Сейсенбі, 02 желтоқсан, 00:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
92, (2204)
02.12.2025
PDF мұрағаты

«Жол картасын» жүзеге асыру маңызды

02.12.2025

35 0

Кейінгі жылдары қалада оң өзгерістер аз емес. Шаһар шырайы келісіп, көркіне көрік қостыЖаңа нысандар салынып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Құрылыс қарқын алып, қала көркейіп, көшелер кеңейіп келеді. Қаланың тыныстіршілігі мен дамуы әрбір тұрғынға қуаныш сыйлары хақ. Жасампаз жобалар мен ілкімді істер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырары сөзсіз. Бүгінгі нәтиже ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Үкімет пен «AMANAT» партиясының бірлескен жобалары өңірде қарқынды жүзеге асуда. Бас шаһарда «Жол картасы» шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Партияның бекіткен сайлауалды бағдарламасының 5 бағыты бойынша қалада ауқымды жобалар жүзеге асуда.

Жақында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Отырыста 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы негізіндегі «Жол картасының» орындалу барысы талқыланды. Жиынға қала әкімі Нұржан Ахатов, партия­ның қалалық филиал төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Саяси кеңес бюросы мен фракция мүшелері қатысты. Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша қала әкімі Нұржан Сәбитұлы баяндама жасады.

– Ауқымды шаруалардың жүзеге асуына  «AMANAT» партиясы қолдау көрсетіп келеді. Партияның бекіткен сайлауалды бағдарла­масының 5 бағытын орындауда біз тиісті межеге жетіп келеміз. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы үш жылда бой көтерген озық үлгідегі әлеуметтік нысандар, халық сұранысына сай ашылған кәсіпорындар, өңір әлеуетін арттырар ірі инвестициялық жобалар туған өлкеміздің дамуына тың серпін берді. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының игілігімен Қызылорда еліміздегі ең таза қалаға айналып, тұрғындардың тазалық этикасы мен ортақ мүддеге жанашырлық көзқарасы қалыптасты. Осындай батыл бастамалары мен ынтымаққа ұйысқан халқы бар Алаштың анасы – Сыр елінің сәулеті асып, дәулеті тасыды. Аймақтар арасында айбары асқақ алғашқы астананың даму үлгісімен танысу үшін әр өңірден деле­гациялар Қызылорда қаласына жиі ат басын бұратын болды.  Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен облысымызда халықаралық деңгейдегі форумдар, республика дәрежесіндегі семинарлар, ұйымдық жиындар өтіп, іс-тәжірибеміздің тағылымы тарады. Халық­аралық «Урбан Фест – 2025» және «Аналар» форумы, мәслихат төрағалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бас қосқан жиындар, Абай мен Жамбыл облыстары делега­циясының сапарлары, республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі мәжілісі сияқты ірі іс-шара­лар арқылы өңірдің бүгіні мен болашағы сара­ланды. Мәртебелі меймандар қасиетті елдің құтты қадамына тілектестіктерін білдірді. Өңір өміріндегі тарихи күн – биылғы жылдың 30 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы облысымызға жұмыс сапарымен келді. Ел Президенті бір­қатар нысанның жұмысымен танысып, Қызылорда­ның даму қарқынына көңілі толды, – деді Нұржан Ахатов.

Сыр өңірінің бас шаһарында барлық сала бойынша оң динамика қалыптасты. Облыс бюджеті 3 жылда 364 млрд теңгеден 851,3 млрд  теңгеге дейін өсті. Ал қала бюджеті 174,7 млрд  теңгеге жетті. Жыл соңына дейін қала кірісін әлі де толықтыру үшін қажетті шараларды жүзеге асатын болады. Аймақ басшысының қолдауымен қала жолдары жөнделіп, көшелердің аясы кеңіді. Бұл салаға 20 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. 

Халықтың сапалы өмір сүруі үшін әлеуметтік мәселелерді шешу бірінші орында екені анық. Биыл да тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылданды. Мәселен, халықты баспанамен қамтуда Қызылорда қаласы республикада алдыңғы орынға шықты. Көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен сатып алу үшін 42 млрд 206 млн теңге қаржы қаралып, нәтижелі жұмыстар атқарылды.  Тұрғындардың 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылуы үшін бөлінген 6 млрд 413 млн теңгеге қосымша жұмыстар атқарылды. Ал газ желісі жетпеген елді мекендерге және қала аумағында қалып қойған аумақтарға «көгілдір отын» тартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Абаттандыру жұмыстарына 33 млрд 341 млн теңге қаржы қаралған.

– Президенттің қолдауымен жерлестеріміздің арманына айналған бас шаһарды ыстық сумен қамтамасыз ету оң шешімін тапты. Қазір қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлер ыстық сумен қамтылуда.  Сонымен қатар «Акса Энерджи» түрік инвесторымен қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы аяқталуда.  Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясын­да қаламызда 5 мектеп пайдалануға берілді. «Білімді қолдау қоры» арқылы физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Ал балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы өңір балғындары үшін есігін айқара ашты, – деді қала әкімі.

Фракция отырысында қала әкімі «Жол картасы» аясында орындалуы тиіс негізгі іс-шаралардың толықтай атқарылатынын айтып өтті.

«AMANAT» партиясының фракция мүше­лері өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалуы бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді. Алда айқын міндеттер мен анық жоспарлар бар. Басты мақсат – басымдықтарды дұрыс белгілеп, барлық салалардың серпінді жұмыс істеуіне қол жеткізу. 

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: