Сенбі, 09 тамыз, 15:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59,2172
09.08.2025
PDF мұрағаты

«Жұпар жүрек»: Үнсіздік дауысы

09.08.2025

48 0

Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі. Статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады.  Дәл осы мәселені тереңінен қозғаған «Жұпар жүрек» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Көрсетілімге мәдениет саласының майталмандары, БАҚ өкілдері, психологтар, құқық қорғау саласының мамандары қатысты.

Фильмнің продюсері Арман Боран­байдың айтуынша, сценарий өмірде болған оқиғалардан құралған.  Сценарий жазу оңай болмапты.

– Біз бұл тақырыпты жеңіл әзілмен көрсете алмаймыз. Әрбір кадр, әрбір диалогтың шынайы шығуына аса мән бердік. Сценарийді жазуға тоғыз ай уақыт жұмсадық. Бұл жай ғана кино емес, қоғам айнасы. Қазіргі таңда отбасында болып жатқан зорлық-зомбылықты жасырып жүрген әйелдер өте көп. Ал мұндай ортада өскен баланың болашағы бұлыңғыр. Біз осы фильм арқылы зорлық-зомбылықты тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның дерті екенін жеткізгіміз келді, – дейді Арман Боранбай.

Оқиға түрмеден шыққан ер адамның үйіне оралуынан басталады. Әйелі мен баласы оны қуанып қарсы алады. Бірақ түрме тәртібіне үйренген ер адам үй ішінде билік орнатуға тырысады. Қол көтеру, балағаттау, ішімдікке салыну күнделікті дағдысына айналады. Достарын жиі шақырып, шу шығарады, үйден береке кетеді. Әйелі мен баласы шарасыз күй кешеді.

Бұл көріністі көріп өскен бала бірте-бірте кекшіл әрі тұйық болады. Мектепте, достарының арасында буллингке ұшырайды. Ал әкесі болса, ішімдік пен ашу-ызаның салдарынан жүрек ауруына шалдығады.

Фильмнің екінші желісінде мейірімге толы ауыл мұғалімінің тағдыры суреттеледі. Ол күтпеген жерден жол апатына ұшырап, өмір мен өлім арасында арпалысады. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу мүмкін еместігін айтып,  жүрегін донорлыққа беруді ұсынады.

Қиын сәтте шешім қабылдаған ата-ана ұлының жүрегін өзгеге сыйлауды жөн көреді. Сол жүрек арқылы бір адамға өмір сыйлағысы келеді. Бұл жүрек бір адамның өмірін сақтап қалады.

Күндердің бір күнінде, баласынан айырылған қарт ата-анаға өткен күндер ой салады. Олар марқұм ұлы көзі тірісінде жасаған кішкентай ғана құс ұясын еске алды. Бір кездері ауруханада сол ұяны бір баланың қолына ұстатып кеткен еді.

Бір күні олар баланың үйіне барады. Есікті ашқан сәтте, үй иесінің таныс бейнесі, кеудесіндегі тыртық қарт ананың жүрегін дір еткізеді. Көңіл түкпірінде әлденені сезгендей болды. Сөйтіп, баласының жүрегін кімге донорлыққа бергені жайлы мәлімет іздестіреді. Арнайы құжаттарды қарап, көптен іздеген шындыққа қол жеткізді.

Сол күннен бастап, бұл үйге жиі келіп, балаларының жүрек дүрсілін тыңдауға рұқсат алды. Әр тыңдаған сайын ұлдарының бала күнгі қылықтарын, арманын, күлкісін айтып беретін. Мейірімге толы бұл сәттер бір кездері қатыгездік пен ашуға толы адамның да жан дүниесін жылытып, жүрегіне адамдықтың дәнін еккендей болды. Бұл фильмнің тек бір бөлігі ғана. Фильмді тамашалаған көпшілік көз жасына ерік берді.

– Бұл фильм мені ойландырды. Меніңше, бұл фильм тек әйелдер үшін емес, ер адамдар үшін де түсірілген. Өйткені азамат отбасы алдыңдағы жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мұндай туындылар адамдардың санасын оятып, өмірін өзгертуі мүмкін, – деді Ардақ Ойнарова

Қоғам белсенділері де фильмнің маңыз­ын атап өтті. Психологтар болса, мұндай шығармалардың адамдардың ішкі қорқынышын жеңуге көмектесетінін айтады.

«Жұпар жүрек» – тек бір отбасының немесе бір адамның емес, тұтас қоғамның мәселесін көтерген туынды. Ол зорлық-зомбылықты жасырып, үнсіз қалудың орнына, ашық сөйлесуге шақырады. Фильм көрерменге ауыр болса да, шынайы өмірдің суретін көрсетеді.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: