Кейінгі жылдары шаһарымыздың шырайы келісіп, көркіне көрік қосты. Жаңа нысандар салынып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Құрылысы қарқынды қаланың көркейіп, көшелері кеңейіп жатқанын күн сайын көріп те жүрміз. Қаланың тыныс-тіршілігі мен дамуы әрбір тұрғынға қуаныш сыйлары хақ. Бүгінде жолдар жөнделіп, көшелер кеңейіп, шаһар келбеті өзгеше кейіпке енді.
Апта ішінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовпен бірге облыс орталығындағы «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылын, Әбілқайырхан көшесінен Саламатов көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын аралап көрді.
Сондай-ақ Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті нығайтылып, аталған даңғылдың 6,7 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер мекеме «УАД» ЖШС кеңейтілетін аумаққа асфальт төседі. Сонымен қатар Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті тазаланып, 1,4 шақырымға жуық дамба нығайтылды, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды. Нысанды жақын уақытта аяқтау жоспарлануда.

Облыс әкімі аралап көрген Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі жол құрылысы да қарқынды. Ұзындығы 2,9 шақырым, қазіргі таңда 2,4 шақырымының астыңғы қабаты тазаланып ашылған, ал 2 шақырым аумаққа тірек қабырғалары құйылуда. Жол құрылысын аралау барысында аймақ басшысы жұмысқа қойылатын басты талап сапа екенін айтып өтті. Әрбір істің жауапкершілікпен аяқталғаны маңызды. Кемшілік орын алған жағдайда мердігер мекемелер жауапты болатынын ескертті.
Жалпы, өңірде жол құрылысы қарқынды дамуда. Облыс орталығында жол қатынасына байланысты мәселелер шешімін тауып, жыл өткен сайын жақсарып келеді. Өткен жылы аймақтың жол инфрақұрылымын дамытуға қыруар қаржы бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөнделген. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты. Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жалғасуда.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!