«Жұмыс, жұмыс»… «Жұмыстамын, қолым тимейді». Сізге таныс сөз бе?! Кейде өмірде жұмыстан басқа маңызды ешнәрсе жоқтай көретініміз шындық. Әрине, табыс табу жақсы өмір сүру кепілі екені даусыз. Дегенмен жұмысбастылықтың да зияны бар екен. Ағылшын тіліндегі «Work-life balance» концепциясы жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау дегенді білдіреді.
Бұл концепция бойынша өмірде әрбір адамда жеке өміріне жұмыстан бөлек жеткілікті уақыт қалуы тиіс. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша әрбір адамның жұмыс уақыты аптасына 40 сағатты құрау керек. Қазақстанда жұмыс істейтіндердің 80,2 пайызы аптасына 36-40 сағатын жұмысқа арнайды екен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы есеп бойынша аптасына 41 сағатын жұмысқа арнайтындар саны 1,3 млн, бұл елдегі жұмыс істейтіндердің 14,4 пайызы. Бұлардың басым бөлігі жалдамалы жұмысшылар болса, 31,1 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ұлттық статистика бюросы мұндай зерттеуді жыл сайын жүргізеді. Бір байқалғаны, соңғы жылдары жұмысқа көп уақытын арнайтындар саны азайып келеді екен. Мәселен, 2019 жылы жұмыс істейтіндердің 20 пайызы немесе 1,8 млн адам жеке өмірден гөрі жұмысқа көбірек уақыт бөлген. Демек, адамдар уақытты тиімді пайдалануды үйреніп келеді деуге болады.
Көп уақытын жұмысқа арнайтын адамдардың уақытын есептеп көрейік. Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы үшінші тоқсандағы мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың 86 пайызы бір аптаның 41-49 сағатын жұмысқа арнаған. Демек, олар үнемі жұмыстан кеш қайтады немесе 9 сағаттан көп жұмыс істейді. Бұл санаттағылардың 9 пайызы аптасына 50-59 сағатын жұмысқа арнайды екен. Яғни олар күніне 10-11 сағаттан аса жұмыс істейді. Сондай-ақ қазақстандықтардың 6 пайызы аптасына 60 сағатын жұмысқа арнайды екен. Тағы бір атап айтарлығы, сауда, өнеркәсіп, құрылыс саласында жұмыс істейтіндер уақытының көп бөлігін жұмыста өткізеді. Ұлттық статистика бюросының биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы мәліметке сүйенсек, сауда саласында жұмыс істейтіндердің 27,7 пайызы (371,4 мың адам) бір аптадағы 41 сағатын жұмысқа арнайды екен. Екінші орында өндіріс саласында еңбек ететіндер. Одан кейін көлік және логистика саласы тұр. Сондай-ақ коммуналдық сала мамандары, қаржы, ақпарат және байланыс саласында жұмыс істейтіндер уақытының көп бөлігін жұмысқа арнайды. Бір қызығы, жұмысқа көп уақыт бөлетіндер бастықтар емес, қатардағы қызметкерлер екен. Тағы да статистикаға сүйенсек, басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер арасында аптасына 41 сағатын жұмысқа арнайтындар жалпы жұмыс істейтіндердің 6,2 пайызы ғана. Ал жұмысқа көп уақыт бөлетін 1,3 млн адамның 83,7 мыңы басшылар мен мемлекеттік қызметшілер. Оның ішінде жоғары лауазымды тұлғалар, құқық қорғау және мемлекеттік қызметшілер 1,4 мың адамды құрайды.

Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сүйеніп, шамадан тыс жұмыс істеудің себебін де байқауға болады. Өткен жылдың үшінші тоқсанында көп жұмыс істейтіндердің 60 пайызы жұмыс берушінің талабымен жұмыстан кеш қайтуға мәжбүр болған. Сондай-ақ жұмыстан кеш қайтатындардың 10,1 пайызы өндіріс жағдайына байланысты жұмыстан кеш қайтса, 23 пайызы көп табыс табу үшін көбірек жұмыс істеген. Көп жұмыс істеп көбірек табыс тапқысы келетіндер саны жағынан ауыл тұрғындары екен. Яғни ауыл тұрғындарының 28 пайызы көп жұмыс істеп, жақсы табыс тапқысы келеді екен. Бұл – статистика мәліметі. Әрине, статистикаға ілінбеген қаншама қарбалас тіршілік кейіпкерлері аз емес. Жақсы табыс табу үшін бірнеше жұмыс істейтіндер аз емес. Сонымен қатар жұмыстан келіп, жұмысын үйде жалғастыратын мамандық иелері бар. Мәселен, мұғалімнің үйге келіп қағаз жазуы, журналистің түнгі тыныштықта мақала жазуы түн ұйқысын ұрлайтыны шындық. Қазір психологтар «өз уақытым» дегенді көбірек насихаттап жүр. Әр адамның жұмыс, үй тірлігінен бөлек өзіне уақыт қалуы тиіс. Яғни асықпай кофесін ішіп, ойын жүйелейтін, сүйікті ісімен айналысатын сәті. Бұл – адамды қарбалас тірліктен бір сәт босатып, өзін тыңдауға арналған уақыт. Бір сәт тоқтап, кофеңді қолыңа алып, газет-журнал, кітап оқу, түйгендеріңді қағазға түсіру адамға бақыт сыйлайды екен. Өзіңізге осындай бақыт сыйлап жүрсіз бе?
Тағы да қарбалас тіршілік иірімімен асығып кетіп барамыз…
Гүлбибі МҰРАТ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!