Жылу маусымына дайындық мәселесі өзекті. Қазір жергілікті билік алдында жөнделіп жатқан желілер мен нысандарды уақытында аяқтау міндеті тұр. Себебі қыстың қаһарлы суығына шыдап беру үшін жан-жақты дайындық қажет екені белгілі. «Жылу қазандығы жарылды», «мектеп жылымай тұр», «тұрғындар тоңды» деген секілді мәселелер болмас үшін жаздағы күрделі жөндеу жұмыстары тыңғылықты атқарылуы тиіс. Сонымен, қысқа дайындық қалай?
Дайындығы төмен өңірлер бар
Жақында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығы қаралды. Үкімет басшысы дайындығы төмен өңірлер бар екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту керегін атап айтты. Энергетика секторында тозу дәрежесі жоғары болуын ескере отырып, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы әрі сапалы жүргізілуі қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр станцияларын жөндеу мен жаңғырту үшін биылдың өзінде 377 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылдан 15%-ға жоғары. Сондай-ақ Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған. Солтүстік аймақтарда жылыту маусымы басталғанға дейін бір айдан аз уақыт қалды. Алайда бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмай қалу қаупі бар. Мұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді.
Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша өңірлік штабтардың жұмысы мардымсыз болып отыр. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақытылы шешуге болады. Мерзімдерді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Биыл елімізде 323 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу және қайта құруға 129,4 млрд теңге бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржының негізгі бөлігі – 104,2 млрд теңге республикалық бюджеттен, ал 25,2 млрд теңге кәсіпорындардың тарифтік сметасы есебінен бөлінеді.
– Бүгінгі таңда жұмыстың орындалуы 66% құрайды. Әкімдерге басталған жұмысты жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқтауды тапсыруды сұраймыз. Жедел шаралар қабылдау үшін Үкімет резервінен қосымша 47,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жылу көздері мен желілерін салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге жұмсалуда. Атап айтқанда, жылу көздерін салуға – 20 млрд теңге, жылу көздерін жөндеуге және қайта құруға – 8,7 млрд теңге; жылу желілерін жөндеуге – 5,5 млрд теңге, жылу желілері бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларға 13,4 млрд теңге бағытталды, – деді министр Ерлан Ақкенженов.
Мәселе болмауы тиіс
Сыр өңірінде де жылу беру маусымына дайындықты уақытында аяқтау жоспарланған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақтағы жылумен қамту нысандарын жаңғырту үшін биыл 13,5 млрд теңге бөлінген. Мәселен, Қызылорда жылу электр орталығындағы 3 бу қазандығын жаңғырту жұмысын аяқтауға Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге қаралған. Жергілікті бюджет пен кәсіпорын қаржысы есебінен 1 генератор, 1 күштік трансформаторды жаңғырту, 10 бу қазандығы, 21 автономды қазандық жөнделеді. Бу қазандықтары алдағы жылу беру маусымына дайын болады деп жоспарланған. Сондай-ақ 7,4 млрд теңге қаржы есебінен 8,7 шақырым жылу желілері жаңғыртылады. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 42%-дан 40%-ға төмендейді. Айта кетейік, облыс аумағында 1 079 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 6 мектеп, 9 медициналық нысан толық жөнделеді.
Жылу беру маусымында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде апаттық жағдайлар мен ақауларды болдырмау аса маңызды. Яғни, қыс мезгілінде қысылтаяң жағдай болмау үшін тыңғылықты дайындық қажет. Бұл тұрғыда барлық жоба тиісті сапада іске асуы тиіс. Осы мақсатта аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына жиын өткізіп, тапсырмалар жүктеді.
– Алдағы жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Облыста мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту басқармалары, нысандардың толығымен дайын болуын қамтамасыз етіңіздер. Облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету өте маңызды. Коммуналдық кәсіпорын басшылары «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясы, «Қызылорда су жүйесі», «Сыр суы» филиалы, «ҚазақГаз Аймақ», «Интергаз», «Қызылорда газ тарату» мекемелері барлық жүйе мен нысанды 25 қыркүйекке дейін сақадай сай етіңіздер. Жылу беру маусымы кедергісіз, үздіксіз өтуі керек, – деді облыс әкімі.
Қауіпсіздік – басты назарда
Облыста жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрттің алдын алу және газдан улану жағдайларын болдырмау бағытындағы жұмыстар да басталды. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне арнайы датчиктер орнату қолға алынуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбековтің сөзіне сүйенсек, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда.
– Нәтижесінде 82 мыңнан астам үй қамтылып, өрт қауіпсіздігі ережелері мен газ және пеш жабдықтарын пайдалану тәртібі кеңінен түсіндірілді. Әлеуметтік осал топтағы 6825 отбасының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта жергілікті бюджет қаражаты есебінен 484 дана газды анықтайтын арнайы датчик сатып алынды. Алдағы уақытта оларды орнату жұмыстары жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда облыс көлемінде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланып, аулаларды аралау, тұрғындармен кездесулер мен түсіндірме шаралары тұрақты түрде жалғасуда. Алдағы кезеңде де бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болады, – деді Асхат Плалұлы.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!