орталығы. Демек, бізде ғарыш тәжірибесі, ғылыми-инженерлік кадрлар, халықаралық байланыстар бар деген сөз. Ендігі міндет – осы әлеуетті цифрлық ғылыммен ұштастыру. Егер біз Қызылорданы «ақылды аймаққа» айналдырсақ, ол тек өңірдің емес, бүкіл елдің дамуына серпін береді.
Мемлекет басшысы Жолдауда жастарға ерекше сенім артты. Өйткені болашақ – олардың қолында. Егер біз жаңа технологиялық серпілісті жүзеге асырғымыз келсе, жастардың әлеуетін толық ашуымыз қажет. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Сингапур кезінде өз студенттерін әлемнің ең үздік университеттеріне жіберіп, оларға арнайы гранттар бөлді. Қайтып келген жастар елді білім мен технология орталығына айналдырды. Корея Республикасында мемлекет IT мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлді. Қазір Оңтүстік Корея әлемдегі ең инновациялық елдердің қатарында.
Қазақстан да осы жолға түсіп отыр. Біздің жастарымыз бүгінде SeoulTech-пен бірлескен бағдарламаларға қатысып, ағылшын тілінде білім алуда, Халықаралық ғылыми жобаларға тартыла бастады. Стартаптар мен инновациялық жобаларға белсенді қатысуда. Мұның бәрі Президент Жолдауындағы «жаңа буын мамандарын даярлау» талабына толық сәйкес келеді.
Жастарға сенім артсақ, олар Қазақстанды тек тұтынушы емес, жаңа технологияны жасаушы елге айналдырады. Бұл – біздің басты артықшылығымыз.
Президент Жолдауда ғылым мен инновацияны дамытуды мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізгі факторы ретінде атады. Себебі ғылымсыз біз шикізатқа тәуелділіктен арыла алмаймыз. Қазақстан үшін де ғылымға инвестиция салу – стратегиялық міндет. Ғылымды дамыту арқылы біз жаңа салаларды қалыптастырамыз (ЖИ, деректерді басқару, цифрлық егіздер), халықаралық ынтымақтастықты күшейтеміз, жастардың әлеуетін ел игілігіне жұмылдырамыз. Яғни, ғылым – тек зертханадағы жұмыс емес, ол – Қазақстанның болашағының кепілі.
Президент Жолдауда цифрландыруды жүйелі түрде үйлестіретін жаңа деңгейдегі органның қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Бұл министрліктің міндеттері қандай болуы тиіс? Біріншіден, ұлттық стратегияны үйлестіру. ЖИ тек жеке жобалар деңгейінде емес, барлық салаға – экономика, білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздікке енгізілуі керек. Екіншіден, ұлттық қауіпсіздікті қорғау. ЖИ құралдары үлкен деректерді өңдейді, ал бұл киберқауіпсіздікті күшейтуді қажет етеді. Үшіншіден, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Жаңа технологиялар тек астанаға немесе ірі бизнеске ғана емес, ауылдағы азаматқа да пайда әкелуі тиіс. Төртіншіден, инновациялық экожүйені қолдау. Стартаптарға қолайлы орта құрып, қазақстандық жобаларды халықаралық деңгейге шығару – министрліктің басты бағыты болуы керек. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұндай орган алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктерінде құрылды. Қазір олар ЖИ арқылы мемлекеттік басқаруды, экономиканы, тіпті экологияны бақылауға дейін автоматтандырып отыр.
Енді Қазақстан да осы үлгімен жүрмек. Бұл министрлік – тек технологиялық орган емес, ұлттық даму стратегиясының тірегі. Біз көбіне жаңа технологиялар тек шетелден келеді деп ойлаймыз. Бірақ Қазақстанда да әлемге үлгі бола алатын жобалар бар. Олар бүгінде халықаралық нарықта мойындалып үлгерді. Қазақстан тек цифрлық шешімдерді тұтынушы ел емес, керісінше технология өндіруші және экспорттаушы мемлекетке айналып келеді.
Президент Жолдауында айтылған жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі – осы жаһандық трендтің бір бөлігі. Яғни, біз тек технологияны қолданушы ғана емес, оны мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруға дайынбыз деген сөз. Біздің бағытымыз – жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген ұлттық даму жолы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осы бағытты айқындап берді. Енді оны қағазда қалдырмай, нақты іске айналдыру – біздің ортақ міндетіміз.
Нұрлан ҚҰЛМЫРЗАЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
Жасанды интеллект институтының директоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!