Сенбі, 11 қаңтар, 03:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2-2115
11.01.2025
PDF мұрағаты

Жұмысшы мамандығының жаңа дәуірі

11.01.2025

37 0

Президент жарлығымен 2025 – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет

2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам  жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған.

Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Атаулы жылдың нәтижелі болуын тапсырған Үкімет басшысы көлік саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуді, ауылдарға маман тартуға жағдай жасауды, мамандарды қайта даярлауға мән беру қажеттігін атап айтып, тиісті министрліктерге тап­сырма берді. Бір қуаныштысы, жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін көтерумен қатар, материалдық жағдайын түзеуге мән берілмек. Үкімет басшысы бұл орайда өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипоте­калық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңіл­детілген бағдарламаларын іске қосуды пысықтауды тапсырды.

Бүгінде атаулы жылда жүзеге асар жұмыстар басталып та кетті. Атап айтқанда, Оқу-ағарту ми­нистрлігі техникалық және кәсіптік білім беру­ді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арнал­ған жол картасын қабылдады.

Бүгінгі таңда елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін 772 колледж бар, онда 565 мың студент оқып жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құраған.

Тағы бір атап айтар жаңалық – мемлекет колледждерді жан басына шаққандағы қаржылан­дырудың жаңа нормативін қабылдауы. Қазіргі күні бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, жаңа оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждер үшін орташа есеппен 2 есе артып, 912 мың теңгені құрайды. Бұл бәсекеге қабілетті маман даярлауда білім беру ұйымдарын уақыт талабына сай жабдықтауға, педагогтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасамақ. Тағы бір атап айтарлығы, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы студенттерді қолдап, дамыту үшін Астанада Ұлттық құзыреттер орталығы құрылатын болды.

Цифрлық карта іске қосылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстан­дықтардың жартысынан астамының (52%) кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бүгін­де 2,3 млн-ға жуық адам 2 мыңнан астам жұмыс­­шы мамандығы бойынша еңбек етуде. Маман­дарға деген  сұраныс өте жоғары, өткен жылы 270 мыңнан астам бос жұмыс орны болған. Жұмыс­шы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұра­нысқа ие. Енді жылдан-жылға жұмысшы кадр­ларға деген қажеттілік арта түспек. Алдағы 6 жылда кадрларға сұраныс 1,6 млн адам деп бағала­нады, оның ішінде жартысынан астамы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлер, олар­дың 400 мыңға жуығы жұмысшы маман­дықтар.

Жұмысшы мамандықтарын қолдау мақса­­тында маңызды жобалардың бірі – Кәсіп­орынның цифрлық картасы. Бұл нақты уақыт режимінде кәсіпорындардағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның цифрлық картасын Отбасы­ның цифрлық картасымен үйлестіру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жұмыс беруші қызмет­керлердің әлеуметтік әл-ауқатын ескере отырып, тәуекелдерді автоматты түрде анықтай алады. Кәсіпорынның цифрлық картасы – әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыратын құрал.

Өнеркәсіп және құрылыс саласында 75 жаңа мамандық пайда болады

Өнеркәсіп және құрылыс саласына 39 мыңнан астам кадр қажет екен. Бұл ақпаратты сала министрінің өзі айтты. Түйінді мәселені шешу үшін роботтандырылған тау-кен техникасы операторы, тау-кен және металлургия өнеркәсібіне арнал­ған смарт-жүйелерді әзірлеуші, виртуалды прототиптеу жөніндегі маман, цифрлық жоба­лаушы, Big Data талдаушысы және «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты 75 жаңа мамандықты қамтитын жаңа мамандықтар атласы әзірленген.

Биыл индустрияландыру картасының аясын­да машина жасауда 8 жаңа мамандық пайда болады екен: 3D-басып шығару және дәнекерлеу жөніндегі инженер, робот­тандырылған бояу жүйелерінің операторы және басқалары бар.

Министр 336 кәсіпті қамтитын сегіз салада жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, 60 кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Өнеркәсіп саласында кадрлар даярлау үшін дуальды оқыту белсенді қолданылады. Еліміздің 284 колледжінің жұмысына 700-ден астам кәсіпорын жұмылдырылған. Қол қойылған шарттар мен меморандумдар шең­берінде жыл сайын 13 мыңнан астам жас маман жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. 2024 жылы оқушыларға кәсіптік бағдар беру аясында 2 мыңнан астам студент өнеркәсіптік кәсіпорындарда тәжірибеден өтті.

Сондай-ақ геология саласындағы кадр тапшылығын шешу үшін «Жас геолог» қоғам­дық қорын құруды және жастар арасында мамандыққа деген қызығушылықты арттыру үшін халықаралық олимпиада өткізуді қос­қанда, жүйелі шаралар қабылданғанын атап өтті.

Энергетиктерге сұраныс артады

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда республиканың отын-энер­гетикалық кешені саналатын 1671 кәсіпорында 303 мыңнан астам түрлі кәсіп қызметкерлері жұмыс істейді.

2030 жылға дейін ОЭК салаларында құрылыс кезеңінде де, тұрақты жұмыс орындарында да 83 мыңнан астам сапалы жұмыс орындарын аша отырып, 99 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Мұнай-газ саласындағы жобаларды іске асыру мұнай-газ саласының да, аралас салалардың да техникалық мамандықтары үшін шамамен 22 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мұнай-газ химиясына 6 ірі жобаға 21 мыңнан астам маман жұмысқа тартылмақ, оның ішінде 18 мыңы уақытша және 3 мыңнан астамы тұрақты жұмыс.

Электр энергетикасында 72 жобада, оның ішінде 32 жаңартылатын энергетика жобасында 41 мыңнан астам жұмыс орны, уақытша 35 мыңнан астам және тұрақты 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Министрліктің мәліметінше, атом электр стансасын салу жобасы бойынша 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық адам, ал 2032 жылы құрылыстың шарықтау кезеңінде 10 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Іске қосылған кезде жоба кемінде 2 мың адамды жұмыспен қамтиды. Жаңа жобалардан басқа, жұмыс істеп тұрған отын-энергетика кешені кәсіпорындарында 2025-2029 жылдары 16 мың маман қажет болады екен.

Асыраушы саланың әлеуеті

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақ­паратына сүйенсек, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде 1,1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 300 мыңнан астам өндіруші, оның ішінде жұмысшы мамандарының 595 мыңы немесе 55%-ы жұмыс істейді екен.

Ол отбасылық коэффициентін ескере отырып, салада жұмыс істейтін әрбір маман орта есеппен үш адамды табыспен қамтамасыз ететініне тоқталды. Осылайша, ауыл шаруа­шылығы 4 млн адамның қаржылық әл-ауқатына тікелей немесе жанама түрде әсер етеді, бұл оны әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі көздерінің біріне айналдырады.

Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы негізгі кәсіптік-техникалық біліммен қатар цифрлық жүйелермен және жоғары технологиялық жаб­­дықтармен, соның ішінде жасанды интел­лект­­пен жұмыс істеудің жаңа дағдыларын талап етеді. Атап айтқанда, кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы 9 кәсіби стандарт, сондай-ақ даярлаудың аграр­лық бағыттары бойынша білім беру бағдарла­малары әзірленіп, жаңартылмақ. Бұл маман­дарды дрондар, астық өңдеу операторлары сияқты заманауи мамандықтарға және жоғары техно­логияларды қолдануға байланысты басқа да бағыттар бойынша оқытуға мүмкіндік жасалмақ.

Жүйелі жоспар бар

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшы­сының төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен биыл «Жұ­мыс­шы мамандықтар жылы» деп жариялан­ды. Осыған орай, облыстық іс-шаралар жоспары мен комиссия құрамы бекітілді. Жоспарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 899,9 млн теңге қаралды. Бұл қаржы колледждерді күрделі жөндеуге, материалдық-техникалық базаларын жабдықтауға, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашуға, «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізуге және жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі шараларды жүзеге асыруға бағытталады.

Колледждерге кәсіпорындардан өндіріс ше­бер­лерін тартуды, шетелдіктерді жергілікті кадр­лармен алмастыруды ұйымдастырыңыз­дар. Бө­лін­ген қаражат мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керек.

Ірі кәсіпорындардың, орта бизнес өкілде­рінің қатысуымен тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізуді тапсырамын. Жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті 9-сыныпты бітірушілерді 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту үшін 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлуге құжат әзірлеңіздер. Колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама беру үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен арнайы келісімді үйлестіріңіздер.

Қоғамда еңбек адамына деген құрметті дәріптеу, жұмысшы мамандықтарын насихат­тау, беделін көтеру, жастардың қызығу­шылығын арттыру бағытында Мемлекет басшысының, Үкіметтің берген барлық тапсырмалары толық орындалуы қажет», – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

Өңірде 28 колледж 97 мамандық, 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар, оның ішінде, 19 колледжде 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярлануда.

Бүгінде жобалық кеңсе, аймақтық штаб құру, «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтар жылының» салта­натты ашылуын ұйымдастыру бойынша тиіс­ті жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат – тех­никалық және кәсіптік білім беру сала­сын трансформациялау, колледждерді салалан­дыру, дуальды оқыту, модульдік білім беру, халықаралық стандарттарға сай, еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие жұмысшы мамандар даярлау. Бұл аймақтағы кәсіптік білім беру деңгейін арттырады.

P.S «Жалғыз сиырымды сатсам да, баламды оқытамын. Мен сияқты жұмысшы болмай-ақ қойсын» дейтін қасаң пікір қазір түбегейлі өзгерді. Расында, мұндай да болған. Қайтсе де баласына бір диплом алып беруге тырмысып, кейін ол қатырма қағаз  сандықта жатып, баласы жұмыссыздар қатарын көбейткені – өмір шындығы. Қазір қоғам көзқарасы басқа, жұмысшы маманға сұраныс та жоғары. Қалай айтқанда да, биыл жұмысшы мамандықтың қадірі артып, мәртебесі биіктеуге барлық жағдай жасалмақ.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: