Жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендерге, қан аздықтың ауыр түріне шалдыққан балалар мен босану кезінде көп қан жоғалтқан аналарға ең алдымен қан керек. Мұндай шақта адам жанына араша болатын ең бірінші донорлар екені белгілі. Екінің бірі қан доноры болуға келісе қоймайтыны да тағы бар. Өз қанын өзгеге ұсына отырып, өлім аузындағы адамға өмір сыйлайтын жандар қашан да мақтауға лайық. Осы орайда жаңадан бой көтерген сол жағалаудағы қан орталығы 1 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша шамамен 118,5 миллион қан донациясы жиналады. Соның 40 пайызы дамыған мемлекеттерге тиесілі. Ал әлем халқының тек 16 пайызы ғана дамыған мемлекеттерде өмір сүреді десек, елімізде әлі де қан донорлары ауадай қажет. Облыс әкімінің ықпал етуімен осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2024 жылдың ортасынан бастап қан орталығы жаңа ғимаратқа көшті. Бұл орталық облыс бойынша 7 аудан мен 16 медициналық ұйымын қанмен қамтамасыз етуде.
– Жаңа ғимаратқа көшкеннен бері 13 мыңнан астам тұрғын қан доноры болуға ниеттенген. Олардың ішінде 2464 адамның қарсы көрсетілімдері болуына байланысты донорлықтан алыстатылды. Жалпы жыл көлемінде 9000 литр көлемінде қан дайындалды. Қан донорларынан 450 мл және талдау үшін 50 мл мөлшерінде қан алынады, – деді облыстық қан орталығының директоры Серік Қуандықұлы.
Аудандардағы және облыс орталығындағы қан өнімдерін шұғыл жағдайда жиі пайдаланатын медицина ұйымдары нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қорғалады. Медицина ұйымдарына жіберілген қан компоненттері иммунологиялық және инфекциялық қауіпсіздік жағынан толығымен қамтамасыз етілген. Қан қоры абайсызда жарақат алған науқастарға, дүниеге жаңа келген нәрестелер мен жас аналарға, қатерлі ісікке шалдыққан мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында үздіксіз толықтырылып отырады.
– Донорлардан қан алғанда оның құрамының таза әрі қауіпсіз болғаны маңызды. Қан орталығында қан құрамын швейцариялық аппаратпен тексереді. Алынған қан үлгілеріне трансмиссифті инфекцияларға серологиялық талдау 2 кезеңде жүреді. 1-ші этата ИХЛТ, ИФА әдісімен тексерілсе, 2-ші кезеңнен ПТР талдау әдісі қолданылады. Архитект аппаратымен 6 түрлі инфекцияға талдау жүреді.Бұл аппарат сағатына 50-ден 100 сынаққа дейін жасауға мүмкіндігі бар. Ал Сobas 5800 медициналық аппаратпен АИТВ, Гепатит инфекцияларына ПТР талдау алынады, – деді қан орталығының директоры.

Мамандардың айтуынша, дені сау адамға донор болудың келтіретін зияны жоқ. Донорлық қан көптеген адамның өмірін аман алып қалады. Донордан алынатын қан 450 мл көлемінде. Егер адам ағзасында 5 литр қан айналатынын ескерсек, мұндай мөлшерде қан беру денсаулыққа қауіп келтірмейді. Орталықта бір реттік құралдар ғана пайдаланылады. Ол түрлі инфекциялар жұқтырудың алдын алады. Донор бір рет қан өткізу арқылы орта есеппен үш адам өмірін құтқара алады екен. Ал жылына тұрақты түрде қан беретін донорлар 12 адамның өмірін аман алып қалуға сеп бола алады.
– Тұрақты донорлар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек ауырады. Сондай-ақ жарақат алғанда да жеңіл өткереді. Одан бөлек, мамандар ұдайы түрде қан өткізу өмірді 5-7 жылға ұзартады. Қазіргі таңда тұрғындар арасында ерікті донорлардың санын көбейте отырып, сирек кездесетін қан таптары донорларын анықтап, донорлар базасына жаңарту мақсатында университеттер мен колледждерде іс-шаралар ұйымдастырамыз, – деді Серік Игембаев.
Сонымен бірге облыстағы медицина ұйымдарының қан өнімдеріне тапсырыстарын орындау мақсатында қан дайындау жоспарға сәйкес орындалуда. Донорлықты дамыту мақсатында оқу орындары, әскери бөлімдерде үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Белсенді қан беруші донорларға арнайы марапатталып, алғыс хат беріледі. Облыстық әкім аппараты, дін басқармасы, жылу электр орталығы, облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу департаменті қызметкерлері қан доноры бойынша облыста белсенділер қатарында. Солардың ішінде қан беруді әдетке айналдырған Айдарбек Нұрлыбекұлы 2018 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді. Жылына 4 мәрте қан тапсыратын ол қазір 32 жаста. Алғаш қан тапсырған кезін еске алған Айдарбек Шаянбеков арнайы акциямен келген қан орталығы қызметкерлерінен пайдасы туралы білген екен.
– Қан тапсыруға барғанда қанымның қою екенін білдім. Қызметкерлердің нұсқауы бойынша қан беріп болғаннан кейін бойымда жеңілдікті сезіндім. Мамандардың кеңесі бойынша 3 ай сайын қан тапсырып тұруды жолға қойдым. Тағы бір артықшылығы қан сараптамасы арқылы денсаулығымнан хабардар болып отырамын. Мұқтаж адамдарға көмегіміз тисін деген ойда жоқ емес, – деді ол.
Сонымен бірге ол мектеп оқушылармен арнайы қосымша дайындау үстінде. Жастарды қан доноры болуға ынталандыру мақсатында қолға алынған істің жартысынан көбі дайын. «Happy Donor» деп аталатын қосымша донорларға арнайы карта ашып бонус жинауға мүмкіндік береді екен. Жиналған бонус қоғамдық көлікте тегін жүруге, кинотеатрда кино көруге, кофе ішуге пайдалануға болады. Әйтсе де бұл страт-ап жоба болғандықтан қолдауды талап етеді.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!