Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл шешім – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Еңбекқорлықты дәріптеп, кәсіби шеберлікті арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған маңызды бастама.
Осыған орай Қызылорда қалалық жастар орталығы «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» атты әлеуметтік жобаны іске қосты. Жоба туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз конференциясында қалалық жастар орталығының директоры Медет Ерданұлы Жорабек толығырақ айтып берді.
– Жобаның басты мақсаты – техникалық және кәсіптік саладағы талантты жастарды анықтау, сол салада жетістікке жеткен мамандарды қолдау және олардың азаматтық белсенділігін арттыру. Жоба аясында осы салада табысқа жеткен жастардың еңбегін көрсету және еркін форматта пікір алмасу үшін «JastarX» алаңдары құрылатын болады. Алдағы уақытта жас тігіншілер, аспаздар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар мен электриктер арасында байқаулар ұйымдастыру жоспарлануда. Байқауға Қызылорда қаласының 16-34 жас аралығындағы азаматтары қатыса алады. Қазіргі таңда тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Медет Ерданұлы.
Әр байқау бағыты бойынша жеңімпаздарға 150 000 теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған. Айта кетейік, бұл байқау қалалық жастар орталығы тарапынан үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Жеңімпаздар мен қатысушылар қыркүйек айында өтетін «Жұмысшы мамандықтар» форумында марапатталады.
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!