Бүгінде әйелдер қаржы саласында аналитикалық, ұйымдастырушылық қабілеті мен табандылығы арқылы биік жетістіктерге жетіп, экономиканың дамуына айтарлықтай үлес қосуда. 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында жеке тұлғалардан проблемалы берешегін қайтару бағытының Қызылорда «ForteBank» АҚ филиалының сарапшысы Жұлдызай Құттыбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол банк саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, әйелдердің қаржы саласындағы рөлі, мансап пен жеке өмір тепе–теңдігі туралы өз пікірімен бөлісті.

– Банк саласында жұмыс істеу сіз үшін несімен ерекше? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Банк саласы – үнемі даму мен жауапкершілікті талап ететін сала. Қаржы саласында қызмет жасау алдымен аса жауапкершілікті талап етеді, өйткені жұмыс ірі қаржы ресурстарымен тікелей байланысты. Қызығы мен қиындығы қатар жүреді десем қателеспеймін. Мұнда аналитикалық қабілет, сандармен жұмыс істеу, коммуникабельділік, дипломатиялық қасиет ұқыптылық маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар бұл салада мансаптық өсу мүмкіндігі жоғары. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Мен бұл мамандықты саналы түрде таңдадым.
– Сіздің ойыңызша, қаржы саласындағы әйелдердің рөлі қандай?
– Бүгінде қаржы саласындағы әйелдердің ықпалы зор. Олардың аналитикалық ойлау қабілеті, ұйымдастырушылық қасиеті мен жауапкершілігі жоғары болғандықтан, олар жауапты лауазымдарға тағайындалып, қаржы саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Әйелдер қаржы секторында тұрақтылық пен сенімділік орнатуға көмектеседі деп ойлаймын.
– Қызметте де, өмірде де жетістікке жету үшін қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Ең басты қағида – жауапкершілік пен адалдық. Үнемі ізденіп, білім алып, өзімді жетілдіруге тырысамын. Сондай-ақ спорт пен дұрыс тамақтануды ұмытпаймын. Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау да өте маңызды.
– Қызмет пен жеке өмірді қалай тең ұстауға болады?
– Ең бастысы, өзіңізді тыңдау. Мансап та, отбасы да маңызды, бірақ олардың арасында үйлесімділік болуы керек. Өзіңізге уақыт бөліп, рухани дамуға, демалысқа да көңіл бөлген жөн.
– Өзіңізді бес жылдан кейін қай бағытта көресіз?
– Қазіргі таңда қаржы саласындағы тәжірибемді жас мамандарға үйретуді қалаймын. Заманауи технологиялар дамыған уақытта мақсатсыз жүру мүмкін емес деп есептеймін. Жоспар көп, бірақ оларды әзірге құпия сақтағым келеді. Дегенмен бес жылдан кейін өзімді кәсіби тұрғыда жаңа белестерді бағындырып, біліктілігімді одан әрі дамытқан маман ретінде көремін.
– Барлық әріптес әйелдерге және банк саласындағы аруларға қандай тілек айтар едіңіз?
– Ең алдымен сіздерге алғыс айтамын. Мереке қарсаңында менен сұхбат алғаныңыз үлкен сый болды. Журналистер қауымын ерекше құрметтеймін, өйткені әкем Құттыбай Сыдық осы Сыр өңірінің белгілі журналист-жазушысы болған. Облыстық, республикалық газеттерде қызмет атқарды. Әкеммен бірге қызметтес болған журналистерді жақсы танимын. Осы орайдаұжымдағы әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбастарыңызға бақыт, қаржылай тұрақтылық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, қаламдарыңыз ұштала берсін, оқырмандарыңыз көп болсын деген тілек білдіремін! Барша әріптестерімді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, кәсіби табыс, отбасылық бақыт пен шабыт тілеймін! Әр күндеріңіз қуаныш пен мерекеге толы болсын!
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!