Сейсенбі, 04 наурыз, 09:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17, 2130
04.03.2025
PDF мұрағаты

Жолдағы апат немесе Қонақбай дәрігер

28.01.2025

162 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Өлке тарихына қатысты деректер жинастыру кезінде Қалдан ағайға да жолығып тұрам. Бірде, Сыр бойының батыр-бағлан, би-шешендер жайлы әкесінен естіген қызықты әңгімесін аяқтаған соң: «Бала кезімде бір дәрігер өміріме араша түсіп еді» деп, ұмытылмас  күндерді есіне алды. Қалдекеңнің өз анасынан толықтырып алған бұл оқиғаны оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

–Мен Жалағаш ауданының бұрынғы Калинин совхозында (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) туып өстім, –деп әңгімесін бастады Қалдан ағай.  

– Әкем Алданазарұлы Ахметбай осы ауылда отыз жыл жылқы бақты. Көктем туа Қарақұмға көшетінбіз. Ол кездері совхозымыз негізінен түйе мен жылқы бағатын. Кейінірек ірі қарамен айналыса бастаған соң төрт қос жылқы (25 үйір), бір табын түйе шаруашылығын ұстап қалды. Совхоздың әл-ауқаты артқан сайын Қарақұмға түйемен көш түзейтін малшылар енді автомашинамен көшетін дәрежеге жеткен кез. Бір табын түйе мен жылқының екі қосы Қырға шығатын да, екі қосы Сырда қалатын. Қырдағы жылқының бір қосын Кенжеғұлдың баласы Байтаңат, екіншісін менің әкем, ал Ақмолда ағай түйе бағатын. Үш үй жыл сайын орта көктемнен Қарақұмды жаз бойы бірге жайлап, қырау түсе Сыр бойына құлайтын.

Жылда бір табын түйе мен екі қос жылқыны сәуір аяғына таман Қарақұмға айдап, бір жеті бұрын кетеді. Үйлерді бұр аптадан кейін көлікпен көшіретін. 1964 жылғы мамырдың онына таман екі көлікпен үйлерді де көшіретін болып Төлеуұлы Төрехан ағайдың «үлкен штамповка» дейтін машинасына біздің үй мен Байтаңат ағайдың үйін, Даңмұрын ағайдың ГАЗ-53 автокөлігіне Ақмолда ағайдың үйін тиеді. Біздің үйге арналған машинаға киізүй керегесін борттан көтере шығарып, ортасына адам отыратындай етіп тиесе, Даңмұрын ағайдың машинасына Ақмолда ағайдың үйін жайдақы, керегені шығармай артты. Екі машина Марал ишан арқылы жүретін болып, жолға шықтық. Екінші көлікке мен, Байтаңат ағайдың үйіндегі жеңгеміз Рабиға, анам Күләнда және Бибісара мен Ұлсара есімді әпкелерім отырды. Даңмұрын ағайдың көлігіне ферма меңгерушіміз Жолдас ағай, Ақмолда ағайдың үйіндегі жеңешем Қант және Байтаңат ағайдың балдары Қалдан мен Қалмырза мінген. Түс ауа Жосалы қыстағының арғы шетіндегі дүкендерден сауда жасап әрі қарай жүріп кеттік. Анам маған аяқ қиім алған екен…

Біздің Қарақұмға жетер жер әлемде жоқ шығар, сірә. Бұл өзі Құдай қарасқан өлке. Бұнда келсең уақыт пен кеңістікті бағындырған сиқыршы секілді ХХ ғасырдан бағзы заманға бір-ақ түскендей күй кешесің. Қазіргідей  шатырлы, шыны терезелі, бөлме-бөлмеге жіктелген кесек там емес, кәдімгі байырғы қазақтың киіз үйі. Ас-тағам да табиғи өнімдерден. Ауасы таза болғаннан ба асың да сіңімді. Шыбын-шіркейсіз табиғатын айтсаңшы, шіркін! Көз ұшында мұнартқан теріскей-батыстағы Егізқара қыраты мен оның түстік-шығысындағы Менітті шоқысы, аспанмен шектесе көкжиекке созылып жатқан кең дала көрінісі ертегілер әлеміне жетелеп, құм жусанның жұпар иісін тереңдей тыныстаған сайын кеудең рақат сезімге бөлене бойың бір сергіп қалады.

 Жайлы жаздың қысқа түнінің жайбарақат тыныштығына адаммен бірге жан-жануар да бөленбек. Ықтасын келіп төбе басынан торуылдаған жыртқыштарды сезген ауыл иттерінің үзік-үзік үрісі бұл маңда ауыл отырғандығын айғақтай түспек. Салқын самалды түн тиыштығы құланиектенгенше жалғаспақ. Бұ тиыштық малшы ауылында рәббайда болып тұратын той-томалақ күндері бұзылатыны бар. Бұндай кездері ауылдан әрірек алтыбақан құрылып, таң атқанша тамаша ойын-сауық басталмақ. Алтыбақанда қыз-жігіттер тербеле ән шырқап, ақсүйек ойнаған жастардың күміс сыңғырындай алыстан шыққан шатты үндері естілмек. Желіккен бозбалалармен бірге Қалдан да араласа ойнақтап олай да бұлай жүгірспек.

Сырдария ауданындағы былтырғы думанды той тоғыз жасар Қалданның көз алдында. Жылына бір рет дүрілдете ұйымдастырылатын дәстүрлі сол той ерекше қызықты өткен-ді. «Той десе қу бас домалайды» демекші, сол думанға халайық көп жиналған. Аталмыш мерекеге бұлар екі ат, үш түйеге мінісіп шықты. Әкесі түйе қомына теңдей артқан жүктің оң бүйіріндегі көрпе-төсек артқа қаршынға Қалданды отырғызған. Жолбойы қаршын аузынан басын қылтита жан-жағын тамашалады да отырды. Таңдайы кепсе торсықтағы қымыздан ұрттап-ұрттап, дорбасындағы жұдырықтай-жұдырықтай құртын сорумен болды. Қырды жақсы білетін салт аттылар жай аяңға салып бірінен бірі бөлек кезеңнен асып, теріскейдегі Бөріойнақтың биік шыңына иек артты. Әкесі Ахметбай керуенді төтесінен бастап сай-салалар аумағы, сол қапталдағы ащы ақтікенді сортаң, күн сәулесіне жалтырап шағылысқан оң қапталдағы тұзды алқап, биіктеу белестен соң жарқырап алда жатқан төмендегі Ақшабұлақтан аққан бұлақ көлі төбе басынан алақанға салғандай көз жауын алуда. Осы ғажап көріністі тамашалағанда өзіңді әуеде қалқыған құстай сезінесің.

Бас-аяғы отызға жуық киіз үй және оншақты үлкен шатыр тігілген  ауылға ертесіне сәскеде жетті. Қырлы шалбар киген қызметтегі ірібастылар тойды жиналыспен ашып, озаттар жүлделі сыйлықтармен  марапатталуда. Алаңға аудандық мәдениет бөлімінің үгіт бригадасы перделі сахна құрған. Сахна төрінде әншілер ән шырқап, бишілер мың бұрала би билеп, күйшілер күй тартысып жұрттың қошеметіне бөленуде. Қатарласа тізілген көшпелі сауда-саттық автолавка дүкеншілері жұртпен қызу саудаласуда. Көгалда салмақ-салмағымен палуандар белдессе, әріректе гіртас көтеру, арқан тарту, тағы да түрлі ойын түрлері қиқулап өтуде. Тойшыл қауым арасында форма киген милиция қызметкерлері қызуқанды атойлаған қызбаларға ескерту айтып тәртіпке шақырып жүрген жайы да бар. Концерт соңы дәстүрлі айтысқа жалғасты. Той-думанның ең қызықты кезеңі әлбетте–бәйге. Атсейістер жүйріктерін жаратып, шабандозына соңғы ақылын қосып, пысықтауда. Сол жарыс аламанында көрші ауданның Күреңқасқа жүйрігі оқ бойы озып келген-ді…

Анамның Қармақшыдан сатып әперген су жаңа тәпішкесін бірден аяғыма киіп алдым. Екі үй тиеген біздің машина баяулап жүреді де, жалғыз үй тиеген Даңмұрын ағайдың машинасы озып отырады. Қарақұмға қарай баратын көш болсын, жолаушы болсын Қойшытөбеде өз жеке кәсібімен отыратын Сұлтан деген кісінің үйіне соғатын. Өйткені бұнда ағарған үзілмейді. Жолаушылар осында аялдап қымыз, шұбат ішетін. Біздің көш те тоқтады. Барлығы аяқ суытып отырғанда үш бала ойнап жүрдік. Мен он жастамын. Байтаңат ағайдың Қалданы менен екі жас үлкен, Қалмырзасы бір жас кіші. Ағайынды екеуі: «сенің машинаң қалып қояды. Біздікі озып кетеді. Сен біздікіне мін. Қызықтап баралық, –деп, мені азғыра бастады. – Мақұл!»- деп, солар мінген машинаға мініп алдым.

Терең ойға шомған Қант жеңшем бізбен жұмысы болмаған соң үшеуміз емін-еркін ойнап келеміз. Таскезеңнен асып Бошыбайға беттегенде түйе жүні салынған қанар теңге ересектеу Қалдан ашамайға мінгендей мініп алып, «ой, мамық!»-деп секірді. Жылқы десе делебесі қозып кететін қазақ бұндай ойынға сырт қарап тұрушы ме еді. Қалмырза да барып, «Ой, мамық! Рахат екен.»- деп, ойынға ду күлісіп, «тұлпарды» қолмен сабалап-сабалап «шапқылауда». Машина ызғып келеді. Үшінші кезек менікі болған соң теңге отыра қалып, «ой, тамаша…»-дей бергенімде, адырдың бір дөңбегінен көлік селт еткенде сыртқа қарай мұрттай ұштым. Қасымдағылар машинаның төбесін тоқылдатып тоқтатқан. Кабинада отырған Жолдас ағай жол шетінде топырақ көміп тастаған мені көтеріп алғанша арттағы көлік те жетіп үлгіреді. Сонда шешем: «Ұшып кеткен сен екеніңді аяғыңдағы Жосалы дүкенінен сатып алған тәпішкеңнен танығанмын. Машина тоқтар-тоқтамастан қалай секіріп түскенімді де білмеймін»- деген еді.  

Барлығы абдырап қалған. Менде жан жоқ. Шешем мен екі әпкемнің есі кіресілі-шығасылы не істерін білмей тұрғанда бір көлік келіп, ішінен түскен ақсақал: «Бұл кімнің баласы еді? деп тұр екен. Есін жиған анам: Ахметбай деген кісінің баласы, дегеніне: Ее, балаға бай кісі емес деп естіп ем. Сорлап қалған екен ғой.» деген кезде, шешем талықсып кетіпті. Сәлден кейін есін жиса, менің тамырымды ұстап отырған бейтаныс кісіге: «Ақсақал кісі екенсіз. Сіз баланы ұшықтап жіберіңізші!» деп өтініпті. Қасымыздағылар дереу су әкелген де ол кісі суды ұрттап үш рет бүріккенде ышқына демалыппын. Әлгі ақсақал: «Енді балаға ештеңе бола қоймас. Бір Алла жар болсын!» деп, өз жолымен кете берген. Бұл қармақшылық Саржан деген атақты аңшы екен.

Ұшықтаудан соң шамалы жан еніп анда-санда ышқына бір демалады екем. Әрі қарай жылжып отырып Бошыбай құдығында отырған Жалағаш (қазіргі Далдабай ауылы) совхозының малшысы Мекебайға жетіппіз.

Көкем, жылда Сайқұдыққа қоныстанатын Сарбас деген малшының үйінде тамақтанып, түнеп қашан біздің үйлер көшіп келгенше сонда болатын. Біздер жолда келе жатқанда көкем түс көріпті. Түсінде Байтаңат ағай мені бір қараүлекке мінгізіп, «анау жылқыны былай қайырып жібер!» деп, жұмсап тұр екен. Мен қараүлекпен жылқыға қарай жортып барады екем. Көкем, «Әй, Қалдан, алдың жар! Құлайсың. Қайт-қайт!» деп, айқайлаған кезде ұйқысынан оянып кетіпті. Сыртқа шықса Байтаңат ағай құдықтан мал суарып жүр екен. Сорқұдық пен Сайқұдықты бөліп тұрған үлкен Қабақтөбеден екі машина жәймендеп  келе жатқанын көріп: «Ойпырмай! Мыналардың жүрісі жағдайсыз екен. Балам аман болса екен?!» деп, құдық басынан көлікті күтеді.

Құдыққа жетпей тоқтаған көлік ішінен Жолдас ағай түсіп, көкеме сәлем бере: «Аха, сабыр сақтаңыз! Қалданды машинадан құлатып алдық, деп, мән-жайды түсіндіреді. Көкем: Осындай бір жағдай болғанын сезіп ем. Баланы көрейін» деп, көлікке шығыпты. Жолдас ағай артынан демеп, екеуі мінеді. Халімді көрген көкем талықсып шалқасынан құлап бара жатқанында Жолдас ағай сүйемелдеп машинадан әупірімдеп түсіріп алады.

Осындағылар жабылып Ақмолда ағайдың үйін тігуге кіріседі. Даңмұрынның машинасындағы жүкті жеделдетіп түсіріп, Қармақшыға дәрігерге жөнелтеді. Сарбас әкейдің үйінің көлеңкесіне масахана құрып мені жатқызады да, семіз бір қара қойды қазақы ырыммен айналдыра бастайды. Қой үш рет айналғанда бас жағыма тоқтап сарыпты. Бұны жақсы ырымға балап, қойға белгі салып қоя береді.

Кешке таман Қармақшыға кеткен машинамен бірге жедел жәрдем көлігімен жеткен  дәрігер: «Баланың жағдайы мынадай деп маған айтпап еді. Әйтпесе бұған көмек беретін бір дәрімді ала шығатын ем.» деп, өкінішін білдіргенінде, көкем: «Шырағым, жас жігіт екенсің. Мына балам өз азабын тартып жатқанын көріп тұрсың. Адам болатын болса орнынан қозға, болмаса әуре қылма!» депті. Сонда дәрігер: «Аға, баланы алып жүрейік. Қолдан келген көмекті аямаспыз.» деп, мені жедел жәрдем көлігі ішіндегі ілгішіне іліп жолға шығады.

Жедел жәрдемге әке-шешеммен бірге Жолдас ағай да мінеді. Таң ата Жосалыға кірген кезде машина алдынан мысық жүгіріп шығып жол ортасына тұра қала айбат шегіп, кері кетіпті. Машинадағы дәрігер: «Аха, мысық алдымыздан өтіп кеткенде балаға кәдік еді. Келген ізімен қайта кетті. Ол тегін кеткен жоқ. Мына бала дертінің жартысын алып кетті.» дегеніне, көкем: «Рахмет інім, айтқаның келсін!» деп, алға жылжи беріпті. Шамалы жүргенде су тасыған бір кәрі әйел иығындағы иінағашымен жол жиегіне аялдап бұларды өткізіп жібергенде: «Аха, құдай қаласа балаңыз сауығып кетеді. Енді қауіп жоқ.» деген дәрігер сол жүргеннен темір жол бойында бас сүйек түсіретін рентгенге мені ала кіріп, біршама уақыттан кейін күлімсірей шыға: «Аха, рентген түсірілімін көрдім. Миы аман екен, шайқалмапты. Мен содан қорқып келе жатыр ем.» деген қуанышын жасырмайды.

Ол кезде ағайынның ауызбірлігі күшті ғой. Мына жағы Қызылорда, Тереңөзек, Жалағаштан туыстар ағылып келіп игі тілектерін білдіріп жатса, Қармақшыда тұратын Әжімұқан әкенің, Кәрімбек, Бақтияр ағайлардың үйінен қонақ үзілмепті. Екі күннің бірінде мал сойылған сол үйлерден қонақ күтіліпті. Әуелі Құдай, одан соң дәрігерлердің емі мен туысқандардың тілегінің арқасында аман қалдың, деп отыратын әке-шешем.

Бір күн шешем, бір күн көкем қасымда отырса, медбикелер тәуліктеп күзетіпті. Әкемнің ағасы Рахметбек әкей он күн бойы палатамның терезе алдындағы ағаш орындықта түнеп шығыпты. Анамның, «Қайнаға-ау, ауылға қайтпай, далада масаға таланып, ағаш жастанып несіне әуре болып жүрсіз? Бала дәрігердің бақылауында және ініңіз екеуміз алма-кезек қасында жатырмыз.» дегеніне, «келер бәлекеттен қорған боламын.» деп, жағдайым жақсарған соң елге қайтыпты  Негізінде, батыр бабамыздың қос арыстаны осы Рахметбек көкеме қонған десетін жұртшылық. Ол кісі кей кездері, «Әй, тәйіралғыр!» деп, дауыстап қоятын. Арқасы бар еді, жарықтық.

Алған жарақатымның түрі ауыр. Басым ісіп кеткен. Екі көзім шарасынан сыртқа шыққан. Екі бұғанам паршалана ұсақталған.

Екі күннен соң үлкен шприці бар ұзын инесін сұғып, бұғананы қуалай енгізген кезде көкем: «Қалқам, өлтірдің ғой?!» деп, дәрігердің қолына жармасқанда: «Аха, бала осы жатқанында еттен ет кесіп алса да сезбейді. Бұл уколмен сынған сүйекті қалпына келтіріп ана бастағы ісікті осы бұғанаға алам. Ісік сынықтың желімі, сөйтіп екі бұғананы қалпына келтірем.» деп, уколын салған кезде қос бұғанам жұдырықтай боп ісіп шыға келіпті.

Ес-түссіз жатқан тоғызынша күні, кезекте отырған медбикеге, «бүгін балада бір өзгеріс болуы мүмкін. Мұқият бол!» деп, тапсырыпты дәрігер. Сәске кезінде мен, «Әбіләзи!» деп, бірге оқитын баланың атын атап тілге келіппін. Бұны естіген медбике палатаны аралап,  «бала тілге келді» деп, сүйіншілеген екен. Дәрігер тексерістен соң, «ертең тағы бір сөз қосуы мүмкін» деп, ертеңгі кезекшіге де ескертеді. Екінші күні «Әбіләзи құладым!» деппін. Бұны естіген бұл медбике де палата аралап сүйіншілетіпті. Сонымен, мені қырық бір күн дегенде өз аяғыммен ойнатып әкем Сайқұдыққа алып қайтты.

Мені емдеген сол дәрігердің аты-жөні–Сыздықов Қонақбай. Ол кездері жиырма бес, отыздар шамасындағы жігіт болса керек. Медбикелердің есімдерін ұмытыппын.

Күзде елге көшіп келген соң Қонақбай ағайды жолдасымен және ата-анасымен Жалағаштағы үйімізге қонаққа шақырдық. Құрметтеп күтіп, шығарып саларда, көкем: «Қонақбай-жан! Жалғызымнан аярым жоқ. Осы балама атап қойған жорғам бар еді. Енді сен жаяу қайтпа. Соны саған мінгіздім. Қабыл ал!» дейді. Сонда дәрігері «Аға, көп-көп рахмет! Сіз бердіңіз, мен алдым. Енді мына Қалдан балаңыз менің өкіл інім болсын. Қолымды қайтарды деп ренжімеңіз. Осы жорғаны ініме мен қайта мінгіздім. Көңіліңізге рахмет!» деп жорғаны маған қайта мінгізіп кетті.

Кейін ол кісіні Алматыға көшіп кетті деп естідік. Сонан соң қатынасымыз үзілді. Туысқандай жақын боп кеткен қос шаңырақ байланысы осылайша ажырап қалды. Маған екінші рет өмір сыйлаған Қонақбай ағайға рахметімді білдіре келе бала-шағасына аманшылық тілеймін. Бәлкім, осы мақала қолына тисе, өзі, иә болмаса ұрпақтары хабарласар ме екен, деген үмітім де жоқ емес, деп, көптен бері көкейінде жүрген ішкі сырын толғаныспен ақтарып салды Қалдан ағай.

Марат Шөмекей,    

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: