Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында елдің алдағы даму бағытын айқындап, стратегиялық міндеттерді нақтылай түсті. Бұл құжат – мемлекеттiң келешек жылдарға арналған даму картасы, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін ашатын бағдар және әлеуметтік-экономикалық өркендеудің басты бағыттары болып табылады. Жолдау тек тапсырма ғана емес, әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастама. Осы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында қалалық жиын өтті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы, депутаттар, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, кент пен ауылдық округ әкімдері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым және жастар белсене қатысты.
Жиында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев жолдаудан туындайтын айқын міндеттерді жүзеге асыру – ортақ іс екенін, тапсырылған міндеттің ауызбіршілік пен бірлесіп жұмыс істеудің маңызы зор екенін атап өтті. Қатысушылар Мемлекет басшысының жолдауында көрсетілген өзекті мәселелерді талқылап, ел игілігіне қызмет ету басты талап екенін тілге тиек етті.

Президент Жолдауының ең өзекті тұсы – Қазақстанды жаңа цифрлық дәуірге бейімдеу. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, инновациялық экономиканы қалыптастыруға негіз болатын салмақты міндет.
– Жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің талабы ғана емес, ертеңгі өркениеттің басты бәсекесі. Қазақстан осы үдерістен қалыс қалмауы қажет. Жасанды интеллект тек цифрландыру емес, ол денсаулық сақтау, білім беру, қаржы, қауіпсіздік және басқа да секторлардың тиімділігін арттыратын әмбебап құрал. Осындай стратегиялық мақсат аясында мемлекет басшысы үш нақты тапсырманы белгіледі: біріншіден, ҚР үш жылдың ішінде кең ауқымды цифрлық елге айналуы тиіс; екіншіден, цифрлық кодекс қабылдануы қажет, үшіншіден, жасанды интеллект пен цифрлық дамуға жауапты министрлік құрылып, оны вице-премьер басқаруы тиіс, – деді Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.
Жолдаудағы бастамаларды өзімізден бастап жүзеге асыру қажет екенін атап көрсетті.
Жасанды интеллект тек білім саласында ғана шектелмеуі тиіс, ол экономикада, денсаулық сақтау жүйелерінде және цифрлық деректерді сақтау саласында да белсенді қолданылуы керек. Осы бағыттағы жұмыстар туралы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев баяндама жасады.
Нұрлан Құлмырзаев жолдаудың IT және ғылым саласындағы әріптестерге жаңа мүмкіндіктер сыйлайтынын, айтарлықтай қолдау білдіретінін айтты. Ол 2023 жылғы қыркүйектегі Жолдауда жасанды интеллект оқытатын университеттер пайда болуы тиіс деген ұсыныс барын еске салды және оның нәтижесінде Қорқыт ата университетінде Оңтүстік Кореяның Сеул университетімен қос диплом бағдарламасы әзірленгенін атап өтті.
– Студенттер екі жыл Қазақстанда, екі жыл Кореяда оқып, қос диплом алуға мүмкіндік алады. Жасанды интеллект – тек IT мамандарына арналған құрал емес, ол қоғамның барлық саласына қажетті жаңа экономикалық энергия, жаңа бетбұрыс. Ал біздің университет цифрлы технологияға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект – қолыңыздағы GPT тәрізді құрал ғана емес, цифрлы мәліметтермен жұмыс деседі. Қазіргі уақытта мәліметті өңдеуге арналған мамандар жеткіліксіз, сондықтан деректі сұрыптау арқылы алдағы 5-10 жылға стратегиялық жоспар құруға мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығында да жасанды интеллект арқылы өнімділікті арттыруға жол ашылады. Мәселен, агротехнологияда модельдерді оңтайландыру, алдын ала болжам жүйелерін енгізу секілді мәселелерге көмегі орасан зор. Осы орайда университет те студенттерге жасанды интеллектті оқыту мен оны жүйелі түрде қолдануға көмек көрсетуді мақсат етіп отыр, – деді Н.Құлмырзаев.

Қалалық жиында талқыланған негізгі бағыттардың қатарында инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистика және транзиттік дәліздер бағыты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторлары ретінде айқындалды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді цифрлық дамудың қозғаушы күші ретінде тарту, экономиканы жан-жақты жаңғырту және адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер бойынша мәселелер қозғалды. Аталған жеті бағыт жүйелі түрде ашып көрсетілді. Олардың бірі – кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау.
– Кәсіпкерлік арқылы ел экономикасы өркендейді. Шағын және орта бизнес әрдайым дамып отыруы тиіс. Бұл импортты алмастыруға және жұмыссыздықты азайтуға сеп. Сонымен қатар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҰКП жүйесінде өңірлік платформа ретінде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын және нақты мәселелерін шешуге бағытталған қызметтер ұсынады. Мәселен, құқықтық және салықтық кеңес беру, мемлекеттік қолдау құралдарына бағыттау, субсидия, грант, жеңілдетілген несие және мемлекеттік бағдарламаларға сүйемелдеу барлығы қарастырылған. Экономикалық драйвер ретінде индустриялық аймақтарды дамытуға да ерекше назар аударылды. Қызылорда облысында қазіргі таңда алты индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Аталған аймақтарда бүгінге дейін 65 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, олардың жалпы құны 160,5 млрд теңгеден асады. Бұл жобалардың 33-і іске қосылған, 32-і жүзеге асып жатыр. Жобалар толық іске қосылған жағдайда 2 000-нан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жоғары технология мен инновацияға бағытталған инвестициялар, жасанды интеллектке негізделген өндіріс, Smart-жүйелер мен автоматтандыру, цифрлық ауыл шаруашылығы мен агроөндеуді дамыту қарқынды өсіп келеді. Кадрлық әлеует те назардан тыс қалмай, қысқа мерзімді мамандар даярлайтын ресурстық орталықтар ашылып, «Атамекен» мектеп компаниясының тәжірибесін кеңінен тарату бағыттары мен жастарды шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасу механизмі енгізілуде. Жолдауда көрініс тапқан тапсырмалар елімізге оң өзгерістер әкеледі, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі – аналардың рөлі. Ұрпақ тәрбиесі әрқашан басты назарда болады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көшбасшы ұрпақ тәрбиелеуде аналардың орны жоғары екені айтылды. Осы бағытта біздің өңірде бірнеше жобалар жүзеге асырылуда.
– Біртұтас қоғамды тәрбиелейтін аналар. Осы орайда тек әйел қауымы баланың тәрбиесіне жауапты демей, әкелерге де арнайы клуб ашылды. Мәселен, «Сарбаздар анасы», «Салауатты ана», «Әкеге қарап ұл өсер» сияқты бастамаларды қолға алдық. Бұл ұрпақ тәрбиесінде аналардың атқаратын рөлін арттыруға бағытталған нақты жобалар, ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадамдар, – деді аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева.
Жастар – қоғамның айнасы. Жастар саясатына қатысты Жолдауда айтылған мәселелер де талқыланды.
– Ғылымға, жас ғалымдарға берілетін гранттар мен ғылыми жобаларға қолдау көрсетудің маңызы ерекше. Биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланғандықтан, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандықтарды даярлау, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу басты назарда. Осы мақсатта жұмысшы мамандар форумы жоспарлануда. «Таза Қазақстан» жобасы да назардан тыс қалмайды. Қызылорда өңірі тазалықты насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруда алдыңғы қатарда. Жастардың белсенділігі – елге қызмет етудің, Отанға деген құрметтің көрінісі. Сондықтан өткен мен бүгінді, тарихымызды ұмытпау басты міндеттердің бірі. Аймақ басшысының қолдауымен биыл «Сыр жастары» бағдарламасы да іске қосылды. Бұл жастарымызға деген сенімнің нәтижесі – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек.

Мемлекет басшысының Жолдауы тек цифрландыру мен инфрақұрылымға ғана емес, ең алдымен қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға, елдің әлеуметтік тынысына бағытталған. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын игеру, жастарға мүмкіндіктер беру бәрі де ел игілігі үшін жасалған қадамдар.
Сонымен қатар Жолдауда ұсынылған тағы бір маңызды бастама – бір палаталы парламент құру мәселесі. Мұндай өзгеріс қоғамда жан-жақты талқылауды талап етеді. Президент бұл бастаманы қоғамдық пікірге ұсынды және түпкілікті шешімді халықпен бірге қарастыру қажет екенін айтты. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы бұл ұсынысты жалпыұлттық референдум арқылы шешетін жол ұсынылып отыр. Бұл қадам елдің демократиялық дәстүрлерін нығайтуға оң әсерін тигізуі тиіс.
Президент жолдауы – біздің болашаққа нақты жоспарымыздың айқын көрінісі. Оны іске асыру – баршамыздың ортақ парызымыз.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!