Сенбі, 27 қыркүйек, 02:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№73, 2185
27.09.2025
PDF мұрағаты

«Жұлдыз құрағы» –  береке мен бірліктің белгісі

27.09.2025

38 0

Қазақтың ежелден келе жатқан асыл қазынасының бірі – қолөнер. Әсіресе, құрақ құрау өнері ғасырлар бойы ұрпақ жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан бай дәстүрдің көрінісі. Осы өнерді дәріптеу мақсатында Ақмешіттің ғасырлық мерейтойына орай «Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» атты кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл күні орталық алаңда құрақтан кілем төселіп, алаң жаңаша кейіпке енді. Сахнаның сәнін құрақтан жасалған сан түрлі бұйымдар айшықтап, көздің жауын алды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін құрақ құрау ісі – терең мәнге ие, халықтың даналығын, еңбек­қорлығын паш етті.

Шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз сөйлеп, мерейтой аясында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

«Жұлдыз құрағы» –  береке мен бірліктің белгісі

– Сыр өңірі – еліміздің рухани орталығы, өнердің алтын бесігі. Бүгінгі шараның мәні де, маңызы да ерекше. Құрақ құрау – нағыз шеберлікті, тиянақтылықты талап етеді. Сыр шеберлерінің осынау еңбегі ұлттық рухты көтеріп, жас ұрпаққа өнеге болмақ. Қолөнер шеберлерінің еңбегін жоғары бағалау қажет – деді Д. Тұрсынбаев

Сонымен қатар  облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық сөз алып, ұлттық құндылықтарды кәсіппен ұштастырып жүрген шеберлерге табыс тіледі.

– Қолөнерді кәсіпке айналдыруда үлкен еңбекті талап етеді. Құрақ құрау – тек сәндік бұйым жасау емес, бұл – ұлттық таңбамыздың бір бөлшегі. Осы дәстүрді жаңғыртып жүрген шеберлердің еңбегі – елдің мәдени дамуына үлкен үлес қосады. Ал қолөнерді дәріптеп, кәсіпке айналдыру ұлттық өнерімізге серпін сыйлары анық, – деді Пірмұхаммед Сыздық.

Орталық алаңда 100-ден астам қолөнер шебері бас қосты. Олардың әрқайсысы өз қолтаңбасымен жасалған туындыларын ұсынып, халықтың ықыласына бөленді. Әсіресе, көпшіліктің ықыласына бөленген белгілі қолөнер шебері Үржамал Жайбергенова. Ол ұлттық өнерді жаңғыртуға қосқан үлесі үшін қала әкімінің арнайы алғыс хатына ие болды.

– «Жұлдыз құрағы» – ел ішіндегі береке мен бірліктің, шеберлік пен шабыттың белгісі. Әр қиылған құрақ бір-бірімен үйлесіп, тұтас бір әдемі туындыға айналғандай, халқымыз да бірлікте болып, бір-бірімен үйлесім тапса ұлы істерге қол жеткізеді. Сондықтан қазақ мәдениетінде қолөнердің алатын орны әрдайым жоғары болмақ, – дейді қолөнер шебері Үржамал Жайбергенова.

Тағылымды шара соңында қонақтар ұлттық бұйымдар көрмесін тамашалап, шеберлердің қолынан шыққан дүниелерді жоғары бағалады. Әр туындыда ұрпақтың ізі,  халықтың сән-салтанаты көрініс тапқандай болды.

– Қолөнер ешқашан ескірмейді, ол – халық­тың тарихымен, мәдениетімен бірге ізін жоғалт­паған асыл қазына іспетті. Ақмешіттің астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдас­тырылып жатқан бұл іс-шараның мәні зор. Өйткені мұндай мерекелер ұлттық өнер­ді дәріптеп қана қоймай, қолөнер шеберлері­не деген құрметтің, олардың еңбегін бағалау­дың айқын көрінісі болып табылады, – дейді қолөнер шебері Рая Шыныбекова.

«Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» осылайша ұлттық өнерді дәріптеген тағылымды басқосу ретінде есте қалды. Бұл тек Сыр өңірінің ғана емес, күллі қазақтың бай мұрасын ұлық­тап, ұрпақ санасына жеткізген мерей­тойлық игі шара.       

А.Бахытжанқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: