Кейінгі жылдары Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласында инфрақұрылым саласы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға нақты қадам жасалуда. Жаңашыл жобалардың жемісін тұрғындар көре бастады. Атап айтсақ, соңғы екі жылда Қызылорда қаласында 140 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Сондай-ақ апатты үйлердің мәселесі шешімін табуда.
Апатты үйде тұратындарға жаңа үйлерден баспана берілді. Сонымен қатар биыл қалада тоғыз, жеті, он екі қабатты үйлер қатары көбейді. Баспана кезегін күтіп жүрген тұрғындар жаңа дизаиндағы үйлердің игілігін көре бастады. Осыдан бір ай бұрын 280 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар қоныстанған болатын. Ал қала күні мерекесі қарсаңында сол жағалаудан 320 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспанаға қол жеткізгендердің басым бөлігі – көпбалалы отбасылар.
Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қала ішіндегі басты жолдар қайта жасалды. Атап айтатын болсақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төртжолақты болып кеңейтілді. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалынан бастап Гагарин көпіріне дейінгі 27,3 шақырым жол төрт жолақты болып салынды. Жол бойындағы Сыздық, Жаңадария, Шіркейлі каналдары үстіндегі 3 көпір қайта жаңғыртудан өтіп, төрт жолақты болып кеңейтілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 23 млрд 962 млн теңге бөлінген.
Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржоласты автожол өткелінің құрылысына 4 млрд 700 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Одан бөлек әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық жол, Жаппасбай батыр магистралі жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді.
Қала күні қарсаңында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылының екінші кезеңі аяқталды. Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңадан салынған автомобиль жолы жақында ел игіліне берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!