Газеттің өткен санында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Серікбай Өмірзақовпен сұхбат жарияланған еді. Сұхбатта Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Қызылорда облысындағы су тапшылығы, суды үнемдеу жайы кеңінен жазылды.
Бүгінгі таңда су мәселесі ауыл шаруашылығының болашағын айқындайтын негізгі факторға айналып отыр. Күріш – шығыны көп, суға тәуелді дақыл. Сондықтан бөлінген қаржы да, атқарылатын агротехникалық шаралар да, түптеп келгенде, алқаптың сумен қамтылуына тікелей байланысты. Соңғы жылдары су тапшылығы болып, тәуекел айтарлықтай артып отыр. Бұл жағдай суармалы егіншіліктің қазіргі ахуалын қайта саралап, нақты әрі батыл шешім қабылдауды қажет етуде.
– Күрделі жағдайға байланысты бұрын орта есеппен 85 мың гектарды құраған күріш алқабы биылғы жоспар бойынша 70 мың гектарға дейін қысқартылып отыр. Шамамен 15 мың гектарға жуық жердің кемуі шаруалар үшін оңай шешім болмаса да, қазіргі ахуал осындай қадамға баруға итермелеуде, – дейді ғалым.
Професор Серікбай Өмірзақов су үнемдейтін және суды аз тұтынатын дақылдардың балама нұсқалары бар екенін, алайда бұл мәселені «күріштен бас тартып, орнына басқа дақыл еге салу» деген қарапайым түсінікпен шешу мүмкін емес екенін айтады.
– Қазіргі таңда жүгері алқабын кеңейту бағытында нақты жоспар қарастырылуда. Инвестиция тарту арқылы 24 мың гектарға жуық жаңа жер ашу жобалары талқыланып, онда жаңбырлатып суару технологиясын қолдану көзделіп отыр. Бұдан бөлек, егісті әртараптандыру мақсатында техникалық дақылдар мен мал азықтық бағыттағы арпа, бидай, жоңышқа сияқты өнімдердің үлесін арттыруға болады, – дейді ғалым.
Жүгері – белгілі бір деңгейде су тапшылығына төзімділігімен ерекшеленетін, алайда ылғал жеткілікті жерде өнімділігі айтарлықтай артатын дақыл. Бүгінде бұл өнім еліміздің Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында кеңінен өсіріліп келеді, сондай-ақ біздің өңірде де бұл бағытта жинақталған тәжірибе бар. Қытай мамандарымен бірлескен жоба аясында Шиелі ауданының аумағында жүгеріні ірі көлемде егіп көру тәжірибесі қолға алынды. Былтыр басталған бұл жұмыс биыл екінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Бұл жобада шетелдік әріптестер негізінен гибридті сорттарына сүйенетінін аңғаруға болады.
– Күрішпен салыстырғанда бұл дақылдың суға деген қажеттілігі шамамен 4-5 есе аз деп айтуға негіз бар. Алайда бұл жерде бір маңызды техникалық жайтты ескеру қажет. Күріш пен жүгерінің суару жүйелері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Күріш алқаптары атыздап суаруға лайықталса, жүгері үшін жаңбырлатып немесе өзге де жүйелі суару әдістері тиімдірек саналады, – дейді Серікбай Өмірзақов.
Президент айқындаған экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріндегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытымен» келіссөз жүргізілді. Серіктестіктің қолдауымен облыста жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде келісім орнады. Нәтижесінде Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасы қаланды.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа жобаның басталуымен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– Бүгін аймағымыз, оның ішінде Сырдария ауданының тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің куәсі болуға жиналдық. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, 40 млрд теңгенің жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануда. Зауыт заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 550 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Зауыт құрылысының сәтті аяқталуына, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Биылдан бастап өңірде жүгері егісі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып, өңіріміздің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Терең өңдеуге бағытталған жүгері өндірісін қолға алған шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!