Сенбі, 20 қыркүйек, 03:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№71, 2184
19.09.2025
PDF мұрағаты

Жылу беру маусымы: Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

20.09.2025

29 0

Қыс мезгілі жақындаған уақытта қоғам алдындағы өзекті мәселеленің бірі – жылу беру маусымына дайындық. Қаhарлы қыстың аязына төтеп беру де оңайға соқпасы анық. Осы орайда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары жылу маусымы кезінде тұрғындардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ олардың жеке мүлкі мен қоршаған ортаны өрттен қорғау бағытында кешенді іс-шаралар атқарып келеді. Дегенмен, қауіпсіздік шараларын сақтамай, өрт оқиғасынан зардап шеккендер де бар.

– 2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғындардың немқұрайлығынан белең алған көріністер жиі кездесті. Мәселен, қала көлеміндегі тұрғын үй секторларында 22 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 3 млн 850 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Одан бөлек, 7 адам жарақат алып, 4 азамат қайтыс болған, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Асхат Тоғызбаев.

Әр көрсеткіштің артында отбасының қайғысы, адамның өмірі мен денсаулығы тұр. Дегенмен, бұл тұрғындардың салғырттығынан туындаған жайт.

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына дер кезінде көңіл бөлмеу, мұржаларды тазала­мау, газ жабдықтарын дұрыс қоспау, балалар­ды қараусыз қалдыру сияқты немқұрайлық­­тың салдары орны толмас қайғыға әкеледі. Сонымен қатар көмірқышқыл газы – иіссіз әрі көз­ге көрінбейтін қатер. Ол үйге білінбей тарай­ды да, адамның тынысын тарылтып, ула­нуға әкеліп соғады. Сондықтан да қауіпсіз­дік шараларын алдын ала ойлас­тырудың маңызы зор.

Қауіптің алдын алу мақсатында биыл да нақты іс-шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, 15 тамыз – 15 қыркүйек аралығы «Өрт қауіпсіздігі айлығы» болып жарияланды.

Осы орайда төтенше жағдайлар басқар­масы мамандары полиция басқармасы қызмет­керлерімен, қоғамдық бірлестіктер­дің волон­терлерімен бірлесіп, қала тұрғында­рының ара­сында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті.

– Тұрмысы төмен, көпбалалы, жал­ғызбасты ана және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қамтитын 5245 отбасының үйі араланды. Басқарма қызметкерлері әр үйде пештің жағдайын қарап, қауіпсіздік нұсқаулығын түсіндірді.  Жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған 64 дана табиғи газды анықтайтын құрылғы дәл осы әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне орнатылды. Бұл құрылғылар апатты жағдайды ерте анықтап, талай жанның өмірін сақтап қалуы мүмкін, – дейді Асхат Тоғызбаев.

Қауіпсіздіктің басты кепілі – тұрғындар­дың өз жауапкершілігі. Осыны есте сақтаған жөн. Құзырлы органдар барлық шараны жасайды, алайда әрбір азамат пешін уақытылы тазаламаса, газ жабдығын дұрыс қоспаса, қауіптің алдын алу мүмкін емес.

– Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. «Өрт қауіпсіздігі айлығы» кезінде БАҚ-та барлығы 25 материал жарияланды. Оның ішінде 10 мақала газет беттерінде жарық көрсе, 5 материал телеарналардан көрсетілді. Ал көшелердегі дауыс зорайтқыштар арқылы тұрғындарға 82 рет хабарлама жеткізілді. Сонымен қатар тұрғындардың күнделікті пайдаланатын әлеуметтік желілерінде бейне­роликтер таратылып, қауіпсіздік ережелері кеңінен насихатталуда. Басты мақсат – өрт қауіпсіздігінен сақтау, – дейді Асхат Талантұлы.

Жылу беру маусымы: Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Қауіпсіздік шаралары қарапайым ереже­лерден тұрады. Мамандар қала тұрғындарына мынадай кеңес береді: пеш пен мұржаны жылына кемінде екі рет тазалау қажет. Газ жабдықтарын пайдалану кезінде қадағалауды тоқтатпау керек, электр сымдарын шамадан тыс жүктемеуге тырысу қажет, балаларды пешке жақындатпау, қараусыз қалдырмау қажет, үйде газ анықтайтын құрылғы орнатқан абзал деседі.

Жылыту маусымындағы қауіпсіздік – бір ғана басқарманың емес, барлығымыздың ортақ ісіміз. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, өз өмірімізді де, жақындарымыздың өмірін де қорғай аламыз.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: