Бейсенбі, 19 маусым, 02:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44, 2157
17.06.2025
PDF мұрағаты

Жұмысшы топтың жұмысы тоқтамайды

14.06.2025

72 0

Мемлекет тарапынан кәсіп ашуға, оны дамытуға қолдау көп. Әсте, солай екен деп, белден басып, кәсіп арқылы өзгенің құқын таптауға немесе жайлы өмір сүруіне кедергі келтіруге жол жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен жақында арнайы жұмысшы топ құрылған. Қазіргі таңда заңды өрескел бұзып, «қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген қағидамен ойындағы жоспарды жүзеге асырып кететіндер көп екен.

Жұмысшы топ не істейді деген ой келеді. Мұнда кәсіпкерлікке байланысы бар түрлі сала өкілдері бас қосқан. Жер кадастры, архитектура тәрізді сала мамандары кәсіп «қожайынының» қолынан шыққан осындай идеяларды анықтап, оның заңдылығына ден қояды. Қайшы келсе, ұзатпай, олқылықты реттеу мақсатында шара көру үшін тиісті органдарға жөнелтеді.

– Қаланың сәулеттік келбетіне зиян келтіріп, мемлекеттің жерін заңсыз иеленіп, өз бетінше бейберекет құрылыс жұмыстарын жүргізген, адамның жүріп-тұруына қолайсыз жағдайды қалыптастырып, жаяу жүргіншілер жолын бұзып, тас төсеніштерді қопарған деген тәрізді фактілер тіркеліп жатыр. Комиссия құрылғалы 158 нысанды анықтадық. Оның 95 дерегі облыстық сәулет, қала құрылысын бақылау басқармасына жолданды. Әрі қарай олар заң талаптары бойынша бұздыру, бастапқы қалпына келтіру немесе құрылысын тоқтату сияқты шараларды қолданады, – дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхаммед Сырлыбаев.

Дінмұхаммед Мұратбекұлының айтуынша, меншік иелерін анықтау бағытында «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірлесе жұмыс істелуде. Әр сала маманы өзінің міндеті аясында жұмыс істейді. Мәселен, жер бөлімі жерді заңды немесе заңсыз алынғанын, нысаналы мақсатына сәйкес келмейтіні немесе келетінін анықтайды. Заңсыз иеленіп, қоршап алынған жерлер болса, инспекция тарапынан шара көріледі.

Таяуда ғана жұмысшы топ жаяу жүргіншілер жолының жартысынан көбін иемденіп алып, өзінің кәсіпкерлік нысанының ауқымын кеңейткенін нысанаға ілді. Жағдайды қала әкімі Нұржан Ахатов тікелей өзі бақылап, жаяу жүргіншілер жолы қалпына келтірілген болатын. Тіпті, тас төсе­ніштерді ойып, бұзып, бағана да салып үлгеріпті. Үлкен жолды қысыр жылан қысылып өтетін тар жолға айналдырған меншік иесі қазір де жаяулар жолын өзіне қайтарды. 

– Желтоқсан көшесі, 25 үйдің бірінші қабатынан тұрғын үй-жайды қайта жабдықтау жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үй емес үй-жай етіп дайындаған. Құрылысқа рұқсаттарының бәрі бар. Бірақ құрылыс жұмыстары кезінде жаяу жүргіншілер жолын қоршап алған. Заңсыз иеленіп, мемлекеттің мүлкіне зиян келтірген. Біз құқық қорғаушылармен бірге барып, абат­тандыру қағидаларын бұзу, мем­лекеттің мүлкіне зиян келтіру деп шара қолдандық. Мемлекеттік құрылыс ба­қылау басқармасы да шара көрді. Біз қоршауды бұздырып, жаяу жүргіншілер жолын жөндеттік. Қазір халық емін-еркін өтіп жатыр, – дейді бөлім басшысы.

Жұмысшы топтың жұмысы тоқтамайды

Қала орталығындағы Қазыбек би көшесінде орналасқан бірнеше нысан да жұмысшы топтың назарынан тыс қалмады. Ғимаратпен жапсарлас ор­наласқан заңсыз дүңгіршектер мен тіркеуде жоқ кәсіпкерлік қызмет ие­леріне де ескерту берілді. Мұндай тексеру жұмыстары күшейтілген түрде жүргізіле береді.

Ал орталықтағы «Нұрмағанбет» кафесінің заңсыз салынғаны анық­талып, облыстық мемлекеттік сәулет және қала құрылысы басқармасына хат жолданды. Зерделеу нәтижесінде қала орталығындағы «Сохо» мейрам­ханасының екінші қабаты, яғни террасасының заңсыз салынғаны да белгілі болды. Кәсіпкер тиісті талаптарды сақтамай, ғимаратын рұқсатсыз кеңейткен. Мейрамхана басшылығына ескерту беріліп, шара көру үшін тиісті орындарға хабарлама берілді. Ал «Loft» мейрамханасының иесі жанындағы «Veranda» кафесін салу үшін құрылыс тұрмақ, жердің де құжатын рәсімдемеген. Кәсіпкерге заңға сәйкес тиісті шаралар көрілді.

Атақты батыр Бауыржан Момыш­ұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген керемет сөзі бар. Кәсіп істеген жан өзін ғана емес, өзгені де ойлауы керек. Сонда ғана кәсіп берекелі болады. Жұмысшы топтың жұмысы тоқтамайды. «Көш жүре түзеледі» деп, қол қусырып отыратын кез емес. Көштің түзелетін кезі келді…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: