Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол мәселесіне назар аударды. Президент көлік-логистика кешенін дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін болмайтынын атап айтты.
– Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен теміржолдар салынып, жөнделіп жатыр. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады. Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым. Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жоба басталады. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда-Ақтөбе арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады, – деді Мемлекет басшысы.
V Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдер аясында Көлік министрлігі елдің автожол инфрақұрылымын жаңғырту мен транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған Президент тапсырмаларын орындауға кірісті. Сыр өңірінде «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда-Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды.
Жол құрылысын бастау іс-шарасына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты республикалық маңызы бар автомобиль жолы құрылысының басталуымен құттықтады.
– Биыл – еліміз, өңіріміз үшін тарихи маңызды жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қаламызда өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды V отырысында «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар жаңа ірі жобаның жүзеге асырылатынын, оның ішінде «Бейнеу-Сексеуіл» бағытындағы жол құрылысы биыл қолға алынатынын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы басталатынын айтты. Президентіміз «Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт»,– деген болатын. Осы мақсатта өңірімізде белсенді жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022-2025 жылдары аймағымыздағы 1600 шақырым автомобиль жолы мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 56 жобаға бюджеттен 37 млрд 845 млн теңге қаралған. Бұл қаржыға 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөндеуден өтеді. Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызы зор жобалардың бірі Қызылорда-Ақтөбе бағытындағы жолды төрт жолақты етіп кеңейтудің бірінші кезеңін бастаймыз. Құрылысы басталғалы тұрған автожол өңірдің өркендеуіне, халық игілігіне қызмет ететін маңызды көлік дәлізіне айналсын! Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз, – деді аймақ басшысы.
Жоба 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – 26 шақырымдық Қызылорда қаласының айналма жол салу. Екінші кезеңі – Қызылорда қаласынан басталып Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сыртымен айналып өтіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол. Автодәліз бойына жаңадан 11 көпір, 13 жол өткелі, 62 үй жануарларына арналған өткел мен 399 су өткізгіш құбыр салынады. Жолаушылар мен жүргізушілерге арналған заманауи сервистік қызмет көрсететін пункттер бой көтеріп, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік болады. Автожолдың ІІ санаттан І санатқа ауысуы көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады деп жоспарлануда.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!