Журналист болу – мен үшін жүрек таңдауы. Осы шаһар менің алғашқы қадамдарымның куәсі, шабыт көзі болды. Журналистикаға деген қызығушылығым дәл осы қалада оянды. Қызылорда – тарихы терең, тағылымы мол өңір.
Бұл жерде ел тағдырына бейжай қарамайтын, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын нағыз қаламгерлер дүниеге келді. Қазір мен мектеп түлегімін. Болашақта журналистика саласына бет бұрмақпын. Бұл мамандыққа қызығушылық адамдармен жақын болуды, қоғамдағы өзгерістерге үлес қосуды үйретті. Мен үшін бұл мамандық еркіндік пен жауапкершіліктің үйлесімі іспеттес. Болашақта тек журналист болуды ғана емес, өзімнің авторлық жобаларымды да жүзеге асыруды көздеп отырмын. Қазіргі уақытта «MediaTalk Qyzylorda» және «JasMedia Lab» сынды жобаларым бар. Бұл жобаларда Қызылорданың жалынды жастары, олардың жетістігі мен ойы, арманы көрініс табады. Мақсатым – қаламыздың заманауи келбетін, жаңа буынның үнін көпшілікке жеткізу. Бұл жобалар менің өңірлік журналистикаға қосар алғашқы үлесім болмақ. Менің ойымша, әр жас журналист туған жерінен бастауы керек. Себебі туған өлкенің үні мен үшін әрқашан ерекше.
Қызылорданың медиа кеңістігінде жастардың дауысы жиі естілетін уақыт келген сияқты. Болашақта мен осы бағыттағы бастамалардың алдыңғы қатарында болғым келеді. Қызылорданың дамуы мен жастарының әлеуеті жайлы жазу арқылы мен туған өлкеме қызмет етсем деймін. Арманым – елге танымал журналист болу емес, шын жүректен жазу арқылы бір адамның болсын санасына сәуле себу. Біз жаңа дәуірдің дауысы, өзгеріске ұмтылған ұрпақпыз. Біздің сөзіміз бен ісіміз қоғамның беталысын өзгерте алады. Сол себепті әр сөз, әр ой, әр бастама маңызды. Әрбір жас – болашақтың бейнесі. Біз қандай болсақ, ертеңгі Қазақстанда сондай болады. Сондықтан менің тілегім – жастар өз ойынан қорықпасын, үнсіз қалмасын. Себебі әр пікір қоғам үшін маңызды. Әр қадам – өз болашағымызға салынған кірпіш. Журналистика мен үшін шындық пен сенім жолы. Осы жолда жүріп, тек маман ғана емес, қоғамға қажет тұлға болуға үмтыламын. Ал бұл ұмтылыстың бастауы – өзім сүйіп өскен Қызылорда қаласы.
Нұрсұлтан Байнаш,
№7 мектептің 11 сынып оқушысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!