Жасанды интеллект сенсациядан жүйелік инфрақұрылымға айналып барады. Бірнеше жыл бұрын ЖИ тек прототиптер мен зертханалық жоба ретінде туралы ғана айтатын болсақ, ал бүгінде ЖИ мемлекеттік саясат пен корпоративтік стратегияның өзегінде тұр. Мектептегі үй жұмысынан бастап өндірістегі сапаны бақылауға дейін күнделікті өмірге еніп кетті. «Pew Research Center» зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылы АҚШ-тағы ересектердің үштен бірінен астамы кемінде бір рет ChatGPT қолданғанын мойындады.
Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп деген сөз. Мұндай өсім қоғамда ЖИ-ға деген қызығушылықтың кеңеюін және әдеттеріміздің өзгергенін көрсетеді. Зерттеулер көрсеткендей, әлемдегі әрбір оныншы адам күн сайын ЖИ көмегіне жүгінеді екен. Неге біз ЖИ-ды жиі қолданамыз деген сұраққа жауап іздесек, ең алдымен тиімділік туралы айтамыз.Ұйымдар ЖИ-ді шығынды төмендету, өнімділікті арттыру және көрсетілетін қызметті жеделдету үшін енгізеді. Адамдар ақпарат іздеу, мәтін жазу мен редакциялау, аударма, жеке оқу мен тұрмыстық «қалай істеу керек» типіндегі тапсырмалар үшін пайдаланады. Көпшіліктің нақты не іздейтіні туралы жаңа, тікелей дерек беретін ірі зерттеуді «OpenAI» мен академиялық серіктестер 2025 жылы жариялады. 2024 жылдың мамыр айы мен 2025 жылдың маусым айы арасындағы тұтынушылық хабарламалар талдауына сүйенсек, ChatGPT-ге келетін хабарлардың 70 пайыздан астамы жұмысқа емес, тұрмыстық және жеке істерге қатысты екенін көрсетті. «How People Use ChatGPT» зерттеуіне сүйенсек, бүкіл қолданудың шамамен 80 пайызы үш ірі санатқа жиналады – практикалық нұсқаулық, ақпарат іздеу және жазу. Кодтау тақырыбы жалпы ағынның 4,2 пайызы ғана. Ал оқыту мен жеке көмек көрсету сипатындағы сұраныстар барлық хабарламаның шамамен 10 пайызына тең.
Ақылды жүйенің ішкі әлемі
Қазіргі заманғы жасанды интеллект жүйелері тек бағдарламалар емес, олар адамның жазғанын немесе айтқанын түсініп, соған ұқсас жауап құра алатын қуатты «ақылды» модельдер. ЖИ сөздердің немесе суреттердің келесі бөлігін болжау арқылы жұмыс істейді. Мысалы, бір сөйлем жазсаңыз, сол сөйлемнің қисынына сай келесі сөзді өзі жалғастырып бере алады. Немесе бір суретті сипаттасаңыз, соған ұқсас бейнені жасап береді. Бұл жүйелер миллиондаған мәтін мен суреттен үйреніп барып, өз білім қорын қалыптастырады.
Осындай жүйелердің негізгі түрі – үлкен тілдік модельдер. Олар алдымен интернеттегі көп мәтінді оқып үйренеді, сосын адам берген тапсырмаларға нақты жауап беруді үйренеді. Бұл – екі сатылы жаттығу процесі. «Stanford HAI» 2025 жылғы «AI Index» зерттеуіне сүйенсек, үлкен тілдік модельдер соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілегенімен, күрделі логикалық ойлау мен фактілік дәлдік мәселелері әлі толық шешілген жоқ.
ЖИ-дың қаншалықты танымал бола бастағанын интернет статистикасынан-ақ байқауға болады. «Axios» пен «Similarweb» жүргізген талдауларға сүйенсек, 2025 жылдың тамызында «ChatGPT» ай сайын шамамен алты миллиард рет қолданылып, AI-чатботтар арасында айқын көшбасшыға айналған. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Демек, адамдар енді ақпаратты іздеу, кеңес сұрау, мәтін жаздыру секілді істер үшін чатботтарды белсенді пайдалана бастады деген сөз. Дегенмен, «Google» сияқты дәстүрлі іздеу жүйелері де әлі басты орында.
«OpenAI»-дың пайдалану деректеріне сүйенсек, «ChatGPT»-ге келетін сұраныстардың негізгі бөлігі жазу, мәтін түзету және аударма сияқты тапсырмаларға бағытталған. Мысалы, жазу, аудару, түзету сияқты тапсырмаларда ЖИ көп көмектеседі. Сондықтан ол контент жасау, клиенттермен сөйлесу, құжаттарды реттеу сияқты салаларда өнімділікті айтарлықтай арттырады. Сондықтан ЖИ-дың қазіргі әсері негізінен офис жұмыстарына, құжатпен жұмыс істеуге, нұсқаулық жасауға және идея ұсынуға байланысты болып отыр.
Жасанды интеллекттің келесі кезеңі: сарапшылар болжамы
«OpenAI» компаниясының басшысы Сэм Альтман 2025 жылдың басында жасаған мәлімдемесінде жасанды интеллекттің келесі үлкен қадамы болатыны туралы айтты. Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде-ақ алғаш рет «AI-агенттер», яғни адамға көмекші ретінде нақты тапсырмаларды атқаратын ақылды жүйелер жұмысқа кірісуі мүмкін. Бұл чатбот сияқты жай сөйлесіп қана қоймайтын, нақты істерді атқаратын құралдар болады. Мысалы, құжаттарды қарап шығу, кесте құру, хаттарға жауап беру, есеп жасау сияқты жұмыстарды өздігінен реттеп отыра алады. Альтман мұндай агенттер компаниялардың жұмыс өнімділігіне нақты әсер етіп, көптеген процесті жеңілдетеді деп есептейді. OpenAI компаниясының басшысы маңызды мәселеге де тоқталды.
– Болашақтағы ЖИ жүйелері өте көп электр энергиясын қажет етеді. Сондықтан энергия саласында да үлкен өзгерістер керек. Мысалы, арзан әрі қуатты жаңартылатын немесе ядролық энергия көздерін дамыту, – деді ол.
Сондай-ақ Сэм Альтман алдағы онжылдық туралы батыл болжам жасады. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект адамнан да ақылды болуы мүмкін. Алайда бұл пікірге бәрі бірдей қосыла бермейді. Көптеген ғалымдар бұндай деңгейге ЖИ тек 2040–2060 жылдар аралығында ғана жетуі мүмкін деп есептейді. Яғни сарапшылардың болжауынша, ЖИ алдағы жылдары тек көмекші құрал емес, компания ішіндегі маңызды «әріптеске» айналуы мүмкін. Бірақ бұл жолда технологияны дамыту ғана емес, оны қауіпсіз, тиімді әрі энергияны үнемдей отырып енгізу де үлкен міндет.
Нәтиже бар ма?
Қаржы саласында да ЖИ-дың нақты көмегі бар. Mastercard компаниясының ресми ақпаратына сүйенсек, ЖИ арқылы алаяқтықты анықтау екі есеге жылдамдаған, ал жалған күдікпен бұғатталған карталар саны азайған. Сонымен қатар күмәнді саудагерлерді табу да үш есе тезірек жүре бастаған. Бұл миллиардтаған қаржылық операция арасында адамдар мен банктерді қорғауға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай жүйелердің кемшілігі де бар. Кей кезде ЖИ дұрыс емес шешім шығарып, жазықсыз адамдарды да күдікті деп көрсетуі мүмкін. Сондықтан банктер бұл технологияны сақтықпен қолдануда.
«AI Index» және өзге халықаралық шолуларға сүйенсек, ауыл шаруашылығында ЖИ өнімділік пен ресурсты тиімді жоспарлау, зиянкестерді картаға түсіру сияқты міндеттерде қолданылып жатыр. Мұның бәрі фермерлерге шығынды азайтып, нәтижені арттыруға көмектеседі. Әлемдік ұйым деректеріне сүйенсек, мұндай технологиялар егістікпен жұмыс істеу тәсілін біртіндеп өзгертуде.
«Stanford» университеті мен «OpenAI» зерттеулеріне қарағанда, білім саласында ЖИ мұғалімдердің уақытын үнемдеуге көмектесіп, оқушылар үшін жеке көмекші рөлін атқарып келеді. Көптеген мектептерде мұғалімдер сабақты жоспарлау, тапсырмаларды бағалау, оқушыға кері байланыс беру сияқты жұмыстарды ЖИ арқылы автоматтандырып, босап қалған уақытын оқушылармен тікелей жұмысқа арнауда. Ал оқушылар ChatGPT секілді жүйелерді «жеке көмекші» сияқты пайдаланып, тапсырманы түсінуге, эссе жазуға, тіл үйренуге қолдануда.
АҚШ-тағы «UC Davis Health» медициналық ұйымдардың мәліметтері бойынша, инсульт жағдайында жасанды интеллект пациентті уақытылы жеткізуге көмектесіп, қалпына келу мүмкіндігін арттырған. Кейбір ауруханаларда ЖИ-дың арқасында адамдардың инсульттен кейінгі қалпына келу мүмкіндігі жоғарылаған. Бұл ЖИ-дың медицинада нақты нәтиже беріп жатқанын, бірақ оны міндетті түрде дәрігер бақылауымен қолдану керек екенін дәлелдейді.
Жасанды интеллект тәуекелдері: қате жауап, заң және энергия
Жасанды интеллектті қолдану қанша жерден тиімді болса да, оның қауіптері мен шектеулері туралы ашық айту өте маңызды. Соңғы жылдары мамандар бұл мәселеге ерекше көңіл бөле бастады.
Бірінші мәселе – ЖИ-дың қателесуі. Кейде жүйе жалған немесе ойдан шығарылған ақпаратты сенімді жауап сияқты ұсынады. Мұндай жағдайды мамандар «галлюцинация» деп атайды. «hai.stanford.edu» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы әлемде ЖИ-мен байланысты түрлі инциденттер саны күрт өскен. Бұл – сапаны бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәдениетін күшейту қажет екенін көрсетеді. Әсіресе медицина, құқық, қаржы сияқты жауапты салаларда адам маманның қатысуынсыз ЖИ-ға толық сенуге болмайды. Сарапшылардың зерттеулеріне сүйенсек, тәуекелі жоғары тапсырмаларда ЖИ тек көмекші ретінде пайдаланылып, соңғы шешімді адам қабылдауы тиіс.
Тағы бір мәселе – энергия тұтыну. ЖИ-дың қуатты үлгілері өте көп электр энергиясын қажет етеді. «OpenAI» басшысы Сэм Альтман 2024 жылы Давоста өткен форумда болашақта ЖИ жұмысы үшін жаңа ядролық немесе арзан жаңартылатын энергия көздері қажет болады деп мәлімдеген. Бұл жай ғана техникалық мәселе емес, көптеген елдер үшін стратегиялық шешімдер қабылдауды қажет ететін күрделі сұрақ. Яғни ЖИ бізге үлкен мүмкіндік беріп жатқанымен, оның қателік жіберу, заң бұзу немесе инфрақұрылымға түсетін салмақ сияқты нақты қауіптері де бар. Сондықтан мұндай технологияны енгізу кезінде оны жоспарлы түрде, жауапкершілікпен және адам бақылауымен қолдану аса маңызды.
ЖИ және еңбек нарығы: кәсіби дағдылардың трансформациясы
Жасанды интеллект жұмыстың мазмұнын ғана емес, еңбек нарығының құрылымында өзгертуде. Алғашқы толқын ең әуелі мәтін мен құжат айналымына, тұтынушы қолдауына, маркетинг пен талдамалық есептерге тиді. Бұрын бірнеше сағатқа созылатын дайындық, жинақтау, редакциялау секілді операциялар минуттарға қысқара бастады. Бұл өнімділік өсімін береді, бірақ жұмыстың өзі «нәтижені қолмен жасау» емес, «міндетті дұрыс қою, деректі дұрыс беру және нәтижені тексеру» қабілеттеріне қарай ығысады. Сондықтан кәсіби құзыреттердің салмағы кодты немесе мәтінді нөлден жазудан емес, тапсырманы нақтылау, сапаны бағалау және тәуекелді басқарудан көрінеді. Жалпы алғанда, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге ғана емес, жұмыс тәсілімізге де әсер ете бастады. Қазір көптеген компанияларда мүлде жаңа мамандықтар мен міндеттер пайда болуда. Бұрын тек мәтін теріп, тапсырма беріп отыратын қызметкерлер енді ЖИ жүйесін терең түсініп, нақты нәтиже алу үшін оны дұрыс бағыттап үйреніп жатыр. Мысалы, «тапсырма-инженер» немесе «контент-редактор» деп аталатын жаңа мамандар жай ғана сұраныс енгізіп қоймайды. Олар бизнеске не қажет екенін түсініп, оны ЖИ-ға түсінікті етіп жеткізеді. Сондай-ақ жасанды интеллект ұсынған жауапты тексеріп, қате кетсе, оны сарапшыға жеткізеді. Қауіпсіздік пен заң талаптарына жауапты мамандар болса, ЖИ жүйесінің барлық әрекетін бақылап, заңға сай жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Жұмыста қажетті дағдылар да өзгеруде. Бұрын тек бағдарламамен жұмыс істей алу жеткілікті болса, енді дерекпен сын көзбен жұмыс істеу, қателерді тану және нәтижені дұрыстап тексеру әлдеқайда маңызды. Мысалы, мәтін жазатын ЖИ жүйесін пайдаланатын топ жай ғана көркем тілмен шектелмей, жауаптың дұрыстығын, нақты дерекке сүйенуін, сілтемелердің орынды болуын және оқырманға түсінікті екенін тексереді.
Мұның бәрі қызметкерлерді қайта оқытуды талап етеді. Компаниялар енді тек бір реттік тренингпен шектелмейді. Олар нақты жобалар арқылы, қателерді бірге саралап, ең тиімді тәсілдерді жинақтап, қызметкерлерді жүйелі түрде дамытып отырады. Уақыт өте келе әр қызметкердің жеке даму жоспарына ЖИ-мен дұрыс жұмыс істеу, дерек сапасын түсіну және этикалық тұрғыдан баға беру сияқты дағдылар енгізілуде.
Бұған қоса, ЖИ қоғамдағы теңсіздікке де әсер етуі мүмкін. Кімде ЖИ құрал мен интернетке жақсы қолжетімділік бар, сол топ жылдам бейімделіп, өнімділігін арттыра алады. Ал технологияға қолжетімділігі шектеулі топтар артта қалуы мүмкін. Сол себепті тілдерге бейімделген модельдер жасау, әдістемелік материалдарды аудару және ЖИ-ды дұрыс қолдануға арналған ашық ережелер дайындау өте маңызды. Жұмыс берушілер де ЖИ құралын ұсынғанда оның мүмкіндігімен қатар, шектеулері мен жауапкершілігі туралы да қызметкерлерге нақты түсіндіруі керек.
Жұмыс әлеміндегі бұл өзгеріс көпшіліктің ойындағыдай бірден орындарды қысқартып жатқан жоқ. Керісінше, көп мамандықтарда ЖИ адамның өзін күшейтетін құралға айналды. Мысалы, дәрігердің шешімді тезірек қабылдауына, мұғалімнің оқушыға көбірек көңіл бөлуіне, заңгердің нақты дәлел құруына, журналистің деректі тексеруіне көмектесіп жатыр.
Осының бәрінен қандай қорытынды шығады? Біріншіден, ЖИ – енді «қызық ойыншық» емес, нақты өнімділік құралы. Денсаулықта – скрининг пен диагностикада, қаржыда – алаяқтықты ерте анықтауда, білімде – мұғалімге көмекші және оқушыға жеке оқытушы рөлінде тиімділігі дәлелденіп келеді.
Алдағы уақытта жасанды интеллект біздің жұмыс ортамыздың күнделікті бөлігіне айналуы мүмкін. Дегенмен, бұл технология бәрін оп-оңай шешетін дайын шешім емес. ЖИ негізінде жұмыс істейтін «ақылды көмекшілер» (агенттер) кеңінен қолданыла бастайды деген болжам бар. Олар құжаттарды өңдеу, хаттарды сұрыптау, есеп құрастыру секілді процестерді өздігінен орындай алады. Бірақ мұндай жүйелердің тиімділігі – тек бағдарламадан емес, жақсы дайындалған ішкі инфрақұрылымнан, сапалы деректен және тұрақты энергия көзінен тұрады. Қазір Еуропа елдері мен басқа дамыған нарықтарда ЖИ-ға қатысты қатаң ережелер мен стандарттар қалыптасып келеді. Технологияны еркін жібермей, бастапқы сәтінен-ақ қауіпсіздік, бақылау, ашықтық сынды талаптарды ескеріп жобалау болашақтың негізгі қағидасына айналуда. Яғни «бірінші пайда көру емес, бірінші қауіпсіздік» деген ұстаным алға қойылуда. Ал пайдаланушылар үшін ЖИ – күнделікті ақпарат іздеу, кеңес алу, жазу, оқыту секілді істерде сенімді көмекші. Ол әзірге дәстүрлі іздеу жүйелерін толық алмастырмағанымен, ақпаратқа жылдам әрі бейімделген жолмен қол жеткізудің баламасы ретінде орныға бастады. Бұл біз көріп отырған бір технологиялық кезеңнің заңды жалғасы, бастапқы шу мен қызығушылықтың орнын енді нақты пайда мен саналы қолдану басып келеді. Бірақ кез келген қуатты құрал сияқты, оны қайда, қалай және қандай шектеумен қолданатынымыз ең маңызды сұрақ. Пайдасын алу оңай, ал жауапкершілікпен басқару ұзақ мерзімді табыстың шарты.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!