Сәрсенбі, 07 қаңтар, 15:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№1, (2213)
06.01.2026
PDF мұрағаты

Жылқы жылы қандай өзгеріс күтіп тұр?

06.01.2026

109 0

Биыл бірқатар салаларда өзгеріс бар. Атап айтсақ, әлеуметтік қолдау, қаржы жүйесі, медициналық қызмет, құжат рәсімдеу мен қоғамдық тәртіп салаларына қатысты жаңа заң қабылданды. Аталған өзгерістер азаматтардың күнделікті тұрмысына, табысы мен шығынына тікелей ықпал ете ме? Биылғы өзгерістерге шолу жасадық.

АЕК өседі: төлемдер мен айыппұлдар да ұлғаяды

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 4325 теңге болып бекітілді. АЕК-тің ұлғаюы әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарға да тікелей ықпал етеді. Салыстырып айтсақ, 2025 жылы (кемі) 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеген азамат қалтасынан 19660 теңге шығарған болса, енді ол айыппұл 21625 теңге болады. Яғни, АЕК-тің өсуі қарапайым азаматтың қалтасына да, бизнеске де тікелей әсер етеді. Сонымен, 1 қаң­тардан бастап:  айлық есептік көрсеткіш  – 4325 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 50851 теңге, ең төменгі базалық зейнет­ақы төлемі  35596 теңге, ең төменгі зейнетақы  69049 теңгені құрайды. Дегенмен, айыппұлдар саны артқан. Мәселен, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін салынатын айыппұл көлемі 3000 АЕК-ке дейін жетіп, 12 миллион 975 мың теңгені құрайды. Қоғамдық орындарға қоқыс тастаған азаматтар алғаш рет 20 АЕК (86500 теңге), ал ескертуді елемей, қайталанған жағдайда 30 АЕК (129750 теңге) айыппұл төленеді. Түнгі тыныштықты бұзған жеке тұлғаларға 5-10 АЕК (21625-43250), ал кәсіпкерлерге 20-150 (86500-64 8750) АЕК аралығында айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану, қауіпсіздік белбеуін тақпау секілді әрекеттер үшін де айыппұл көлемі артады. Мәселен, көлікті жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін 2-10 АЕК (8650-43250), ал жолды кесіп өткені үшін 2-10 АЕК (8650-43250), егер автобуста жолақыны төлемей, тәртіп бұзғандарға 2 АЕК (8650) теңге көлемінде айыппұл төлейсіз.

МӘМС жүйесіндегі жаңалық

Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі де жаңаша форматта жұмыс істей бастайды. Жаңа жылдан бастап қант диабеті, балалардың сал ауруы, ревматизм, бірқатар созылмалы аурулар МӘМС пакеті аясында толық қамтылады. Яғни, бұл диагнозы бар науқастар дәрігер кеңесін, емдеу шараларын және қажетті дәрі-дәрмектерді сақтандыру есебінен ала алады.

Жеке куәлік алу тегін

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлік алғаш рет рәсімделгенде немесе оның жарамдылық мерзімі аяқталып, қайта алған жағдайда азаматтардан ақы алынбайды. Бұл – халықтың  құжат рәсімдеуге кететін шығынын азайтып ғана қоймай, әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуді көздейді.

Мобильді аударымдарға бақылау күшейеді

Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдарға қатысты талаптар қатаңдайды. Егер жеке тұлғаның банктік шотына үш ай ішінде 100 немесе одан да көп адамнан ақша түсіп, оның жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 есесінен асса, яғни 1 020 000 теңге болса, бұл табыс кәсіпкерлік кіріс ретінде қарастырылады. Айта кетейік, бұл талап тек жеке банктік шоттарға қатысты қолданылады. Бұл – көлеңкелі экономиканың алдын алуға бағытталған шара болмақ.

Құжат алу  қымбаттайды

АЕК мөлшері өсуіне байланысты бірқатар мемлекеттік төлем мөлшері қайта есептелді. Атап айтқанда, 16 жасқа дейін­гі 24 беттік паспорт 17300 теңгені құрасса, 36 беттік стан­дарт­ты паспорт 34600 теңге, ал 48 беттік паспорт – 51900 теңге.

Жүргізуші куәлігі – 5406 теңге. Туу туралы куәлік алғаш рет тегін берілгенімен, жоғалған немесе қайта рәсімделген жағдайда 2163 теңге төлейді.

Жәрдемақы көлемі артады

Биылдан бастап бала күтіміне және көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы көлемі ұлғаяды. Жұмыс істемейтін аналарға төленетін жәрдемақы бала санына қарай 24912 теңгеден 38 492 теңгеге дейін өседі.

Көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері: 4 балаға – 69 329 теңге, 5 балаға – 86673 теңге, 6 балаға – 104016 теңге, 7 балаға – 121359 теңге болмақ. Сонда әр балаға шамамен 17300 теңгеден келеді.

Зейнетақы көбейе ме?

Зейнеткерлер үшін де бірқатар жағымды өзге­рістер бар. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ба­залық зейнет­ақының ең төменгі мөлшері 35596 теңгеге дейін өссе, ең жоғары мөлшері 60005 теңгені құрайды. Ал ең төменгі зейнетақы көлемі 69049 теңгені құрамақ.

Президент қандай заңға қол қойды?

Мемлекет басшысы «Құқық бұзушылықтардың профи­лактикасы туралы» жаңа заңға қол қойды. Заң аясында алғаш рет «антиәлеуметтік мінез-құлық» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітілді.

Құжатта құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ресми ескерту жасау, әлеу­меттік көмек көрсету тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар жаңа заң азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді араласуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл бағытта 50 мыңнан астам қоғамдық көмекші мен ерікті қызмет атқарып келеді. Құжатта қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жабатын киім киюге қатысты шектеулер мен электрлі самокат қызметін ұсынатын компанияларға жаңа талаптар енгізілген.

Тағы бір жаңа заң медицина қызметкерлеріне бағытта­лады. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін құқық­тық қорғауды күшейтуге бағытталған заңға қол қойды. Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленген құжат қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің және жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару барысында өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне нұқсан келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жаңа нормаларға сәйкес, медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем жүргізушісіне күш қолданамын деп қорқытқан тұлғаға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу жазасы көзделген. Ал өміріне немесе денсаулыққа қауіпті күш қолданған жағдайда кінәлі тұлға бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

                                        Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: